Солтүстіктің киелі топырағында толғатқан алтын құрсақты аяулы аналарымыз өмірге талай тау тұлғалы ұлдарды әкелді. Қазақ әдебиетінің көшіне дара жаңалығы, бай мұрасымен қосылған поэзияның жарық жұлдызы Мағжан, сөз зергерлері Ғабит, Сәбит, Сафуан, қара өлеңнің жезкиігі Кәкімбек – есімдерін елі ардақтаған алыптар шоғыр. Демек “су басынан тұнса, аяғындағы ағайын да тұнығынан шөлін қандырар”, – дегендей алдыңғы толқынның ізбасарлары үздіксіз бірінен кейін бірі туары заңдылық. Алтынның сынығы бәрібір алтын болады. Жерлесіміз “Ерке есілдің Ерігіне” айналған Ерік Асқаров ағамыздың асыл бейнесі де ел есінде. Жаза да, айта да білетін қабілетімен талайды таңқалдырғаны даусыз. Ұлтымыздың төл өнері – айтыстар атына қамшы салдырмай, аламан доданың алдынан көріне білді. Өлең жазса өріп жазатын, қолына домбырасын алса төгіп айтатындардың алдыңғы сапында болған еді. “Ұлтым” деген ұл туса ұлықтайтын, есімдерін ұмытпайтын ұрпақты тәрбиелеген ел екендігіміз белгілі. Осыдан бес жыл бұрын Қызылжар қаласында Ерік Асқаров атындағы облыстық жас ақындар мектебі өз жұмысын бастады. Оған Ерік ағасының салған сүрлеуімен сүрінбей келе жатқан, өңіріміздің айтыс өнерінің дамуына өз үлесін қосып жүрген Жарқын Жұпархан жетекшілік етеді. Жарқын студент кезінен облыстық айтыстардан бастап, республикалық жыр додаларында ел намысын қорғап, өңіріміздегі әдеби ортаға танылып үлгергенді. Облыстық халық шығармашылығы орталығында бас маман болып жүргенде-ақ көптеген рухани іс-шаралардың өткізілуінің басы-қасында жүріп, өлеңге, айтысқа жақын өңір жастарының басын қосуды ойластырған екен. Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды драма театрының сол кездегі режиссері Батырбек Шәмбетовті жас ақындардың сахналық шеберлігін шыңдауға, дәстүрлі әнші Амангелді Рамазановты айтыскерлеріміздің мақамын дамытуға, журналист Фархат Тастанбековті шешендік өнерден тәлім беруге, мені жазба ақындық бағытты дамытуға шақырған болатын. Мектеп жұмысын бастасымен өңіріміздегі ауыл, аудан, қала мектептеріндегі дарынды оқушылар мен қаламыздың жоғары оқу орындарында білім алып жүрген өлеңге әуес, өнерге бейім студент ұл-қыздардың шығармашылық ортада бірігуіне жағдай жасалды. Облыстық білім басқармасының көмегімен өңіріміздегі барлық аудандарды аралап, ауыл мектептерінде оқып жүрген, өлеңге қабілеті бар оқушыларды іріктеуден өткізіп, қаламыздағы Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатына орналастырып, мектебіміздегі жас ақындар қатарын көбейттік. Бұл жас ақындар арасындағы әдеби ортаның қалыптасуына әсер етті.
Өңіріміздегі рухани іс-шараларға Ерік Асқаров атындағы облыстық жас ақындар мектебінің жас дарындары тұрақты қатысып, қабілет-қарымдарын дамытты. Әлеуметтік желіде Ерік Асқаров атындағы облыстық жас ақындар мектебінің арнайы парақшасы ашылып, барлық атқарылған жұмыстардың жаңалықтары мен жас ақындардың байқаулардағы жетістіктері, өлеңдері тұрақты түрде жарияланып, оқырмандардың жиі назарында болды. Облыстық “Soltüstık Qazaqstan” газетімен, “Qyzyljar” телеарнасымен байланыс орнатылды, бұл өткізілген іс-шаралар мен ұйымдастырылған айтыстардың насихатталуына жол ашты.
Облыстық халық шығармашылығын дамыту орталығының қолдауымен, Е.Асқаров атындағы облыстық ақындар орталығының ұйымдастыруымен тәуелсіздік мерекесіне орайластырылған “Тәуелсіздік – тұғырым” атты облыстық жас ақындар мүшәйрасы өткізілді. Аталмыш байқауға қолдау білдірген танымал кәсіпкер, қазақ руханиятының жанашыры Жомарт Омаров, облыстық халық шығармашылығын дамыту орталығының директоры Жанболат Мұқанов, қалалық мәдениет үйінің директоры Асқар Жәменов ағаларымыз еді. Алматы қаласында ұйымдастырылған студент жастар арасындағы республикалық “Менің пірім – Сүйінбай!” атты айтыстың іріктеуінде 60 ақыннан оқ бойы озып, сыннан сүрінбей өткен 20 ақының ішіне енген шәкіртіміз Мақсат Серік “Салмақты ақын!” атты арнайы жүлдені жеңіп алды. Облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен, облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасының ұйымдастыруымен ақын, аудармашы, драматург Ерік Асқаровтың 60 жылдық мерейтойына арналған “Елдің еркесі Ерік” атты аймақаралық жастар мүшәйрасы өткізілді. Мүшайраға Павлодар, Қарағанды, Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарынан алдын ала іріктеуден өткен 12 жас ақын қатысты. Сайыста Ерік Асқаров атындағы облыстық ақындар мектебінің шәкірті Жарқанат Хинаухан жүлделі екінші орынды жеңіп алды.
Қызылжар қаласында Ерік Асқаровтың туғанына 60 жыл толуына орай өткен “Қайың де мені, көшпейтін туған өлкемнен” атты республикалық ақындар айтысының жоғары деңгейде өтуіне мектебіміздің ұжымы атсалысты.
Сонымен қатар облыс әкімінің қолдауымен Ерік Асқаров атындағы облыстық жас ақындар мектебіне қаламыздағы Оқушылар сарайынан арнайы кабинет берілді. Тұсаукесеріне “Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің xалықаралық одағының” басқарма төрағасы Жүрсін Ерман бастаған ел ағалары арнайы келді. Тұсаукесер рәсімінде сөз алған Жүрсін ағамыз бастамаға жоғары бағасын беріп, сөз соңында жас ақындарымызға шығармашылық табыс тіледі.
Облыстық тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен Айыртау ауданында Қазақстан халқы тілдерінің ХХІ облыстық фестивалі аясында “Ауыл – ел бесігі” атты жас ақындар айтысы өтті. Аталмыш айтыста Ерік Асқаров атындағы облыстық ақындар орталығы мен Көкен Шәкейұлы атындағы Көкшетау ақындар мектебінің шәкірттері өзара бақ сынасты. Айтыс нәтижесі бойынша Диас Аяған (Ерік Асқаров атындағы облыстық жас ақындар мектебі, Қызылжар.қ) бас жүлде, Сая Тұрсынбек (Көкен Шәкейұлы атындағы Көкшетау ақындар мектебі) 1 орын, Абзал Жұмабек (Көкен Шәкейұлы атындағы Көкшетау ақындар мектебі) 2 орын, Дәулет Құрмаш (Ерік Асқаров атындағы облыстық жас ақындар мектебі) 3 орын иеленді.
Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай студенттер мен оқушылар арасында өткізілген облыстық “Қызылжар – қырандар мекені” атты байқауда шәкіртіміз Айнұр Тілегенова жүзден жүйрік атанып, 1 орынды жеңіп алды. Дәл осы күні оқушылар арасындағы алтыншы республикалық “Ақберен” өнер байқауында Назерке Құдабай жүлделі үшінші орынға ие болды.
Астанада өткізілген Фариза Оңғарсынованың 80 жылдығына арналған “Мен жалындап өтемін” атты республикалық байқауда Алмагүл Тастанова 1 орынды жеңіп алды. Жыр байқауында еліміздің әр өңірінен 200-ге жуық үміткер қатысқан еді.
Осы жылдары Ерік Асқаров атындағы облыстық жас ақындар мектебінің шәкірттері жыр-мүшәй-ралар мен айтыстарда, облыстық, республикалық, халықаралық байқауларда жүлдені бірінен соң бірі жеңіп алып жүрді. Атап айтсақ Ермек Жумин, Диас Аяған, Дәулет Құрмаш, Жарқанат Қинаухан, Назерке Құдабай, Мирасбек Асан, Ақтілек Қайымхан, Алмагүл Тастанова, Айнұр Тілеген, сынды шәкірттер биік белестерді бағындырып жүргені белгілі. Арасынан ерекше көзге түскен Диас Аяған, Дәулет Құрмаш Мәдениет саласы қызметкерлері күніне арналған мерекелік кеште Қазақстан Республикасының жастар және отбасы істері комитетінің Алғыс xатымен марапатталды.
Облыстық мәдениет басқармасы шығармашыл ұжымның еңбегін жоғары бағалап, жас ақындарымызға домбыра сыйлап, айтыс киімдерін тіктіріп берді. Ерік Асқаров атындағы облыстық жас ақындар мектебінің бүгіндері Қызылжар ауданы Бәйтерек ауылындағы мектепте филиалы ашылып, мектеп оқушыларының айтыстарын үздіксіз ұйымдастырып келеді. Ерік Асқаров атындағы облыстық жас ақындар мектебінің бес жылдық мерейтойын рухани іс-шаралар ұйымдастыру арқылы атап өту жоспарланып отыр. Жаңа оқу жылы басталысымен тағы да жас дарындар іріктеледі. “Толқынды толқып қуар, толқыннан толқын туар”, демекші жас дарындарды қолдау басты ұстаным болып қалуы тиіс.
Аманжол ЗАҒЫПАР,
“Soltüstık Qazaqstan”.