Облыс орталығындағы “Qyzyljar” арт орталығы тұрғындарды тағы бір тамаша шарамен қуантты. Түрлі көрмелер мен қолөнер бұйымдарының жәрмеңкелері жиі өтетін орында қаладағы кесте тігу шеберлерінің бұйымдары қойылған. Жібектей нәзік ақ жіптен дөңгелетіп тігілген 50 кесте біріге келіп үлкен фотозона жасап тұр. Мұндағы 50 бұйымның әрқайсысы өзінше ерекше, бір-бірін қайталамайды. Сонысына қарамастан бәрі біріге келіп үйлесімді көрініс сыйлайды. Ақ кестелердің маңын безендірген ақ қайыңдар да қолөнер шеберлерінің тұрғындарға деген ізгі ниетін білдіріп тұрғандай. Жалпы мұндағы бұйымдарды дайындауға қаладағы 18 шебер атсалысқан. Олар бұл жұмыстарын қала тұрғындарына тарту ретінде ұсынған.
– Бұл – біздің алғашқы жобамыз. Қасыма түрлі салада еңбек етіп жүргенімен тоқыма өнерін ермек еткен 17 адамды жинап, олардың жұмысын үйлестірдім. Барлық жұмысты ақ жіптен тоқыдық. Адамның өмірі кесте сияқты. Әр адам өмірінің өрнегін өзі салады, – дейді жоба жетекшісі Галина Гусакова.
Орталықтағы кестелер топтамасының маңында естелік суретке түсіп жатқан жандар да өте көп. Қолөнер шеберлері егер бұл салаға бейімі бар тұрғындар болса, білгенін үйретіп, қатарларына қосуға дайын.
Аманжол ЗАҒЫПАР,
“Soltüstık Qazaqstan”.