«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“Темір тұлпармен” Түркияға дейін барды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ел-жер көріп, саяхат жа­сау әркімге ұнары анық. Еңбек де­малысында сапарға шығу көпшіліктің әдетіне айналған. Қыдырудың жолы да көп. Біреулер сапарын туристік агенттіктер арқылы ұйымдас­тырса, тамыр-таныстарының шақыртуымен жолға шығатындар бар. Жұмыс барысымен қыдыратындар да аз емес. Сондай-ақ темір тұлпа­рына мініп, дала мен қала кезіп, жиһангез болып жүргендер де баршылық. Солардың бірі – жерлесіміз Қанат Омаров.

Қанат Ырысәкелдіұлы – Тимиря­зев ауданының тумасы. Жергілікті университетті тарих пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша тамамдап, об­лыс орталығы­ның бірқатар мектебін­де еңбек еткен. Бүгінде – Қызылжар ауданындағы Приишим орта мектебі­не директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары әрі тарих пәнінің мұ­ға­лімі. Петропавлда тұрса да,  ауыл мектебіне барып-келіп жұмыс істейді. Үйреніскен ұжымын қимайды. “LADA” көлігі – сенімді серігі. Көлігінің артқы шыны­сына еліміздің көк туын жапсырып алып, бірнеше елге барып қайтты. Жолда қалған емес.

Былтыр еңбек демалысына шы­ғып, қолдары босаған Омаровтар жазды қызықты өткізгілері келіп, ойларын ортаға салады. Шетелге шы­ғуды көңілдері қалағанымен, ту­рис­тік маусым кезінде демалыс орындары мен ұшақтың бағасы шарықтап кететіні айдан анық. Үлкен қызы те­ледидардан Қара теңіз жағасындағы туризмді айтып қызық­тырады. Ойды ой қуалап, саяхатқа өз көліктерімен шығуға бел буады. 2021 жылы сатып алған көлігінің жолда қалдырмай­тынына сенімді. Осылайша бірін-бірі қолдаған отбасы туристік сапарға шы­ғады. Алғашқы таңдалған ел – Гру­зия мемлекеті.

– Зайыбым екеуіміздің ойымыз бір жерден шыққанына қуандым. Ба­лаларымыз кішкентай болғандық­тан, оларды ұзақ жолға алып шығуды жөн санамадық. 22 маусым күні таң енді ата бастаған кезде көлікке отыр­дық. Қостанай арқылы Ресейдің ше­карасына өттік, әрі қарайғы бағыт – Грузия елі. Әкем марқұм Болгарияда әскери борышын өтеген кезде, соның маңын әдемі әңгімелейтін еді. Әкемнің естеліктері еліктірді, – дейді жиһанкез Қанат.

Таңның атысынан, түннің біруа­ғына дейін батысқа қарай зулайды. Қостанай, Челябі, Уфа, Самара, Са­ра­тов, Сызрень, Волгоград – бірінен соң бірі артта қалып жатқан қалалар. Волгоград қаласындағы әйгілі “Отан-Ана” ескерткішіне соқпау мүмкін емес.

– Анадайдан мұндалап тұрған ескерткіш басына барып, екінші дү­ниежүзілік соғыста қаза тапқандарға тағзым ету де көңілге қуаныш ұя­латты. Волгоград өте үлкен қала екен. Бір шетінен екінші шетіне дейін 142 шақырым қаланы екі сағатта әрең жүріп өттік, – дейді Қанат Ырыс­әкелдіұлы.

Кең дала, тылсым та­биғат, бей­таныс адамдарды көріп, ерекше бір сезімге бөленгендерін жа­сырмайды. Жеке көлікпен саяхат­таудың ұтымды жақтарының бірі осы. Межелі Грузия еліне жетіп, онда бірнеше қаланы аралапты. Минералды судың атасы “Боржомиді” бұлғанынан ішіп, Қара теңіздің жағасына барып, шомылған. Жол бойында тамақтану, жататын орын табу еш қиындық тудырмады дейді. Азық-түліктің бағасы да қым­бат емес екен.

– Боржомийде екі түнге коттедж жалдаған кезде, біздің ақшамен 22 мың теңге ғана шықты. Сырттан кел­геніміз білініп тұрса да, қымбаттатқан жоқ. Қазақтарды сыйлайтын ел екен. Жылы шырай танытты, – дейді жи­һангез.

Басында ойы Грузия елін аралап, кері қайту болатын. Бірақ жос­парлары аяқ астынан өзгереді. Жергілікті полицейлерден Түркияға өтуге болатынын естіп, ол елді көруге де көңілдері ауады. Онда төрт қалада мейман болған.

Зайыбы Әсел ағылшын тілінің маманы болғандықтан шетелдіктермен түсінісу қиындық тудырмаған. Одан қалды грузиндермен орысша сөйлесіп, түріктермен қазақ тілінде ұғыныса алған. Түрік бауырлар туристердің ұстаздар қатарынан екенін естіп, қызметтеріне жеңілдік те жасапты.

Қанат Ырысәкелдіұлы былтырғы саяхат кезінде екі рет аз­дап қобал­жығанын айтады. Грузия еліне кірер­де әскери аймаққа өтіп кеткендері және Түркияның Архавиль қаласы ма­ңында таудан тас құлап, жол тазартылғанша екі күн бөгеліп қал­ғандары. Ал таулы жолдар­мен жүру мен жанармайдың қымбаттығы сияқ­ты жолай қиындықтарды олар ал­дынала білген.

Көлікпен ұзақ жол жүру оңай емес. Дегенмен отбасылық бюжет­тен шамалап қаржы жұмсап, екі мем­лекеттің топырағына табан тіреу, қы­зығушылық оятары анық. Мәсе­лен, былтыр Грузияға ұшып-барып келу үшін бір адамға 120 мың теңге қажет болды. Оны үшке көбейтсеңіз, қомақ­ты қаржы шығады. Жеңіл көлікпен ба­рып-келгенде жанармайға 110 мың теңге жұмсаған.

Алғашқы сапарлары көңілден шыққан Омаровтар отбасы биыл еліміздің шығысы мен оңтүстігін ара­лады. Былтыр Грузиядан келе жат­қан кезде еліміздің батыс бөлігінің біраз тарихи жерлеріне соққан. Осы жылы саяхатты Семей және Өске­мен өңірлерінен бастап,  Жамбыл, Алматы, Тараз, Түркістан облыста­ры­на дейін жеткен. Еңбек демалысы қызықты болды. Сөз жоқ, олар бар­ған Қожа Ах­мет Яссауи, Айша бибі, Арыстан баб кесенелері, Алтай мен Алатаудың бөктерлері, Шарын каньо­ны, Көлсай шатқалы сияқты ны­сандар – турис­тер қызыға көз тігетін жерлер.

– Елімізде де тамсанатын жерлер аз емес. Қазақстанның барлық өлке­сінде болдым. Байтақ даламыздың сұлулығымен мақтанамын. Ел мақта­ған шетелдің кейбір жерлері біздің аумақтағы ғажайыптармен салыс­тыруға да келмейді, – дейді Қайрат Омаров.

Арман таусылмайды. Қанат Ырыс­­әкелдіұлының ендігі мақсаты – Еуропаны бағындыру. Украина же­ріндегі соғысқа байланысты жекеменшік көлікпен ол жаққа өту қиын екен. Жағдай дұрысталса, келер жылы жолға шықпақшы. Жиһан­гез­ге, әсіресе Германия мен Франция мем­лекеттері қызық. 

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp