«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚОҒАМНЫҢ ДЕРТІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс әкімі Айдарбек Сапаровтың төрағалығымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысы өтті. Комиссия отырысының күн тәртібінде екі мәселе қаралды. Бірінші мәселе бойынша облыстағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаментінің басшысы Сергей Перов баяндама жасады.

Статистикаға сүйенсек, еліміздегі білім беру жүйесі – жемқорлық белең алған саланың бірі. Қозғалған қылмыстық істер саны бойынша үштікке кіреді. Ал бюджет ақшасын жымқыру тұрақты, жүйелі әдістермен жүзеге асырылған. Мәселен, 2020-2022 жылдар аралығында еліміз бойынша 343 факті тіркеліп, 143 адам сотталған. Нәтижесінде мемлекетке келтірілген залал 11 млрд теңгені құрап, соның 5,2 млрд теңгесі өтелген.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаментінің деректері бойынша өңіріміздегі статистика да мәз емес. Мағжан Жұмабаев ауданында әкімдік қызметкерлері ағылшын тілі пәні мұғаліміне 3 млн. 400 мың теңге көлемінде негізсіз қосымша ақша аударған. Ал қазіргі таңда аудандық білім бөлімінің бұрынғы басшысына қатысты тергеу жүргізіліп жатыр.

Өңір басшысы орта және мектепке дейінгі білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау бойынша ауқымды талдау жұмысы жүргізілгенін айтты. Жыл сайын білім саласына бюджеттің үштен бір бөлігі бағытталады. Осы қаражат есебінен еңбекақы төленіп, материалдық-техникалық база жаңартылып, нысандарға жөндеу жұмыстары жүргізілуі тиіс.

– Талдау нәтижесінде 20 сыбайлас жемқорлық тәуекелі анықталып, 34 ұсыныс берілді. Оның 18-ін жергілікті деңгейде шешуге тиіспіз. Ал бюджет қаражатын ұрлау бойынша 5 факті тіркелді. Шығын 87 млн. теңгені құрайды. 20 тамызға дейін мектепке дейінгі мемлекеттік ұйымдар үшін бұлтты бухгалтерлік есеп жүйесін енгізуді тапсырамын. Аудан басшылары және Петропавл қаласы әкімімен бірлесе отырып, 2016-2020 жылдар аралығында жұмыс істеген мұғалімдердің қосымша төлемдерге сәйкестігін тексеру керек. Жұмыс 1 қазанға дейін жүргізілсін. Әкімдер, басқарма басшылары сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың, оның ішінде ведомстволық бағынысты мекемелерде қатаң сақталуын қамтамасыз етсін, – деді Айдарбек Сапаров.

Сонымен қатар отырыста тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және жолаушылар тасымалы саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелін сыртқы талдау нәтижесі бойынша баяндама тыңдалды.

Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp