Облыстық полиция департаментінің мамандары қаупі көп қауырт қызметтен қолы қалт еткенде білгендерін жастарға үйретіп, жаттығулар өткізуге де уақыт тауып жүр. Департаменттің арнайы және жұмылдыру дайындығы басқармасының инспекторы, полиция аға лейтенанты Марлен Баранбаев қызмет барысында жедел уәкілдерді, тергеушілер мен криминалистерді қоян-қолтық ұрысқа үйретсе, жұмыстан бос уақытында балалар секциясында жаттығулар жүргізеді.
Аталған бөлімшеде бір жарым жылдан астам уақыт бойы еңбек етіп келе жатқан аға лейтенант спортпен шұғылданады. Бүгінде кикбоксингтен спорт шеберіне үміткер. Жаттықтырушының алғашқы мамандығы – дене шынықтыру және спорт пәнінің оқытушысы.
– Бос уақытымда “Сұңқар” аралас жекпек-жек федерациясында балаларды жаттықтырамын. Оған алты және одан жоғары жастағылар қатысады. Жаттығу “Жас Динамо” жобасы аясында тегін жүргізіледі. Жаттығуларда балалардың бойына өжеттілік, төзімділік, еңбекқорлық сияқты қасиеттерді сіңіруге тырысамын. Өзім жоғары санатты жаттықтырушы дәрежесіне иемін. Мен балаларды төбелеске емес, өзін-өзі қорғауға, қашан да сүйікті ісімен айналысуға баулығым келеді, – дейді 34 жастағы Марлен Баранбаев.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.