Тайынша ауданындағы “EMS AGRO” компаниясына қарасты шошқа кешенінде төтенше жағдай орын алып, салдарынан төрт адам мерт болды.
Қайғылы оқиға болған жерге өңір басшысы Айдарбек Сапаров барып, жағдайды өз бақылауына алды. Арнайы комиссия құрып, істі егжей-тегжелі тексеру жөнінде тапсырма берді. Қаза болған жұмысшылардың отбасыларына барып, көңіл айтты.
1 тамыз күні түнгі 23:25-тер шамасында аудандық полиция бөліміне хабарлама түскен. Онда Новоивановка елді мекенінде орналасқан шошқа бордақылау кешенінде еңбек ететін төрт жұмысшының ауысым аяқталған соң жұмыс орнынан шықпағаны баяндалған.
Жедел іздестіру шаралары барысында олардың денелері 8 метр тереңдіктегі кәріз құдығының түбінен табылған. Алдын ала анықталғандай, 1966, 1991, 1995, 2000 жылдары туған марқұмдар кәріз құдығын тазалау кезінде уланған. Мәйіттер сот-медициналық сараптамаға жіберілді.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.