Ел-жер көріп, саяхат жасау әркімге ұнары анық. Еңбек демалысында сапарға шығу көпшіліктің әдетіне айналған. Қыдырудың жолы да көп. Біреулер сапарын туристік агенттіктер арқылы ұйымдастырса, тамыр-таныстарының шақыртуымен жолға шығатындар бар. Жұмыс барысымен қыдыратындар да аз емес. Сондай-ақ темір тұлпарына мініп, дала мен қала кезіп, жиһангез болып жүргендер де баршылық. Солардың бірі – жерлесіміз Қанат Омаров.
Қанат Ырысәкелдіұлы – Тимирязев ауданының тумасы. Жергілікті университетті тарих пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша тамамдап, облыс орталығының бірқатар мектебінде еңбек еткен. Бүгінде – Қызылжар ауданындағы Приишим орта мектебіне директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары әрі тарих пәнінің мұғалімі. Петропавлда тұрса да, ауыл мектебіне барып-келіп жұмыс істейді. Үйреніскен ұжымын қимайды. “LADA” көлігі – сенімді серігі. Көлігінің артқы шынысына еліміздің көк туын жапсырып алып, бірнеше елге барып қайтты. Жолда қалған емес.
Былтыр еңбек демалысына шығып, қолдары босаған Омаровтар жазды қызықты өткізгілері келіп, ойларын ортаға салады. Шетелге шығуды көңілдері қалағанымен, туристік маусым кезінде демалыс орындары мен ұшақтың бағасы шарықтап кететіні айдан анық. Үлкен қызы теледидардан Қара теңіз жағасындағы туризмді айтып қызықтырады. Ойды ой қуалап, саяхатқа өз көліктерімен шығуға бел буады. 2021 жылы сатып алған көлігінің жолда қалдырмайтынына сенімді. Осылайша бірін-бірі қолдаған отбасы туристік сапарға шығады. Алғашқы таңдалған ел – Грузия мемлекеті.
– Зайыбым екеуіміздің ойымыз бір жерден шыққанына қуандым. Балаларымыз кішкентай болғандықтан, оларды ұзақ жолға алып шығуды жөн санамадық. 22 маусым күні таң енді ата бастаған кезде көлікке отырдық. Қостанай арқылы Ресейдің шекарасына өттік, әрі қарайғы бағыт – Грузия елі. Әкем марқұм Болгарияда әскери борышын өтеген кезде, соның маңын әдемі әңгімелейтін еді. Әкемнің естеліктері еліктірді, – дейді жиһанкез Қанат.
Таңның атысынан, түннің біруағына дейін батысқа қарай зулайды. Қостанай, Челябі, Уфа, Самара, Саратов, Сызрень, Волгоград – бірінен соң бірі артта қалып жатқан қалалар. Волгоград қаласындағы әйгілі “Отан-Ана” ескерткішіне соқпау мүмкін емес.
– Анадайдан мұндалап тұрған ескерткіш басына барып, екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқандарға тағзым ету де көңілге қуаныш ұялатты. Волгоград өте үлкен қала екен. Бір шетінен екінші шетіне дейін 142 шақырым қаланы екі сағатта әрең жүріп өттік, – дейді Қанат Ырысәкелдіұлы.
Кең дала, тылсым табиғат, бейтаныс адамдарды көріп, ерекше бір сезімге бөленгендерін жасырмайды. Жеке көлікпен саяхаттаудың ұтымды жақтарының бірі осы. Межелі Грузия еліне жетіп, онда бірнеше қаланы аралапты. Минералды судың атасы “Боржомиді” бұлғанынан ішіп, Қара теңіздің жағасына барып, шомылған. Жол бойында тамақтану, жататын орын табу еш қиындық тудырмады дейді. Азық-түліктің бағасы да қымбат емес екен.
– Боржомийде екі түнге коттедж жалдаған кезде, біздің ақшамен 22 мың теңге ғана шықты. Сырттан келгеніміз білініп тұрса да, қымбаттатқан жоқ. Қазақтарды сыйлайтын ел екен. Жылы шырай танытты, – дейді жиһангез.
Басында ойы Грузия елін аралап, кері қайту болатын. Бірақ жоспарлары аяқ астынан өзгереді. Жергілікті полицейлерден Түркияға өтуге болатынын естіп, ол елді көруге де көңілдері ауады. Онда төрт қалада мейман болған.
Зайыбы Әсел ағылшын тілінің маманы болғандықтан шетелдіктермен түсінісу қиындық тудырмаған. Одан қалды грузиндермен орысша сөйлесіп, түріктермен қазақ тілінде ұғыныса алған. Түрік бауырлар туристердің ұстаздар қатарынан екенін естіп, қызметтеріне жеңілдік те жасапты.
Қанат Ырысәкелдіұлы былтырғы саяхат кезінде екі рет аздап қобалжығанын айтады. Грузия еліне кірерде әскери аймаққа өтіп кеткендері және Түркияның Архавиль қаласы маңында таудан тас құлап, жол тазартылғанша екі күн бөгеліп қалғандары. Ал таулы жолдармен жүру мен жанармайдың қымбаттығы сияқты жолай қиындықтарды олар алдынала білген.
Көлікпен ұзақ жол жүру оңай емес. Дегенмен отбасылық бюжеттен шамалап қаржы жұмсап, екі мемлекеттің топырағына табан тіреу, қызығушылық оятары анық. Мәселен, былтыр Грузияға ұшып-барып келу үшін бір адамға 120 мың теңге қажет болды. Оны үшке көбейтсеңіз, қомақты қаржы шығады. Жеңіл көлікпен барып-келгенде жанармайға 110 мың теңге жұмсаған.
Алғашқы сапарлары көңілден шыққан Омаровтар отбасы биыл еліміздің шығысы мен оңтүстігін аралады. Былтыр Грузиядан келе жатқан кезде еліміздің батыс бөлігінің біраз тарихи жерлеріне соққан. Осы жылы саяхатты Семей және Өскемен өңірлерінен бастап, Жамбыл, Алматы, Тараз, Түркістан облыстарына дейін жеткен. Еңбек демалысы қызықты болды. Сөз жоқ, олар барған Қожа Ахмет Яссауи, Айша бибі, Арыстан баб кесенелері, Алтай мен Алатаудың бөктерлері, Шарын каньоны, Көлсай шатқалы сияқты нысандар – туристер қызыға көз тігетін жерлер.
– Елімізде де тамсанатын жерлер аз емес. Қазақстанның барлық өлкесінде болдым. Байтақ даламыздың сұлулығымен мақтанамын. Ел мақтаған шетелдің кейбір жерлері біздің аумақтағы ғажайыптармен салыстыруға да келмейді, – дейді Қайрат Омаров.
Арман таусылмайды. Қанат Ырысәкелдіұлының ендігі мақсаты – Еуропаны бағындыру. Украина жеріндегі соғысқа байланысты жекеменшік көлікпен ол жаққа өту қиын екен. Жағдай дұрысталса, келер жылы жолға шықпақшы. Жиһангезге, әсіресе Германия мен Франция мемлекеттері қызық.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.