Ұлан ғайыр кең даламыздың үстіне шашырай қонған қалалар мен ауылдарды бір-бірімен шұбап жатқан қара жол байланыстырады. Сол жолдың үстімен күніне мыңдаған көлік ел мен елді қауыштыру үшін тоқтаусыз жүйткиді. Көлік қызметіне көзіміз үйреніп кеткені сонша, “темір тұлпарымыз” жоқ кезде жақын жердің өзін алыс көріп, аяғымызға тұсау салынғандай болатынын несіне жасырайық. Ғылым мен техника ілгері жүрген сайын қарапайым күре жолдан бөлек, көктегі, судағы, қала берді жер асты жолдарының да маңыздылығы артып келеді. Осылайша кез келген жолаушы жүйрік көліктің арқасында жерде желдей жүйткіп, аспанда құстай ұшып, суда балықтай жүзіп әп сәтте мұратына жетеді. Даламыздан шартарапқа тарап жатқан осы жолдар экономикамыздың бүлкілдеген қан тамыры іспетті. Осы “қан тамырының” қалтқысыз жұмысын қамтамасыз етіп келе жатқан мамандарға да елдің құрметі ерекше. Жыл сайын көлік тізгіндегендерді көкке көтеріп, адал еңбегіне алтын бағасын беретін мереке бар. Тамыздың бірінші жексенбісінде тойланатын көлік қызметкерлерінің кәсіби мейрамы тоғыз жолдың торабында жатқан Қызылжарда да аталып өтілді.
Көлік қызметкерлері күніне арналған салтанатты шараны ашқан облыс әкімінің орынбасары Сәтжан Аблалиев залға жиналған көлік қызметкерлерін құттықтап, олардың өңір дамуындағы айрықша орнына тоқталды.
– Сіздерді көлік қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын. Дамыған көлік инфрақұрылымынсыз қоғамның қалыпты өмірін, экономиканың дамуын, ауыл-шаруашылығының өркендеуін елестету қиын. Бүгінде өңірде 125 автобус маршруты жұмыс істейді. Тұрақты жолаушылар тасымалымен елді мекендердің 84 пайызы қамтылған. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізу үшін жұмыстар жалғасады. Маршруттардың 95-і мемлекет тарапынан субсидияланады. Бұл күні “Оңтүстік Орал темір жолының” Петропавл бөлімшесі мен “Қазақстан темір жолының” Ақмола бөлімшесінің жұмысын да атап өту керек. Өткен жылы әуежай сенімгерлік басқаруға беріліп жолаушылар тасымалы 1,5 есеге артты. Кәсібіне адалдығы мен еңбекқорлығы үшін барлық көлік саласы қызметкерлеріне алғыс білдіремін. Осындай мереке күні баршаңызға денсаулық, еңбектеріңізге табыс тілеймін, – деді Сәтжан Аблалиев.
Құттықтаудан кейін Сәтжан Әйтенұлы бірқатар еңбек адамдарына марапаттар табыс етті. Атап айтқанда Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің “Еңбек ардагері” медалімен темір жол инженері Ольга Устинова, “Үздік автокөлікші” төсбелгісімен облысішілік машрут жүргізушісі Игорь Поротников, Амангелді – Петропавл бағытының тасымалдаушысы Бақытжан Садуов, бейінді министрліктің Құрмет грамотасымен темір жол инженері Сергей Евсин, облыс әкімінің Құрмет грамотасымен қалаішілік автобус жүргізушілері Раиль Хайрулин, Валерий Ростов, облыс әкімінің Алғыс хатымен жүргізушілер Дәулет Рамазанов, Жанат Арыстамбаев, көлік жөндеушілер Александр Матков, Сергей Яиц сынды мамандар марапатталды. Жалпы бұл күні жол бойында тер төгіп жүрген 20 еңбек адамына құрмет көрсетілді.
Бұл күні құрметке бөленіп, облыс әкімінің Алғыс хатын иеленгендердің бірі – “Регион” серіктестігінің такси жүргізушісі Анна Эгов. Қайсар келіншек ауыр кәсіптің қиындығына қарамай, қала тұрғындарына қызмет көрсетіп келеді.
– Ең алғаш рет такси көлігіне отырған кезім әлі есімде. Содан бері 10 жылдан астам уақыт бойы жолаушылар тасымалы саласында еңбек етіп келемін. Тұрғындардың көбі рөлде отырған әйелді көрген кезде таңырқап жатады. Жылы лебізін білдіріп, алғыс айтатындар да көп. Өкінішке қарай келеңсіз оқиғаларды да бастан өткердім. Жұмыс кестесі өте тығыз. Осының бәрін бағалап, мерекеге орай құрмет көрсетіп жатқандарыңызға ризамын, – дейді такси жүргізушісі.
Салтанатты сәттен кейін облыстың автобус паркін жаңарту бойынша елдегі “СемАЗ” зауыты мен “Қазтехна”, “Daewoo bus Kazakhstan” серіктестіктерінің өкілдерімен ынтымақтастық меморандумына қол қойылды. Кейін “Облыстық автокөлік одағы” қауымдастығының төрайымы Галина Семенова жолаушылар тасымалы саласында істелген жұмыстарға тоқталып, өңірдегі автобус паркін жаңарту ісі одан әрі жалғасатынын айтты. Шара барысында көлік саласына қатысты мәселелер де сөз болды. Жиналғандар қоғамдық көлікке көп шағым түсетінін, жүргізушілердің жеткіліксіздігі мәселелерін тілге тиек етті. Бұдан кейін мерекелік шара Ақан сері атындағы облыстық филармония ұжымы дайындаған концертке ұласты. Ал ғимарат сыртында автобустар мен “Жедел жәрдем” көліктерінің көрмесі өтті.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Вадим МУДАРИСОВ.