«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Бизнес-жоспар – кәсіптің кілті

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бизнес-жоспар  дегеніміз не? Бүгінгі таңда бұл экономикалық терминге берілген анықтама көп. Мамандардың айтуынша, бизнес-жоспар – бастайын деп отырған ісіңізді ұсақ-түйегіне дейін суреттейтін құжат. Яғни нарықтық экономика жағдайында бизнес-жоспар – кәсіпкердің іс-әрекет құралы, алға қойған мақсаттарына жетелейтін бағыт-бағдары. Сондықтан дұрыс құрылған жоспар тиімді кәсіптің кілтіне айналары анық.

Елімізде шағын және орта бизнесті дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Бұл ретте облыстық кәсіпкерлер палатасының атқарып отырған жұмысы орасан.

Болашақ кәсіпкерлер бизнес-жоспар әзірлеудің маңыздылығы мен артықшылығын көрсететін нақты қадамдардың бар екенін ескере бермейді.

Бірінші қадам – стратегия. Жеке кәсіп ашар алдында стратегия дайындау маңызды. Кәсіпкерлердің көбі бизнес-жоспар керек деген ұстанымда болғанымен, жоспарсыз да жетістікке жетуге болатынына сенгісі келетіндердің қатары аз емес. Жоспар – діттеген межеге жетудің жолы. Оның әрбір тетігі дәлме-дәл көрсетіліп тұруы керек. Сонымен қатар бизнес-жоспар – әрбір кезеңі, бағыты, уақыты көрсетілген нұсқаулық, бәсекелестермен жарысу жолын айқындайтын құрал.

Екінші қадам – жоспарлау. Стратегия мен жоспарлау бір қарағанда ұқсас болғанымен, айырмашылығы бар. Стратегия үлкен мақсаттың айқындалуы, ал жоспарлау – сол мақсатқа жетудің жолдары. Тиімділіктің негізгі көрсеткіштері бизнесті қаншалықты дұрыс жүзеге асырып отырғандығын анықтауға мүмкіндік береді. Тиімділік пен табыс үшін маркетингпен байланысты жұмыстардың атқарылуы маңызды.

Үшінші қадам – қаржы жоспары. Қандай да бір кәсіпті ашпастан бұрын нақты қаржы жоспары керек. Қаржылық жоспар құрғанда орынжайды жалға алу, тауар сатып алу, өткізу, қызметкерлердің еңбекақысы және т.б. шығыс пен кіріске әсер ететін негізгі мәліметтер анық жазылуы керек. Бұл қаржылық жоспарға арнайы кесте жасалса да көптік етпейді. Себебі кәсіпкер кестеге қарап, артық не кем тұстарын бағдарда ұстап отыра алады.

Төртінші қадам – серіктестік аясы. Жеке кәсіппен енді айналыса бастағандар үшін арнайы білім ғана емес, сонымен қатар міндетті түрде бастапқы қаражат керек. Сондықтан бизнес-идеяны нақты жоспарға үйлестіруді ойластырған абзал. Бизнес-жоспарды әп-сәтте қомақты қаржыға айналдыра салу оңай емес. Дегенмен ондағы дұрыс көрсетілген мәліметтер инвестордың табылуына немесе банктен қажетті несиені алуға үлкен көмек болмақ.

Бизнес-жоспардың міндеті – кәсіптің қаржылық жағдайын анықтау және жаңа жобаларды іске асыру немесе қолданыстағы жобаларды кеңейту кезінде кірістерді болжау. Сондықтан ондағы ақпарат нақты, мәтіні түсінікті болуы керек. Сонымен қатар мемлекет тарапынан қаржыландыру берілетін болса, бизнес-идеяның әлеуметтік-экономикалық негіздемесі көрсетілуі керек. 

Өңіріміздегі кәсіпкерлер палатасына бизнес-жоспар жазу үшін биыл 37 кәсіпкер жүгінді.   Қызылжар ауданының орталығы – Бескөл ауылы маңындағы тас жол бойында өзіне-өзі қызмет көрсететін көлік жуу орталығын ашқан Айман Байділдаева өзінің тиімді бизнесжоспарын “Атамекен” кәсіпкерлер палатасымен бірігіп жасаған. Нәтижесінде оның өтінінімі мақұлданып, “Ауыл аманаты” бағдарламасы бойынша 5,5 млн. теңгелік несиеге ие болды.

Палата мамандарының кәсіп ашамын деген жандарға қажетті кеңес беріп, арнайы құжат жинауға көмектесуге даяр екендігін айта кеткен жөн. 

Әсел САМАРАТОВА,

облыстық кәсіпкерлер палатасы жанындағы кәсіпкерлікті қаржылай емес қолдау бөлімінің жетекшісі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp