«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жомарт жандар жиналған

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Айналамызға зер сала қарасақ, көмекке мұқтаж жандардың аз емес екенін байқаймыз. Алайда күнделікті тұрмыстың қамымен жүрген көбіміз қасымыздағы адамдардың басына түскен мәселелерге мән бере бермейміз. Жәрдем сұрағанның бәрін риза етіп, түйінін шешу де қолымыздан келмесі анық. Десе де ел болып жұмылып, қиын жағдайда қалғандарға көмек қолын созсақ, алынбайтын асу жоқ. Осы жолды мақсат етіп, елден жылу жиып жүрген қайырымдылық қорлары да көп. Біздің өңірде де қолы ашық ағайынның арқасында жоқ-жітікке жәрдемдесіп жүрген түрлі ұйымдар бар. Солардың бірі – 2016 жылы өз жұмысын бастаған қайырымдылық клубы.

Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының негізгі міндеттерінің бірі – қайырымдылық. 2016 жылы аталған ұйымның жанынан қайырымдылық клубы ашылды.

Қайырымдылық клубы аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға, ауыр сырқаттанған адамдарға, ҰОС ардагерлеріне, тыл еңбеккерлеріне, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, сондай-ақ өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарға көмек көрсетуге бағытталған қайырымдылық акциялары мен іс-шараларды өткізеді. “Мектепке жол”, “Жақсылық жаса”,  “Қайрымды ел”, “Жылуыңмен бөліс” сынды тағы да басқа акцияларды тұрақты ұйымдастырып отырады.

Қайырымдылық клубының жобалары мен іс-шараларына ассамблеяның белсенділері, өңір өнерпаздары, қалталы азаматтар үлес қосып келеді. Биылғы жылдың өзінде біз қайырымды азаматтардың қатысуымен біршама көмек көрсеттік. Ақан сері атындағы облыстық филармонияда Алғыс айту күніне арналған этномәдени бірлестіктер өкілдерінің қатысуымен қайырымдылық жәрмеңкесі өтіп, оның қорытындысы бойынша жиналған 500 мың теңге мұқтаж жанның еміне жұмсалды. Кейін жоғары тәуекел тобына жататын жедел лимфобластикалық лейкемия диагнозы қойылған науқастың еміне жылу жинау мақсатында қалалық Мәдениет үйінде қайырымдылық концерті өтті. Нәтижесінде мұқтаж жанның Түркиядағы еміне 2520000 мың теңге қаржы аудара алдық.

Жыл басында Достық үйінде жер сілкінісінен зардап шеккен Түркия тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсету пункті ұйымдастырылды. Гуманитарлық көмек елдегі Түркия елшілігіне жөнелтілді. Сонымен қатар 8 млн. теңге көлемінде ақшалай қаражат жиналды.

Қайырымдылық клубы алты жыл бойы ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды уақытша бейімдеу орталығына қамқорлық жасап келеді. Тұрақты негізде спорттық құрал-жабдықтар, барлық мерекелерге сыйлықтар сатып алуға көмек көрсетіледі, түрлі іс-шаралар, шеберлік сыныптары және т.б. өткізіледі. Қайырымдылық клубы өңірдегі этно-мәдени бірлестіктермен бірлесіп өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығында балалар мерекесін өткізді. Шараға қатысқан бүлдіршіндер түрлі тапсырмалар орындап, аниматорлармен ойнап, мерекелік дастарқаннан дәм татты.

“Ассамблея жастары” өкілдігінің белсенділері “Қамқор” акциясына қатысып, соғыс ардагерлеріне, тыл еңбеккерлеріне және қарт адамдарға әлеуметтік көмек көрсетіп, бау-бақшаларын күтіп, аулаларын тазалады.

Жаз басында жергілікті этно-мәдени бірлестік және шіркеу өкілдерімен бірлесіп, “Белый цветок” қайырымдылық акциясын өткіздік. Концерт пен жәрмеңкеден түскен 196108 теңге науқас жанның емі үшін ақша жинау мақсатында ашылған есеп-шотқа жіберілді.

Мен – адамдарға көмектесіп, олардың қуанғанын көруді өмірлік мақсатыма айналдырған жанмын. Қарттардың жадыраған жүзі, балалардың алаңсыз күлкісі, жанашыр тұрғындардың белсенділігі бұл іспен одан әрі айналысуыма күш береді. Өткен жылы қайырымдылық клубының жұмысы жоғары бағаланып, маған “Жомарт жан” төсбелгісінің табысталуы айналамдағы ниеттес жандардың арқасы деп білемін. Бұл төсбелгі – елдегі қайырымдылық пен меценаттық қызметті дамытуға үлес қосқандарға берілетін марапат.

Қайырымдылық клубының жұмысын осындағы белсенділер мен қашан да көмекке дайын адамдарсыз елестету мүмкін емес. Бүгінде бәріміз бір отбасы сияқты бір-бірімізге қолдау көрсетіп, бірлікте жұмыс істеудеміз. Осылайша тағдырдың тәлкегіне түскен жерлестерімізді жәрдемсіз қалдырмайтынымызды дәлелдеп келеміз.

Алла КУВШИНОВА,

Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы жанындағы қайырымдылық клубының жетекшісі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp