Тәртіп сақшылары мен төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері қала маңындағы саяжайларды тексеріп, жағдайды бағамдады. Бүгінгі таңда Петропавл қаласының маңайында 15 саяжай қоғамдастығы бар.
№2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің азаматтық қорғау аға сержанты Есболат Смағұловтың айтуынша, тұрғындар саяжайларын қараусыз қалдырады. Жолдары тар, бейберекет өскен ағаштар, шөп басқан аулалар көп. Қала маңындағы барлық саяжайдың тұрқы осындай. Ал бұл төтенше жағдайлар қызметкерлерінің көлігінің өтуіне кедергі келтіреді. Яғни қызыл жалынды уақтылы ауыздықтауға мүмкіндік бермейді.
– Біз шақыртуға бірден шығамыз. Бірақ саяжайларда жол тар, кейбір адамдар саяжай аумағын қоршап тастаған. Оқиға орнына әупірімдеп жеткенімізде тұрғындардың наразылығына тап боламыз. Жыл басынан бері қала маңындағы саяжайларда 58 өрт болды, – дейді қалалық ТЖБ инженері Бекзат Сердалинов.
Мамандар “Ракета” саяжай қоғамдастығының тұрғындарымен әңгімелесіп, сенбілік өткізуге кеңес берді.
Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.