«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Үш жүздің пірі Марал ишан

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қасиетті Түркістанның төрінде өт­кен Ұлттық құрылтайдың екінші оты­рысында елді елең еткізген бір жаңа­лық жария етілді. Сүйінші хабарды жеткізген Мемлекет басшысы Қа­сым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: “…Әйгілі Марал ишанның Кенесары ханға сыйлаған Құраны табылды. Бұл – еліміздің рухани өміріндегі елеу­лі оқиға. Марал ишан барша қазаққа танымал адам болған. Ол – төл тарихымызда ерекше орны бар Кенесары ханның үзеңгілес серігі. Бұл Құран екі ғасыр бойы қолдан қол­ға өтіп, ақыры шетелге шығарылған екен. Оны жанашыр азаматтардың, меценаттардың көмегімен Қазақ­станға қайтарып алдық. Құранда Ма­рал ишанның және Кенесары хан­ның мөрі бар. Жәдігерге жан-жақты сараптама жасалды. Отандық және шетелдік ғалымдар Құранды мұқият зерттеді. Құранның, расында, Марал ишанға тиесілі болғаны және Кене­сары ханға берілгені анықталды”, – деді.

Бабаларымыз “алтын кездік қап түбінде жатпайды”, – деген сөздерді қа­лай тауып айтқан! Өз заманында елі мен жұртына ғұлама-данышпан, ірі діни қайраткер, бір басына бірне­ше қа­сиет дарыған көріпкел, әулие, сәуе­гей, тарыққанды демеп, зарық­қанды жебеген өз халқының шын жа­нашы­ры ретінде танылған, ақиқатқа бергісіз ғажайып істерімен аты аңыз­ға айналған біртуар тұлға Марал ишан жайлы ел арасына тараған әң­гіме көп десек те, кіндік қаны тамған теріскейде оны елеп, ескеріп жатқан­дар бертінге дейін шамалы болғаны жасырын емес. Оның аты да, ісі де ұзақ жылдар тарих қойнауында тұн­шығып жатты. Кеңес заманында Ма­рал бабаның есімінің ауызға алын­бауын түсінуге де, түсіндіруге де болады: ол патша өкіметінің отарлық саясатына қарсы болған, Кенесары ханды ашық қолдаған жаужүрек жан. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары да бұл өңірде оны ешкім іздей қойған жоқ.

Өзіме келсем, ес біліп, оңым мен солымды тани бастағанда-ақ, оның есімі құлағыма жеткен. Менің туған ауылым Балуан мен әулие бабаның кіндік қаны тамған Нұрымбетті “ауы­лы аралас, қойы қоралас” елді мек­ен­дер деуге келмейді, аралары – 60-70 шақырымдай. Ал Нұрымбетке Қа­рақамыс тиіп тұр. Осы Қарақамыста анамның туған апасы Зүбира тұрды. Жиі болмаса да барып жүруші едік. Сол ауылдың үлкендерінің Нұрым­бетті Марал ишанның ауылы деп оты­ратыны құлағымда қалып қойыпты. “Ол кім?” деп, мән беріп, қазбалама­сам да, содан бері бұл есім бүйре­гімнің бір түкпірінде сақталып келгені анық.

Бертін журналистикаға ден қойып, қаламгерлер қатарына қо­сылғаннан кейін өңірімізде табаны­ның ізі қалған дара тұлғалар туралы сериялы материалдар жазсам деген ой жүрегімді тербей бастады. Жазу үстеліне отырмас бұрын өзім білетін батырлар мен ақын-жырауларды, ірі ғалымдарды түгендеп шықтым. Сон­да ойыма оралғандар: Шоқан Уәли­ханов, Қожаберген жырау, Сегіз сері, Шал ақын, Үкілі Ыбырай, Мағжан Жұ­мабаев, Смағұл Сәдуақасов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов… Марал ишан… Кейіпкерлерімнің бойларын­дағы асыл қасиеттерді оларды бесік болып тербеткен туған жер төсінен іздеуге құрылған сол кітабым 2009 жылы Астанадағы “Фолиант” баспа­сы­нан жарық көрді. Бірақ оған бір қайнауы ішінде жатқан сияқты көрін­ген Марал ишан туралы эссемді ен­гізген жоқпын. Сөздің шыны – нақты деректердің тапшылығынан ба, оның құпиясы көп өміріне терең бойлай алмадым. “Сабақты ине сәтімен” де­ген емес пе, 2011 жылдың күзінде Парламент депутаты ретінде жұмыс сапарымен Сыр өңіріне барғанда көп жайға қанықтым.

Әуежайға табаным тиген сәтте, ойыма Марал баба оралды. “Ол кісі ертеде бір топ ауылдастарын ертіп осы жаққа кетіп, тұрақтап қалыпты. Солардың ұрпағы әлі бір ауыл болып отыр екен”, – деген әңгімені естіп жү­руші едім. Өзімді қарсы алған жас жі­гітке осы әңгіменің шетін шығаруым мұң екен: “Ол кісіні бұл өңірде біл­мейтіндер кемде-кем, ұрпақтары қа­лада да бар, бірақ дені Қармақшы ауданында тұрады”, – деді. Расында да солай болып шықты, бұл өңірде Ма­рал бабаны пір тұтатындардың қатары қалың екен.

Арада екі күн өткен жоқ, әлгі жігітім: “Бүгін Ма­рал бабаның ұрпағы – Тілеуберген Нақыповтың үйіне қо­наққа барамыз”, – деді. Тілекең қап­сағай денелі, қараторы кісі екен. Жасы алпыстың үстіне еркін шыққан-ау деп қалдым. Үйде бізден басқа да қонақтар бар екен, амандық-саулық сұрасқаннан кейін Тілекең оларды таныстыра бастады.

– Төрде отырған ағамыз – Исаға­ли Жұмағұлов. Бұл кісінің есімі Сыр жұртшылығына жақсы таныс, отыз жылдан астам шаруашылық басқар­ды, әлі де еңбектен қол үзген жоқ. Қармақшыда тұрады, – деді. – Ал мына кісі белгілі дәрігер Балтабай Майтанов.

– Біз Ашамайлы Керейдің ішінде Тарышыдан тарай­мыз, ертеде ата­ла­ры­мыз Марал бабаға еріп келіп, осы жақта тұрып қалыпты, – деді Исакең әңгімеге араласып.

– Тікелей ұрпағы болдыңыздар ғой?

– Иә, бір атаның балаларымыз, ал бабаның өз кіндігінен тараған шөпшегі қазір Ақтөбеде тұрады.

– Марал ишанды бұл өңір қатты құрметтейді. Қармақшыда оның атын­да мешіт, көше бар, қорымы да сонда, – деді Бәкең әңгімесін жал­ғастырып.

Ұзақ отырдық, біраз әңгіменің басы қайырылды. Марал ишан тура­лы атадан балаға жалғасқан сырдың ұшы-қиыры жоқ екен. Солардың бәрін көңіліме құйып, қағазға түсіріп алуға тырыстым.

Осыдан кейін тезірек Қармақшы­ға жетуге асықтым. Жолда Қалжан ахун ауылына соқтық. Діни ұғым бойынша, бір өзінде қырық молда­ның білімі бар ірі оқымыстыны ахун деп атайды екен. Қалжан өз зама­нында мешіт салып, пірлік құрған “тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін” уағыз-насихаты арқылы мұсылман­дарға Алла тағаланы, оның бүкіл құдіретін таныта білген ғұлама бо­лып­ты. Бір таңғалғаным, нарықтың дауылы бұл ауылға мүлде соқпаған секілді, бәрі өз орнында, “қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған” заманда­ғыдай, Мәдениет үйі, сауда орталы­ғы сияқты әлеуметтік сала нысанда­ры қалыпты жұмыс істеп тұр екен. Осы жайға назар аударған едім, ауыл ағасы: “Қызылорда әулиелері­мен аты шыққан қасиетті өңір ғой, біздің ауыл да құт қонып, қыдыр да­рыған, имандылық киелі туын тіккен мекен, ісімізді Қалжан ахун сияқты бабаларымыздың рухы нұрланды­рып, шуаққа бөлеп тұрғанына кәміл сенеміз”, – деді. Айтса айтқандай, Қалжан ахунның құдіретіне бұл ауылдың жасы да, кәрісі де бас иеді екен. Ол негізсіз де емес, кеңес за­манында шаш ал десе, бас алатын белсенділер темір жол бойына Қал­жан ахун салдырған мешітті қира­тып, кірпішін алмақ болады, олары­нан ештеңе шықпайды. Әуре-сарсаңға түсіп, ақыры өздері қайғылы жағдайларға ұшырайды. Міне, осы Қалжан ахун Марал ишанды әулие деп, пір тұтып өтіпті.

Исламтанушы, филология ғы­лым­да­рының докторы, профессор Берікбай Сағындықұлының жазуын­ша, (“Түркістан” газеті. – №8 (574), 14.07.2005) “Ишан – ерекше табиғи қасиеттерінің, арқасында бір өзінде қырық ахунның білімі жинақталған, қажет болған жағдайда үлкен-үлкен кереметтер де көрсете алатын, дін жолында әбден кемеліне келген, тө­ңірегіндегілерді ша­рапатты сөзімен де, таңғажайып ісімен де оңай илан­ды­ратын, илаһи (құдайлық) ақиқат­тарға қалтқысыз сендіре алатын киелі, қасиетті адам”. Марал баба­мыздың ұлылығы мен ірілігін осы сөздер-ақ аңғартып тұрған жоқ па?!

Қармақшы топырағына табаны­мыз тигеннен кейін оған деген ілти­патымыз тіпті арта түсті. Марал баба­ның мәңгілік мекеніне осы жерді таңдауы тегін емес сияқты. Қармақ­шы ауданы, шын мәнінде, әулиелер шоғырланған жер екен. Солардың бірі XV ғасырда өмір сүрген Қармақ “Сыр өзеніне жайын қармақ салып, ағайындарын, ай­наласына көшіп келушілерді балықпен асыраған екен. Бірте-бірте халық көбейіп, ақыры әжептәуір елді ме­кенге айналған. Со­нымен, бұл жер сол кісінің есімімен аталып кеткен”. (“Ислам және Марал баба”, Сәден Нұртайұлы. – 13 б.).

Қармақшыға біз қас қарая жеттік те, Марал бабаның басына таңертең баруға ұйғардық. Марал ишанның кесенесі аудан орталығы Жосалы кентінің теріскейінде, жиырма шақырым­дай жердегі жалпақ төбенің ба­сында екен. Ертеде бұл жерді “Қамыр” қорымы, одан кейін “Қырық мешіт” деп атапты. Қазір жергілікті тұрғындар “Марал баба қорымы”, – деп атайтын көрінеді.

Марал баба қорымының шырақ­шысы қайтыс болғанмен, отбасы (әйелі мен келін-баласы) осында отыр екен.

– Бір шаруамен облыс орталы­ғына барып едім, алы­стан қонақ келді деген соң, бәрін тастап қайта оралдым, мен өзім бабаға жиен бо­ламын, – деді апай. – Марал бабаның өзі де, ұрпақтары да осыннан тұрақ тапқан.

Екі бөлмелі кесененің кіре бе­рісіндегі оң босағада жатқан бейітке назар аудардық.

– Бұл Құлжымыр деген бидің бейіті, өзі Марал бабаға туыс болып келеді, – деді апай. – Сол кісінің са­қалы өте ұзын болған екен. Ишанның ерке кенже ұлы Піртаза бірде әлдебіреулердің айдап салуымен Құлжы­мырдың сақалын кесіп алыпты. Бол­ған жайт әкеге жетісімен, ол дереу туысын шақырып алып: “Айып біз­ден, бітісетін, тұратын жеріңізді ай­тыңыз”, – депті. Сонда Құлжымыр: “Піртазаныкі балалық қой, кешірдім, маған ештеңенің керегі жоқ, дүниеден өткен кезде бейітіңіздің кірер аузы­нан, оң қапталдан орын берсеңіз болды, басқа тілегім жоқ”, – депті.

Бүгіндері кесененің басына тәу етіп келгендер алдымен осы кісіге Құран бағыштайды екен. Марал бабамыз туралы зерттеулерді оқи жү­ріп, Піртаза ерке болды дегенді бұ­рын да кездестірген едім. “Нұр” га­зетінің 1998 жылғы 5-санында осын­дай бір оқиға жайында Н.Соңғыбаев былай деп жазады: “Жазғұтырым ке­зең. Жайлауды бет­ке алған Кене­сары ауылы көш түзеп, сүрлеу жолға түсіп келеді. Ол заманда бар дәстүр жау шапты дегенде сойыл көтеруге жарайтын еркек атаулысы көш со­ңында жүріп отырған. Қылтия баста­ған көк шөп, тіршілік тыныс кеңге салғандай әсер береді. Мүлгіген ми далаға әр беріп, әуен беріп, Нау­рызбай зор дауысымен ән салып келе жатады. Жігіттік желөкпелігі басылмаған Піртаза балдыздығына басып, Наурызбайды қамшысымен жосып жіберіп, шауып өте шығады. Ашуға булыққан батыр қынабынан қылышын шығарып, сілтеп үлгереді. Сілтеген қылыш ау­ада қалқып, бала­ға тимей қалады. Көштің ана басы мен мына басына шауып, ойнақтап жүрген ерке баласына Марал ишан: “Піржан-ай, ойыннан өрт шыға жаз­дады ғой, тентек төре басыңды шауып алса қайтер едің? Мы­наны көрмейсің бе?” – деп жеңін көтер­генде, қылыш тиген білегінен қан сорғалай жөнелген екен”.

Төргі бөлмеде Марал баба мен анасы қатар жатыр. Анасы да қасиет дарыған жан болуы керек, қайтарын­да баласына: “Сен де осында келе­сің”, – деген көрінеді. Қырда туып өскен Маралдың мәңгілік мекенін Сыр елінен табуында да тылсым бір сыр жатқаны анық. Сірә да, оны осы өңірге, қалың қазақтың арасына кө­ріпкелдігі, болашақты болжай біле­тіндігі жетелеген шығар-ау.

Бабаға Құран бағышталғаннан кейін оның шығыс жағындағы ойпаң­да тұрған Түрікстандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің үлгісімен салын­ған ғимаратқа келдік. “Бұл – Марал ишанның ұлы Қалқай ишанның кесе­несі”, – деді жол бастаушымыз. Осы арада қасиетті бабамыздың ұрпағы туралы бір-екі ауыз сөз сабақтай кету артық бол­мас. Марал бабаның өзі­нен сегіз ұл өрген. Олардың бәрі де оқыған, небір жақсы қасиеттерді бойларына жиған жандар болыпты. Төр­теуінің ишан атануы да көп жайдан сыр ұқтырса керекті. Десек те со­лардың ішінде Қалқай ишанның орны бөлек екені даусыз. Қалқай ишан тура­лы Сәбит Мұқанов өзінің “Аққан жұлдыз” романын­да: “Күллі ислам дүниесінің, олардың ішінде Бағдатта 25 жыл оқып, 12 пәнді та­мам ғып келіпті”, – деп жаза­ды. Қазақ халқының біртуар ұлы Шоқан Уәли­хановқа қатысты мына бір дерек те оқырманды қызықтыруға тиіс. Сә­бең­нің жазуына қарағанда, Шоқан туғанда Қалқай ишан Шыңғыстың үйінде қонақтап жатса ке­рек. “Әулие, сіз қойып беріңіз, нәрестенің атын”, – деп өтінеді Уәлі тұқымдары… Мұқам­мед пайғамбардың қызы Фатиманы алған күйеуі әрі әскерінің бас қол­басшысы – хазретті Ғали. Оның үш қатынынан он сегіз ұл болған, со­лардың ішіндегі ең батыры Мұқаммед-Қанапия дейтін ұлы екен… Бо­лашақтың Мұхаммед-Қанапиясы бо­лар ма екен деген тілекпен Қалқай ишан Зейнептен туған ұлдың атын Мұқаммед-Қанапия қойды”.

Марал ишан туралы әңгіме қан­ша көп болғанмен, мені “жазба де­рек­тері бар ма екен?” деген ой ма­залай берген. Әр жылдары жазылған қалыңдығы пышақтың қырындай 2-3 кітапқа, негізінен, оның діни жолы арқау болыпты. Осыншама уақыт халық жадында қалған адамның басқа да қасиеттері болғаны анық. Сол әңгімеге ойыспас бұрын, Марал бабаның өмір жолына қатысты кей­бір деректерге назар аударуды жөн көріп отырмын.

Марал бабамыз 1780 жылы қа­зіргі Қостанай облысындағы Обаған өзенінің төңірегінде, Құсмұрын аты­ра­бында, кейін Марал шілігі аталған қоныста дүниеге келген. “Бұл – бүгінгі Аманқарағай орманымен іргелес Қайранкөл жазығы”, – деп жазады. Марал ишан өмірін көп зерттеген қос­танайлық қаламгер Сырлы­бай Бүркіт­байұлы. (“Марал ишанның нұр ша­пағаты”. Қостанай қ. 1998 ж. 3-бет.).

Зерттеушілердің жазуларына қара­ғанда, Марал ишанның әкесі Құрман Абылай ханның ең сенімді адамдарының бірі, емшісі болған, ал ше­шесі қалмақ ханы Қалдан-Цереннің қазақ әйелінен туған, есімі – Фатима. 1741 жылы ақпан айының аяғында Жоңғар әскерлері қазақ жеріне тұт­қиылдан шабуыл жасайды. Нақ осы кез­де Абылай қапылыста қолға тү­седі. Бұл жөнінде Ямышев бекінісінің коменданты Сібір губерниясының кеңесіне жолдаған мәлімдемесінде: “Қалмақтар оларды (қазақ әскерін. – Ж.С.) талқандап, сұлтан Абылайдың өзін қолға түсірді”, – деп хабарлайды. (“Ақиқат”. 1992. №7. 59-б.). Екі жыл­дан астам тұтқында болған Абылай 1743 жылдың қыркүйегінде аман-сау елге оралады. Қалмақ ханы Абылай­ды тұтқыннан босата отырып, оған үлкен сый-сияпат жасайды. Осы жайында Орын­бор комиссиясының өкілдері Иван Лакин мен Мансұр Асанов: “Етегі алтынмен көмкерілген қымбат шатыр, алтын зерлі қамқа тон сияқты асыл бұйымдарды тарту етті”, – деп жазады. (“XV-XVIII ғғ. қа­зақ-орыс қарым-қатынасы”. 243-б.) Қалмақ ханы Абылайға жан да сый­лады дегенді тарихшылар жоққа шы­ғармайды. Сөйтіп, қалмақ тұтқыны­нан оралған Абылай көшіне ілесіп кел­ген екі қыздың біріне өзі үйленеді де, екіншісін емшісі Құрманға қоса­ды. Күндердің күнінде екі әйел де боса­нып, шекесі торсықтай екі ұл өмірге келеді, оның бірі – Қасым да (Кенесарының әкесі, екіншісі – Ма­рал). Сәбит Мұқановтың “Аққан жұлдыз” романында: “Атадан балаға қалған сөздерге қарағанда Марал ишан мен Ке­несары Қасымовтың шешелері туыс, екеуі бөле еді”, – де­ген сөздері де осыны дәлелдейді.

Марал ишан – Ашамайлы Ке­рейден тарайтын Та­наш бидің он бірінші ұрпағы. Ол туралы мәлімет­тер көптеген еңбектерде кездеседі. Мысалы, атақты Балқы жырау “Сұм дүние” деген толғауында:

Мына шолақ дүниеде,

Әулие өлмес дер едім,

Отқа салса күймеген.

Залымдықтың өмірі

Бір шарпуы тимеген,

Арамды көңілі сүймеген.

Дін-мұсылман баласын

Кереметпен билеген.

Сахар тұрып жылаған,

Қатын медет сұраған.

Ол ерлердің тағаты

Құдайына ұнаған.

Баба түкті шашты әзіз,

Ер Сейітпенбет, Мағзаман.

Марал ишан, Соны Әзіз

Солардан да өткен сұм дүние, – дейді.

Әкеден тоғыз жасында жетім қалған Марал ара­да үш-төрт жыл өткеннен кейін білім іздеп, анасы­мен бірге жолға шығады. Қаржының жоқ­тығынан жол азабын тартып, көп қи­налады. Ақыры жаяулап-жалпылап Ақмешіт маңындағы Құланбай ишан­ның ауылына жетеді. Құланбай ишан­ның кісі танитын қасиеті болса керек. Маралдың тегін бала емес екенін іштей сезеді де, оған жабы­сып, айырылмайды. Ақыры қызы Меңлібикеге қосады. Бірақ Марал бұл жер­де тұрақтап қалмай, сапа­рын одан әрі жалғастырып, қазіргі Өзбекстанның аума­ғындағы Жам тауын мекен етіп отырған Жалаңаяқ ишанның алды­на барады. Атақты әулие Маралды екі сөзге келмей оқуға қабылдайды. Кешікпей Марал зеректігімен көзге түсіп, ұстаздың ілтипатына бөленеді. Жалаңаяқ ишаннан он жыл дәріс алған Марал діни шариғатпен бірге дәрігерлік мамандықты да жете меңгереді. Оның атағы халыққа тез тарайды. Туған жеріне оралысымен, ауру-сырқаулар ағылып келе бас­тай­ды. Ауыр халде келгендердің өздері дем салғаннан кейін сырқат­тарынан құлан-таза айығып кетеді. Осылай оның даңқы бүкіл елге жайылып, халық алдындағы беделі өсе түседі.

Осындай заманынан озып туған көзі қарақты, көкірегі сәулелі жан­ның емшілікпен ғана айналысып от­басы-ошақ қасында қалуы, қоғамда болып жатқан құбылыстарға назар аудармауы, араласпауы мүмкін бе еді. Марал бабамыз да елдің жайын ойлады. Күннен күнге күшейіп жат­қан орыс патшасының зорлық-зомбылығы, қазақ жерін отарлау­дағы неше түрлі айла-шарғысы оны да назаландырады. Бұл кез қазақ елін қанаудың нағыз шектен шыққан тұсы еді. Тарихта осындай сұрқия сая­сатты әшкерелейтін деректер же­терлік. Мәселен, 1914 жылы “Айқап” журналының 13-санында жариялан­ған ІІ Екатеринаның қазақ жерін отарлау әкімшілігіне бер­ген құпия нұсқауында “Қырғыз-қазақ халқы­ның ру басшыларын, сұлтандарын бірімен-бірін араз қылып, бірін-бірімен иттей таластырып, бірінің етін бірі жеуге болардай іс қылыңыз” делінген. Бұл патшаның “бөліп ал да билей бер” дегені еді. Соның айға­ғындай, кешікпей 1822 жылы М.М.Сперанскийдің “Сібір қырғыз­дары жарғысы” өмірге келді. Оған сәйкес, сібір қырғыздары облысы үш ішкі және сегіз сыртқы округтерге бөлінді, ол жерлерде белдеулік ка­зак әскерлері құрылып, оларға жер бөлініп берілді. Қазақтың біртуар ұлы Мұстафа Шоқайдың тілімен айтсақ, “орыс солдатының соңынан орыс мұжығының ілесіп отыратын­дығы, сөйтіп жаулап алған жерін орыс жеріне айналдырып жіберуге тырысатындығы” Ресей отаршыл­ды­ғы­ның ерекшелігі еді. Осылай ең құнарлы жерлерді басып алу, жер­гілікті халықты ығыстыру, неше түрлі салықтар салу қазақтың қабырғасы­на қатты батты, халықтың ашу-ыза­сын туғызды. Оның аяғы Орта жүз қазақтарының бас көтеруіне әкеліп соқтырғаны белгілі. Осындай наразылықтың өршуіне Марал Құр­манұлының да қосқан үлесі аз емес. Ол сол кезде-ақ Ресейдің отаршыл­дық саясатының қазақ халқының басына төнген қауіп екенін сезген. “…Россияға қарамаңдар, өздерің бірігіп, оры­стан басқаланып, егін са­лумен айналысыңдар, сендерді егін байлыққа жеткізеді”. (“Дала уалая­ты” газеті, 1899 ж.) деп халық ара­сында үгіт-насихат жұмыстарын жүр­гізеді. “Марал ишан Керей болысы­ның старшинасы Байсалмен бірге Орынбор әскери генерал губернато­ры Эссенің және Сібірдегі әскери бөлімнің бастығы генерал-лейте­нант Капцевичтің атына екі хат жол­даған… Хатын­да Марал баба көп жылдардан бері Ресеймен достық қарым-қатынастың бұзылып, олар қазақтардың шұрайлы жерлеріне кіріп алғанын, ал қазақтардың өз тарапынан орыстардың жеріне ба­руы үлкен жанжал тудыратынын жазады”, (“Қасиетті Марал Ишан”, “Тұмар”, Қызылорда, 2005 ж. – 81-82-б.) кикілжіңнің алдын алу қажет­тігіне назар аударады, император­дың қабылдауына баруға рұқсат алып беруін сұрайды. Марал Құр­манұлының бұл хаттары елеусіз қал­майды, сол кездегі вице-канцлер, граф Нессильрод пен Сібірдің гене­рал-губернаторы Сперанский ақыл­даса келіп, Маралдың Петербургке баруына рұқсат беру туралы ше­шімге келеді. Бірақ Ма­рал патшаның қабылдауына бармайды. Өйткені оның ниетін аңғарған патшаның жандайшаптары басқан ізін аңду­мен болады. Орынбор генерал-гу­бернаторының жүзбасы Жантөре Жиһангеровке Маралды тауып алу­ды тапсыруы, орыс подполковнигі Граматиннің сұлтан Шотай Бақты­гереевке Маралды ұстауды бұйы­руы пат­ша үкіметінің Марал Құрман­ұлын қауіпті адамдардың тізіміне енгізгенін аңғартады.

2011 жылдың жазында Қызыл­жарда Салық Зи­манов, Мәмбет Қойгелді, Бүркіт Аяған, Камал Бұр­қанов сияқты белгілі ғалымдардың, тарихшылар мен ақын-жазушы­лардың қатысуымен “Солтүстік Қа­зақстан: өңір тарихы, тұлғалар тағ­дыры” атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті. Конференцияда тарихшылар осы өңірден шыққан қайраткерлер­дің өмірі туралы соңғы кездегі ізденістерін ортаға салды. Қостанай мемлекеттік педагогика институ­тының профессоры, тарих ғылым­да­рының докторы Еркін Әбіл “Ма­рал ишан: ұлтазаттық қозғалысы­ның идеялық негіздері және сипаты” деп аталатын баяндамасында қа­сиетті бабамыздың руханият әле­мін­де алатын орны зор екенін дә­лелдеп, ұлттық деңгейдегі ұлы тұлға екенін айғақтайтын тың деректер келтірді. Мысалы, жоғарыда біз кел­тірген патша өкілдеріне жолдаған хатында ишан “…орыстардың бар­лығы сіздің қарауыңызда, қазақтар­дың барлығы да біздің қарамағы­мызда”, – деп батыл сөйлейді. Кап­цевичтің рұқсат қағазы Маралдың хатын апарған Орта жүздің старши­насы Байсал Аткелді баласында қалып қойған. Деректер Маралдың жауап келгенше басқа жаққа кетіп қалғанын жеткізеді. Қалай десек те, Маралдың патшаға өтінім білдірсе де, кейін бойын одан аулақ салғаны шындық. Оның себептері көп. Ма­рал ишан туралы “VIII-XIX ғасыр­лардағы (17-1867 ж.) қазақ-орыс қатынастары”, (Алматы, “Ғылым”, 1964-198-б.), В.В. Бартольдтің “Ишан” (шығармалары, 6.т. М., 1970 ж. 679б.), “Бұрынғы Ре­сей импе­риясы аумағындағы ислам” деп ата­латын (РҒА Шығыс әдебиеті, 1999 ж. 40б.) энциклопедиялық сөздікте, басқа да еңбектерде көп деректер келтірілген. Мәселен, Краф мырза қазақтан Марал деген шығып, “Қа­зақты кәпірден құтқаруға шыққан әулиемін” деп, ел арасына әңгіме та­ратқанын жазады. Орыс армиясы­ның тілмашы Захаров оны “орданың шырқын бұзушы”, – деп атайды. “Ол Торғайда өмір сүріп, жеңілтек орта­лықтарды өз жағына тартып, ауы­лынан орыс қашқындарға баспана беріп отыр”, – деп жазады.

Керей руына қарайтын ауылдар­дың ишанның соңынан үдере көш­кені рас еді. Кей дерек көздерінде олардың саны 10 мыңға жеткені айтылады. Марал орыс патшасына қарсы үгітін өрістетіп, жақтастарын мұсылмандар мемлекетін құруға шақырады. Мұның аяғы қарулы қақ­тығыстарға дейін барады. Баһрам ақын Шақшақұлының “Қайғылы белдеу” дастанындағы:

Зеңбіректен келсе де,

Кәпірдің жолы болмаған.

Қанға құмар сұмдардың,

Бұл жылы ісі оңбаған.

Марал ишан ұстазын

Есеней шора қолдаған.

Сарбаз жинап берсін деп,

Бектерге сәлем жолдаған, – деген жолдардан осыны аңғарамыз.

Осы жыр шумақтарын оқи оты­рып, тағы бір тосын жайға тап болға­нымды айтқым келеді. Ол Есеней Есте­месовке қатысты. Кезінде Ға­бит Мүсіреповтің өзі қазақ жеріндегі толқулар кезінде Есеней Естемесов патша әскері жағында болды деп жазған еді. Соны оқығанда, халқына қалай қарсы шықты екен деп ой­лаушы едім. Жоқ, ол Ғабеңнің сая­сатты “іштен шалған” сөзі екен.

Марал ишан туралы жазбалар­да оның қайтқан жылы осы күнге дейін екі түрлі көрсетіліп келеді. Кейбір зерттеушілер ол 1841 жылы қайтыс болды десе, кейбіреулер 1852 жылы өмірден озды дейді. Соңғы тұжырым шындыққа көбірек саятын секілді. Өйткені генерал И.Ф.Бларамберг өзінің күнделік­терінде 1852 жылы әскерлерімен бірге Қосқорған және Қарақұл маңы­на тоқтағанын, Марал ишанмен кездескенін: “Ол маған өте сенімсіз адам ретінде көрінді. Менің жа­нымдағы қазақтар оның алдында құрдай жорғалап, менің оны алып кетуіме көмектеспейтіні белгілі бол­ды. Марал ишан үнемі басына сәлде орап, қолында жылқы құйры­ғының қылынан жасалған үлкен желпіушімен желпініп отырды”, – деп жазады.

Осы мәселеге қатысты 1993 жылы Ақтөбе облысының Әйтеке би ауданына қарайтын Толыбай-Жабасақ бағытында ұйымдастыр­ған экспедицияға қатысушы Қазақ­станға еңбегі сіңген мәдениет қыз­меткері Ырыс­жан Ілиясқызының айтқан ойлары да көкейге қонымды сияқты көрінді. “Кейбір зерттеуші­лердің пайымдауын­ша, Марал ишанның қайтыс болуы 1841 жылы емес, одан біраз кейін деуінде негіз бар сияқты. Аққұмдағы Жуғы ма­ңындағы құлпытастардың жазылған уақыты 1855-60 жылдардан баста­ла­ды. Бұл жерде қорымның пайда болу­ына осы Жуғы негіз болған болар деп топшылауға бола­ды”, – деп жазады ол. Одан әрі зерттеуші “Жуғы” деген сөздің Марал ишанға қатысын таратады. Ел аузындағы әңгімеге қарағанда, Қостанай жақта жүріп қайтыс болған Марал ишан­ның денесін осы жолмен алып жү­ріпті. Алыс жол, жаз айы, күн ыстық, жолда бірнеше рет тоқтап, қара былғарыға оралған әулиенің дене­сін тәрбиелеп, жуып-шаюға тура келеді. Сол жерлерді аяқасты етпеу үшін сыртын орап тастайды. “Сыртқы ордың шеңбері жүз метр­дей. Қазылған ордың тереңдігі мен айналасының қыры әлі бір метрге жуық. Әулиенің Жуғысы маңында XIX ғасырдың екінші жартысынан үлкен қорым өсіпті. Бүгінде тамдар құлап, төмпешіктерге айналып, құ­лпытастар әр жерден қылтиып кө­рініп тұр. Бір кез­де Жуғы маңында қалың бейіттердің қанат жаюына әулиенің Жуғысы негіз болғанға ұқсайды”. (“Қасиетті Марал ишан”, Қызылорда, 2005 ж. –197-б.)

Сөз жоқ, Марал ишан – тарихи тұлға, ислам дінінің ұлы насихат­шысы. Кезінде Бұқара қаласындағы, кейін Ауғанстандағы Мазари Шариф ғылыми орталықтарында білім ал­ған ол ағартушылық қызметпен де көп айналысқан, Қызылорда, Қы­зылжар, Қостанай өңірлерінде бір­неше мешіт пен медіресе ашқан. “Әкеден ұл туса игі, әке жолын қуса игі” деген емес пе, кейін оның жолын балалары жалғастырған.

Ұлы Алла мұнша бақыт қалай берген,

Әр әулие – атқан ақ таң, арай белден.

Ишан боп көп әулеті бабамыздың,

Тараған атақ-даңқы, талай жерден.

Қалқай мен Қалыбайдың, Елібайдың,

Әулиелік қасиеті мол, керім айқын.

Алдажар, Тобағабыл, Үндеместің,

Ишандық құдіретіне куә – ай, күн.

Кең жайған Әмит, Оспан қанаттарын,

Жүнісхан, Сәруар, Ысқақ – талант-дарын!

Сүлеймен мен Мамырбай тірлігінде,

Кәміл білген, бақида абат барын.

Қостанайлық ақын Жолбарыс Баязид өзінің “Дала елінің әулиесі”, – деген көлемді толғауында Марал ишанның ұрпағы жайлы осылай жырлайды. Заманның талай дауы­лына ұрынса да, екі ғасырдан астам уақыт бойы есімі ел есінде сақта­лып, ұмытылмай келе жатқан Марал ишан шын мәнінде әулие адам!

Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ,

Қазақстанның құрметті журналисі.

СУРЕТТЕРДЕ: Марал ишанның Кенеса­ры ханға сыйлаған Құранын Мемле­кеттік кеңесші Е.Қарин Қазақстан мұсылмандары діни басқарма­сы­на табыстауда; Құран кітап.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp