«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Толқыннан толқын туар

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Солтүстіктің киелі топырағында толғатқан алтын құрсақты аяулы ана­ларымыз өмірге талай тау тұлғалы ұл­дарды әкелді. Қазақ әдебиетінің көшіне дара жа­ңалығы, бай мұрасы­мен қосылған поэ­зияның жарық жұл­дызы Мағжан, сөз зергерлері Ғабит, Сәбит, Сафуан, қара өлеңнің жезкиігі Кәкімбек – есімдерін елі ардақта­ған алыптар шоғыр. Демек “су ба­сынан тұнса, аяғындағы ағайын да тұны­ғынан шөлін қандырар”, – деген­дей алдыңғы толқынның ізбасарла­ры үздіксіз бірінен кейін бірі туары заңдылық. Алтынның сынығы бәрібір алтын болады. Жерлесіміз “Ерке есілдің Ерігіне” айналған Ерік Асқа­ров ағамыздың асыл бей­несі де ел есінде. Жаза да, айта да бі­ле­тін қа­білетімен талайды таңқалдыр­ғаны даусыз. Ұлтымыздың төл өнері – айтыстар аты­на қамшы салдырмай, аламан дода­ның алдынан көріне білді. Өлең жазса өріп жазатын, қолына домбырасын алса төгіп айта­тындардың ал­дыңғы сапында болған еді. “Ұл­тым” деген ұл туса ұлықтайтын, есім­дерін ұмытпайтын ұрпақты тәрбие­леген ел екендігіміз белгілі. Осыдан бес жыл бұрын Қызылжар қаласын­да Ерік Асқаров атындағы облыстық жас ақындар мектебі өз жұмысын бастады. Оған Ерік ағасының салған сүрлеуімен сүрінбей келе жатқан, өңіріміздің айтыс өнерінің дамуына өз үлесін қо­сып жүрген Жарқын Жұ­пархан же­текшілік етеді. Жарқын студент кезінен об­лыстық айтыстардан бас­тап, респуб­ликалық жыр додала­рында ел намысын қорғап, өңіріміз­дегі әдеби ортаға та­нылып үлгергенді. Облыстық халық шығармашылығы орталығында бас маман болып жүргенде-ақ көптеген рухани іс-шара­лардың өткізілуінің ба­сы-қасында жүріп, өлеңге, айтысқа жақын өңір жастарының басын қо­суды ойлас­тырған екен. Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды драма теат­рының сол кездегі режиссері Батырбек Шәмбетовті жас ақын­дардың сахналық шеберлігін шың­дауға, дәстүрлі әнші Амангелді Рамаза­новты айтыскерлеріміздің ма­қамын дамытуға, журналист Фархат Тастанбековті шешендік өнерден тәлім беруге, мені жазба ақындық бағытты дамытуға шақырған болатын. Мектеп жұмысын бас­та­сымен өңірі­міздегі ауыл, аудан, қала мектепте­ріндегі дарынды оқу­шылар мен қа­ламыздың жоғары оқу орындарында білім алып жүрген өлеңге әуес, өнерге бейім студент ұл-қыздардың шығармашылық орта­да бірігуіне жағдай жасалды. Облыс­тық білім басқармасының көмегімен өңіріміздегі барлық аудандарды аралап, ауыл мектептерінде оқып жүрген, өлеңге қабілеті бар оқу­шыларды іріктеуден өткізіп, қаламыздағы Әбу Досмұ­хамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға маман­данды­рылған гимназия-интернатына орналасты­рып, мектебіміздегі жас ақындар қатарын көбейттік. Бұл жас ақын­дар арасындағы әдеби ортаның қа­лып­та­суына әсер етті.

Өңіріміздегі рухани іс-шараларға Ерік Асқаров атындағы облыстық жас ақындар мектебінің жас дарын­дары тұрақты қатысып, қабілет-қарымдарын дамытты. Әлеуметтік же­ліде Ерік Асқаров атындағы облыстық жас ақындар мектебінің арнайы парақшасы ашылып, барлық атқарылған жұмыстардың жаңалықтары мен жас ақындардың байқаулардағы жетістіктері, өлеңдері тұрақты түрде жарияланып, оқырмандардың жиі назарында болды. Облыстық “Sol­tüstık Qazaqstan” газетімен, “Qyzyljar” телеарнасымен байланыс орнатыл­ды, бұл өткізілген іс-шаралар мен ұйымдастырылған айтыстардың наси­хат­талуына жол ашты.

Облыстық халық шығармашы­лығын дамыту орталығының қолдауы­мен, Е.Асқаров атындағы об­лыс­тық ақындар орталығының ұйым­­дастыруымен тәуелсіздік мерекесіне орайластырылған “Тәуелсіздік – тұғырым” атты облыстық жас ақындар мүшәйрасы өткізілді. Атал­мыш байқауға қолдау білдірген танымал кәсіпкер, қазақ рухания­тының жанашыры Жо­март Омаров, облыстық халық шы­ғармашылығын дамыту ор­та­лығы­ның директоры Жанболат Мұқа­нов, қалалық мәде­ниет үйінің директоры Асқар Жәме­нов ағалары­мыз еді. Алматы қала­сында ұйым­дастырылған студент жастар арасындағы респуб­ликалық “Менің пірім – Сүйінбай!” атты айтыстың іріктеуін­де 60 ақын­нан оқ бойы озып, сыннан сүрін­бей өткен 20 ақының ішіне енген шәкір­тіміз Мақсат Серік “Салмақты ақын!” атты арнайы жүлдені жеңіп алды. Облыс­тық мәдениет басқар­масының қол­дауымен, облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасының ұйымдастыруымен ақын, аударма­шы, драматург Ерік Асқа­ровтың 60 жылдық мерейтойына арналған “Ел­дің еркесі Ерік” атты аймақара­лық жастар мүшәйрасы өткізілді. Мүшай­раға Павлодар, Қа­ра­ғанды, Ақмола, Қостанай және Сол­түстік Қазақстан облыстарынан алдын ала іріктеуден өткен 12 жас ақын қатысты. Сайыста Ерік Асқаров атындағы облыстық ақындар мекте­бінің шәкірті Жарқа­нат Хинаухан жүлделі екінші орынды жеңіп алды.

Қызылжар қаласында Ерік Ас­қаровтың туғанына 60 жыл толуына орай өткен “Қайың де мені, көшпейтін туған өлкемнен” атты республика­лық ақындар айтысының жоғары деңгейде өтуіне мектебіміздің ұжы­мы атсалысты.

Сонымен қатар облыс әкімінің қолдауымен Ерік Асқаров атындағы облыстық жас ақындар мектебіне қаламыздағы Оқушылар сарайынан арнайы кабинет берілді. Тұсаукесе­рі­не “Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің xалықаралық одағы­ның” басқарма төрағасы Жүрсін Ер­ман бастаған ел ағала­ры арнайы келді. Тұсаукесер рәсі­мінде сөз алған Жүрсін ағамыз бастамаға жо­ғары бағасын беріп, сөз соңында жас ақындарымызға шығармашылық та­быс тіледі.

Облыстық тілдерді дамыту бас­қармасының ұйымдастыруымен Айыртау ауданында Қазақстан хал­қы тілдерінің ХХІ облыстық фестива­лі аясында “Ауыл – ел бесігі” атты жас ақындар айтысы өтті. Аталмыш айтыста Ерік Асқаров атындағы об­лыстық ақындар орталығы мен Көкен Шәкейұлы атындағы Көкшетау ақындар мектебінің шәкірттері өзара бақ сынасты. Айтыс нәтижесі бойын­ша Диас Аяған (Ерік Асқаров атын­дағы облыстық жас ақындар мектебі, Қызылжар.қ) бас жүлде, Сая Тұр­сынбек (Көкен Шәкейұлы атындағы Көкшетау ақындар мектебі) 1 орын, Абзал Жұмабек (Көкен Шәкейұлы атындағы Көкшетау ақындар мекте­бі) 2 орын, Дәулет Құрмаш (Ерік Ас­қаров атындағы облыстық жас ақын­дар мектебі) 3 орын иеленді.

Абай Құнанбаевтың 175 жылдығы­на орай студенттер мен оқушылар арасында өткізілген облыстық “Қы­зылжар – қырандар мекені” атты бай­қауда шәкіртіміз Айнұр Тілегенова жүз­ден жүйрік атанып, 1 орынды же­ңіп алды. Дәл осы күні оқушылар арасындағы алтыншы республи­калық “Ақберен” өнер байқауында Назерке Құдабай жүлделі үшінші орынға ие болды.

Астанада өткізілген Фариза Оң­ғарсынованың 80 жылдығына арнал­ған “Мен жалындап өтемін” атты рес­публикалық бай­қауда Алмагүл Тас­танова 1 орынды жеңіп алды. Жыр байқауында елі­міздің әр өңірінен 200-ге жуық үміткер қатысқан еді.

Осы жылдары Ерік Асқаров атын­дағы облыстық жас ақындар мектебінің шәкірттері жыр-мүшәй-ралар мен айтыстарда, облыстық, республикалық, халықаралық бай­қауларда жүлдені бірінен соң бірі жеңіп алып жүрді. Атап айтсақ Ермек Жу­мин, Диас Аяған, Дәулет Құр­маш, Жарқанат Қинаухан, Назерке Құда­бай, Мирасбек Асан, Ақтілек Қайым­хан, Алмагүл Тастанова, Ай­нұр Тіле­ген, сынды шәкірттер биік белестерді бағындырып жүргені белгілі. Арасы­нан ерекше көзге түскен Диас Аяған, Дәулет Құрмаш Мәдениет саласы қызметкерлері күніне арналған ме­рекелік кеште Қазақстан Республикасының жастар және отбасы істері комитетінің Алғыс xатымен мара­патталды.

Облыстық мәдениет басқармасы шығармашыл ұжымның еңбегін жо­ғары бағалап, жас ақындарымызға домбыра сыйлап, айтыс киімдерін тіктіріп берді. Ерік Асқаров атындағы облыстық жас ақындар мектебінің бүгіндері Қызылжар ауданы Бәйте­рек ауылындағы мектепте филиалы ашылып, мектеп оқушыларының айтыстарын үздіксіз ұйымдастырып келеді. Ерік Асқаров атындағы об­лыстық жас ақындар мектебінің бес жылдық мерейтойын рухани іс-шаралар ұйымдастыру арқылы атап өту жос­парланып отыр. Жаңа оқу жылы бас­талысымен тағы да жас дарындар іріктеледі. “Толқынды тол­қып қуар, толқыннан толқын туар”, демекші жас дарындарды қолдау басты ұстаным болып қалуы тиіс.

Аманжол ЗАҒЫПАР,

 “Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp