Қалалық сотта Петропавл №2 жылу электр орталығында құлаған мұржаға қатысты қылмыстық іс қаралды.
Прокурор кәсіпорынның бұрынғы директоры Ержан Қоңырбаевты, бас инженер Сергей Торохтийді және қазандық цехының бастығы Сергей Марченконы міндеттеріне адал қарамау бабы бойынша (қылмыстық кодекстің 254-ші бабы) айыпты деп тануды, осыған орай мемлекеттік қызметте басшылық лауазымдарды атқару құқынан айыра отырып, әрқайсысына бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындауды сұраған болатын. Салғырттың салдарынан 150 метрлік мұржа опырылып түсіп, адам өліміне, ғимараттар мен жабдықтардың бүлінуіне әкеліп соқтырған.
Айыпталушылар мұржадағы ақаулар бұрынғы басшылық тұсында орын алғанын, анықталған кемшіліктер жойылмағанын, нысанның апаттық жағдайда жұмыс істеуі жалғасқанын алға тарта отырып, өздерінің еш кінәсіз екендіктерін дәлелдеп бақты. Адвокаттар да бұлтартпас айғақтар келтірді.
Қалалық соттың судьясы Алмас Жұмағазин екі тараптың дәлел-айыптауларын сараптай келіп, сотталушыларды ақтау туралы үкім шығарды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Динара ТӨЛЕҢГІТОВА,
облыстық соттың баспасөз хатшысы.