«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Киелі жер, қаны сіңген бабамның

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ауыл… Осы бір төрт әріптен құралған сөздің астарында өзіне магнитше тартқан не ғаламат күш жатыр десеңізші?!  Туған жер десе, көз алдымызға кіндік қанымыз тамған жер, шаңына көміліп, көкорай шалғынына аунап, тай-құлындай тебісіп өскен құрдастар, достар елестейді. Еш уайымсыз өткен балалық, балғын шағымызды қалай ғана ұмытармыз? Небір қызыққа толы еді. Содан болар, есейіп, арман қуып, жырақққа кетсек те, туған жерге деген махаббатымыз өшпек емес.

Қазақ халқының негізгі мекені де, тіршілік көзі де – ауыл.  Кең дүниенің есігін ашып, өмірге шыр етіп келген күннен бастап тағдырымыз онымен етене байланысқан.  Жүсіпбек Аймауытовтың “Қартқожа” романындағы бас кейіпкердің “туған жердің қымбатын ғылым іздеп, шет жайлап, кітап қарап сарылып, көзінің майын тауысқан, көшенің шаңын көп жұтқан шәкірт білмесе, кім білсін?…” деп ақтарылуы туған жердің қадірі-қасиетінен, оған деген перзенттік іңкәрліктен тылсым сыр шертіп тұрғандай. Күнделікті күйбең тіршілік ағымымен уақыттың сынапша қалай сырғып өтіп кеткенін де аңдамай қаламыз. Қол қалт еткенде қалың орманы жайқалған өлкеге жеткенше асығамыз. Менің ауылым жан-жағы ақ қайыңмен көмкерілген теңіздің ортасында тұрған арал секілді. Қыста ақ көрпесін оранып, жазда жапырағы жерге дейін иіліп, күзде сары алтынға малынып бейне бір ертегі еліндей болады да тұрады. Ауылымның аты – Дүйсеке.

Елді мекенді айнала қоршаған әр тоғайдың, көлшіктің өз атауы бар. “Ала сиыр”, “Сұлу ағаш”, “Наурызбай”, “Жалағаш”…. осылай тізбектеліп кете береді. Ал “Уәшке отряды”, “Солдат шоғы”, “Ескі отряд” деген атаулардан кеңестік дәуірдің ызғары сезіліп тұрады.Осылардың ішінде “Көкқой” орманына қатысты шындыққа бергісіз аңыз ел ішінде сақталып қалған. Бір әйел бүлдірген теруге барып, адасып қалады. Әрлі-берлі жанұшыра жүгіріп, әбден сілесі қатқан соң көзіне көк қой елестей береді.  Кейін оны іздеушілер есі ауысқан күйде тауып алады. Содан бұл жерге бірде-бір жан аяқ баспаған деседі. Ол жаққа кездейсоқ бара қалғандардың көзіне әлденелер елестейтін көрінеді. “Ала сиыр” деген орманның топырағы қараала түстес болғандықтан, осылай аталып кеткен.

Ауылдың тарихы тереңде. Кеңес дәуірінде Ворошилов дейтін. Оған дейін осы аумақта Майлы деген қыстау болған. Қара Абыл, Шақа, Дүйсеке елді мекендерінің тіршілігі қыж-қыж қайнап жататын.   Бұл – Уақ Шоға руынан тараған ұрпақтың тұрғылықты атақонысы. Ауылымыздың тумасы, белгілі суырыпсалма айтыс әрі жазба ақын Ерік Асқаров мынадай деректер қалдырыпты: “Шоға Уақтың екі тайпасы Абыл мен Қасаболаттан тарайды. Қасаболат – Батыр Баянның әкесі. Оның ұрпақтары – Баян деп аталатын біртұтас ел, Абыл әулеті үлкен Абыл,  кіші Абыл болып екіге бөлінеді”.

Ерік ағамыз да – Батыр Баянның әулетінен.  Абылай хан ақылдылығы мен батырлығы үшін бағалаған Батыр Баянның туғанына келесі жылы  310 жыл толмақ. Ол 1714 жылы қазіргі бізге көршілес Қарағанды ауылдық округіне қарасты Аралағаш атанған ауылдың топырағында дүниеге келген. Аласапыран заманда жаудан жерін қорғауда көзсіз ерлік көрсеткен бабамызды Үмбетей, Тәтіқара, Шәді төре сияқты жыраулар жырға қосқан, қазақтың ұлы ғалымдары Ш. Уәлиханов, Ә.Марғұлан, ұлы ойшылы Мәшһүр Жүсіп тамсана жазған. Мағжан Жұмабаев “Батыр Баян” поэмасын арнаған. Аудан орталығында бір көше жүрек жұтқан бахадүрдың есімімен аталады. Мектеп-гимназияға есімі берілген, оның алдында мүсіні орнатылған.

1931 жылы ұсақ қазақ елді мекендерін топтастырып, “Ворошилов” ұжымшарының құрамына енгізеді. Өткен ғасырдың 80 жылдары Дүйсеке атауы қайтарылады. Кеңестік заманда қазақ атауының қайта оралуы – өте сирек кездесетін әрі таңқаларлық құбылыс. Маңайымызда Бинаш, Құралай, Ноғайбай секілді қазақ ауылдары бар. Олардың да тарихи аттары тылсым сырға бай. Өткен ғасырдың басында өмір сүрген Биназар қажыны елі ардақ тұтып осылай атап кеткен.  Алыс-жақын шартарапқа атағы жайылған Ноғайбай би туралы  деректер Ресей архивінде сақтаулы.  2000 жылға дейін ауылдың атауы Красное болды. Ақылына көркі сай Құралай сұлу Мырзагелді деген байға ұзатылған. Ол Жиренше шешеннің әйелі Қарашаш секілді өте беделді болғанға ұқсайды. “Құралай Мырзагелдінің мерейін асыра түскен”, – деп еске алады Медет ағайым. Мырзагелді – қазіргі Писаревка ауылының 1906 жылға дейінгі атауы.

Жыл санап қазақ ауылдарының да, оларда тұратын адамдардың саны да азайып келеді. Аралағаш, Өрнекті, Қарашоқ ауылдары тарап кеткелі қашан!? Байшілік, Уақ, Қоскөл құрып кетудің аз-ақ алдында тұр. Мұны жаһанданудың заңды құбылысы десек те, өте өкінішті үрдіс. Қазақ зиялыларының барлығы дерлік ауылдан шыққан, анасының сүтімен бірге ана тіліне уызданып, ауыз әдебиетіне сусындап өскен. Әр белдің, көлдің, жердің тарихын жатқа білген. Қысқаша айтқанда, қазақы болмысты, ұлттық рухты тұла бойларына сіңірген. Кезінде қазақ ұлтын күштеп отырықшы ету үлкен соққы болып тигені рас. Енді елу жылдан соң ауыл атаулы тарих қойнауына еніп, өркениеттің құрбанына айнала ма деген қауіп басым. Оны ойласаң, төбе шашың тік тұрғандай лажсыз күй кешесің. Үміт пен арман адам баласын алға, биікке жетелейді. Сондықтан даладан барша халық қалаға көшсе де, қазақы рухымыз, болмысымыз ешқашан өшпейді деген үміттемін. Лайым солай болғай!

 Бексұлтан БҰХАРОВ.

  Мағжан Жұмабаев ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp