“Astana Qazaqstan Team” велокомандасының бас менеджері, танымал қазақстандық велошабандоз Александр Винокуров Глазгода өткен әлем чемпионатында топ жарды. Жерлесіміз 50 жастан асқан спортшылар санатында алтыннан алқа тағынды.
Солтүстікқазақстандық ардагер-спортшы Глазгодағы әлем чемпионатына қатысу туралы шешімге “Тур де Франс” веложарысы кезінде келген. Александр Винокуровтың сөзінше, соңғы жылдары жасы 50-ден асқан қатысушылар арасындағы сайыстар жиі ұйымдастырылуда.
– Біздің командамыз “Тур де Франс” веложарысына қатысып жатқан тұста өз мүмкіндігімді әлем чемпионатында сынап көру туралы ойладым. Глазгоға барып, өз жас санатымдағылар арасында тіркелдім. Сайыс қиынға соқты. Мәреге үш спортшы келе жатты. Барлығы да мықтылар. Мен тәжірибемнің арқасында бірінші келдім, – дейді Александр Винокров.
Әлем чемпионатында екінші орынға испандық велошабандоз Рауль Патино табан тіресе, үздік үштікті Адриан Яш түйіндеді. Бұған дейін жерлесіміз Тайландтағы Азия чемпионатында алтын медаль еншілеген болатын.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.