Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы алғашқы саяси қуғын-сүргіннен елге аман келгенде, елшіл жас буын өкілдері амандаса барыпты. Рухы күшті Ақаң олардан халық жайын біліп, біраз сұқбат құрады. Шығарда біреуі тәуекел етіп: “Ахмет аға, сізден бата сұраймыз!” депті. Сонда Ақаң жарықтық: “Айналайындар, мұғалім болыңдар!” деп бірауыз бата берген екен…
Біздіңше, осы Ахмет Байтұрсынұлының бірауыз батасы қазір де аса көкейкесті. Бүгін – көкірек көзі ашық азаматтардың үйде, түзде, қызметте, түрлі ортада мұғалім болатын кезеңі. Ақаң дәстүрлі “Молда бол!” деген батаны (оның да мағынасы – тазалық пен ұстаздық) неге жаңа заманға сәйкестіріп айтты? Бұл – “елге, ұлтқа, білімге, мәдениетке, тәртіпке, әр іске жауапты болыңдар!” деген сөз.
80 жылдардың соңынан күні кешеге дейін жер бауырлап қалған мұғалімдік мамандықтың, шүкір, еңсесі көтерілді. Бірақ “Батпандап кірген ауру мысқалдап шығады” деген даналық бар. Ойдағы-қырдағы қайбір мектеп мұғалімінің қайсыбір кемшілігін көрсек те, “сала түзеліп келеді, осы үрдіс бірте-бірте сапасызды, анти-ұстазды қуады” деп, жақсылықтан үміттенеміз.
Мұғалімі кем мектеп жүргізушісі жол-жөнекей түсіп қалып, қаңтарылып тұрған көлік секілді.
Қазір әлемде “білім инфляциясы” деген қатер бар. “ЮНЕСКО” дерегіне қарағанда, жаһан университеттері соңғы 30 жылда адамзат тарихында даярланған күллі маман санындай мөлшерде түлек шығарыпты. Бір кезде білімнің идеалы – “профессор даярлау” еді, бүгінігі мұраты – “жақсы адам әзірлеу, шығармашылықты қолдау” болып тұр. Мұның сабағы неде? Әрине, барлық істе ақыл, есеп, жауапкершілік алға шығуы керек.
Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ,
академик.