«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Серісі серілердің — Сегіз сері

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Сегіз сері Бахрамұлы (шын есімі Мұхаммед-Қанафия) қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданындағы Гүлтөбе-Маманай деген атақты мекенде 1818 жылы туып, 1854 жылы 36-дан 37-ге қараған үш мүшел жасында өмірден өткен. Ата-анасынан жастай жетім қалған оны би болған атасы Шақшақ тәрбиелеп, алғыр баланы молдадан ғана оқытпай И.Прохоров деген қашқыннан орысша да сауатын аштырады. Сегіз ауыл молдасынан алған білімін Омбыдағы “Азия мектебінде” жалғастырған. Өз ортасының гүлі, әрі ақын, әрі әнші-композитор, әрі шежіреші, балуан, мерген, ержүрек батыр болып өсіп келе жатқан ол орыс тілін үйреніп алған соң патшаның басқыншылық, отарлау саясатының сырын да тереңнен таныған. Сондықтан оған қарсы шығып, жазалаушы отрядқа қатысудан бас тартып, Батыс Сібір генерал-губернаторы П.Горчаковтың тарапынан патша өкіметіне қауіпті адам ретінде қуғын көреді. (Бұл туралы дерек Омбы облыстық қауіпсіздік қызметі басқармасының архивінен 2000 жылы табылған).

Өзінің алған бетінен қайтпаған батыр нағашы жұрты – кіші жүз жеріне кетіп, ондағы халықтық дүмпулерге қатысып, патша өкіметіне қарсы болған күрестердің басшылық сапында жүреді. Осы елде жүрген жылдарында керемет ғашықтық, сағыныш әндерін тудырып, олары қазақ сахарасына кеңінен тараған. Атақты композитор Еркеғали Рахмадиевтің айтуына қарағанда, оның 30-ға тарта әні, 4 қиссадастаны, 4 термесі мен 6 күйі болған. Көптеген зерттеушілер “Қыз Жібек”, “Айман-Шолпан”, “Қамбар батыр” және т.б. жыр-эпостарын да шығарған Сегіз сері екенін айтады.

Сегіз серінің өмірі мен өнері туралы Жаяу Мұса (1835-1929 ж.) “Ер Сегіз”, Нияз сері (1818-1898 ж.) “Құрдасым”, Біржан сал (1834-1897 ж.) “Сегіздей асыл адам табылмайды”, Шәңгерей Бөкеев (1847-1820 ж.) “Сардар Сегіз”, Нұржан Наушабаев (1858-1919 ж.) “Сегіз сері – баһадүр”, Мәшһүр Жүсіп (1858-193 ж.) “Даналарға”, Үкілі Ыбырай (1852-1931 ж.) “Жақсыларға” атты және т.б. жыр-толғаулар мен дастандар шығарғанын профессор Серік Негимов жазады.

Біз қазан төңкерісіне дейін шыққандарды ғана айтып отырмыз, ал кеңес одағы жылдарында және Тәуелсіздік орнаған соң Сегіз сері туралы жазылған зерттеулер мен ғылыми мақалалар тіпті көп. Солардың ішінде Ғабит Мүсірепов “Ұлпан” атты деректі хикаятында, Әлкей Марғұлан “Сегіз сері” атты мақаласында, Әуелбек Қоңыратбаев “Мақпал қыз” дастаны” деген зерттеуінде, Шәмшиябану Сәтбаева “Сегіз серінің мадақ өлеңдерінің тарихилығы”, Бексұлтан Нұржекеұлы “Сегіз сері және Ғайни” атты және т.б. зерттеу мақалаларында сері туралы көп мағлұматтар берген.

Ал белгілі шежіреші, өнер зерттеушісі Нәбиден Әбутәлиев Сегіз серінің ұрпақтарын зерттеп, арнаулы еңбек жазған. Ол Сегіздің Мұстафа, Мұсабек, Мұсайын, Мұсажан, Мұсахан, Мұсағұл және Есболған атты жеті ұлы, Бибізара атты жалғыз қызы болғанын көрсеткен. Зерттеуші халық аузынан Сегіз серінің батыр болған екі ұлы Мұсахан мен Мұстафаның ерліктерін де жазып алып, жариялады. Ал 1843 жылы туып, 1920 жылы өмірден өткен Мұсайын деген үшінші ұлы әнші, балуан ғана емес артына Кенесарының батырлары Жанайдар мен Жәукеге арнаған “Жанайдар батыр”, “Кенесары – Наурызбай”, “Бекет батыр”, “Айсара – Шорман”, “Жиенбай – Балқия”, “Жаяу Мұса – Гүлқашима”, “Жаяу Мұса – Сұрша қыз” атты дастандар тастап кеткен ақын, жырау.

Н.Әбутәлиев Сегіздің басқа да атақты ұрпақтары туралы зерттеу жүргізген. Соның ішінде Мұсайынның Шаймұхаммед және Нұрмұхаммед атты екі ұлы мен Ақжүніс атты бір қызы болғанын, алайда үлкені Шаймұхаммед дүниеден ерте өткенін жазады. Ал Нұрмұхаммедтен Нұрқожа атты ұл, одан Меңдібай, Қази, Қаби, Шайхуали, Есләм, Қазыбек, Қазыкен, Қари есімді сегіз ұл мен Гүлдарай атты бір қыз туғанын айтады. Меңдібайды 1922 жылы азамат соғысында қашқан ақтар атып кетіпті, Қази екінші дүниежүзілік соғыста қаза табады, ал Шайхуали жоғары білімді ұстаз болған, оның Бақытжан, Болатжан, Бауыржан деген балалары қазір аман-есен, Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданында және Қызылжар қаласында ұрпақтарымен бірге өмір сүріп жатыр.

Нұрқожаның Қабиі де белгілі адам, ол Айымжан ауылында тарих пәнінің мұғалімі болып ұзақ жыл қызмет істеп, 1977 жылы өмірден өткен. Қабидың Балташ, Бекет, Бектас деген ұлдары мен Күлән, Баян деген қыздарынан тараған ұрпақтары да туған жерде, аман-есен өмір сүріп жатыр.

Нұрғожаның қызы Гүлдерай 1995 жылы 20 шілдеде “Халық кеңесі” газетіне атасы Мұсайын Сегіз серіұлының Кенесары әскерлерінің қолбасыларының бірі болған Жәуке батырға арнаған жоқтауын жариялаған.

Сегіз серінің ұл-қыздарынан тараған ұрпақтарын тегіс тізіп шығу міндет емес, алайда олардың бар екенін, кейбірі атақты бабалары сияқты өнерге, оның ішінде әнші-композиторлыққа жақын екені де белгілі.

Еліміз Тәуелсіздігін алып, Сегіз серідей өнерпаз, ел үшін, жер үшін тыным алмай шыбын жанын шүберекке түйіп күрескен асыл еріміздің атын ұрпаққа кеңінен насихаттап, үлгі етуге мол мүмкіндік туған кезде оның жарқын есімін жоқ қылуға, тарихта болмаған, ойдан шығарылған адам деп үн қатушылар шықты. Олар алдымен бүгінгі күннің өлшемімен Сегіз серінің жыр дастандары мен толғауларын сынап, олардан кемістік іздеуге тырысты.

Ауыздан ауызға тараған жырлардан ондай кемістік табу қиын емес екені белгілі. Сыншылар кейбір жамап-жасқанған қоспаларды уралап, алға тартты. Ондайларды үлкен ақындық дарыны жоқ, тек жанашырлық жүрегі ғана бар біреулер қосқанын ескермей, тарихи шындығына мән бермей, мұндай жырлар болмайды, бәрі қолдан жасалған дегенге дейін барды. Соның ішінде нақты адамдарды да қаралап, тіл тигізген кездер де болды. Әсіресе Сегіз серінің ұрпағы, әдеби нұсқаларды жинаушы Қаратай Биғожин марқұмның атына ауыр сөздер айтылды. Бұл кісінің қоспалары, артық қылам деп, тыртық қылып, кіші жүз қазақтарының кейбір әндерін Сегіз серінің атына дәлелсіз қосып жібергені болған-ақ шығар, ондайларды дәлелдеп берген адамға алғыс қана айтуға болады. Бірақ жеке басына тиісіп, қара басының кемістігін көрсетуіне жол болсын?

Сегіз серіні жоққа шығарып, соңына шам алып түсуші Бөрібай Кәртен ескі әдетіне қайта басып, жақында әлеуметтік желіде, республикалық газеттердің бірінде қол-аяғы кем Қаратай Биғожин ағамызды елдің о шеті мен бұ шетіне барып, Сегіз серіні ойдан шығарып, әдебиетшілерге мойындатқан, оның өлеңі мен әндерін өзі шығарған деп тағы жала жапты. Біз жоғарыда Қ.Биғожин өмірге келмей тұрғанда-ақ Сегіз сері туралы Жаяу Мұса, Нияз сері, Ш.Бөкеев, Н.Наушабаев, Мәшһүр Жүсіп өлеңдер мен дастандар шығарғанын айттық. К.Бөрібай соның бәрін Қаратай Биғожин шығарған дейді. Осынша ақындық дарыны, шығармашылық қуат-күші бар болса кеңес өкіметі жылдарында өмір сүрген жоғары білімді мұғалім өзі-ақ өлең шығарып, кітап бастырар болар еді ғой.

Ешқандай дәлелсіз Кәртен Сегіздің “Мақпал” әнін “Мақпал” – Ақан серінің әні! Мұның шумақтарын бұрмалап, өзгертіп, Қ.Биғожин өзі ойлап тапқан” Сегіз серіге” таңған”, – дейді. Өлеңді толығырақ былай:

“Ақша жүз, бота көзді, қасың қара

Шашыңды түнде жуып, күндіз тара.

Ниязбен екеуміз келген шақта

Мақпалжан, бұлғақтамай бізге қара”, – деп келтіріп, енді осыны Биғожин шығарды деген дәлеліне қараңыз: “Қазақ түнде шаш жумаған, жаман ырым деп есептеген. Сонда қалай, “Сегіз сері” соны білмеген бе?” дейді. Осындай “дәлелдерімен” “Мақпал” әні Ақан серінікі деген сыншыға не дерсің? Кәртенді тыңдасаң әйел шашын түнде жумай суды шалпылдатып тек күндіз ғана жуады екен… Міне, осындай ұсақ-түйекті теріп, тырнақ астынан кір іздеген, қайтсе де адамды қаралауды, жоқ қылуды көздеген мақсатпен Бөрібай Кәртен Сегіз серіні тарихта болмаған адам деп шығарды.

Шын мәнінде Сегіз сері мен Ақан сері – Арқаның әнші-жыршылары, олардың жыр-толғауларында бір-біріне ұқсастық бола беретінін, тіпті екеуі де бір есімді қызға арнап әндер шығаруы мүмкін екеніне Кәртен мән бермейді.

Бөрібай Кәртеннің сүйенген де, сыйынған да адамы Батыс Қазақстан университетінде қызмет істеген, тарих ғылымдарының кандидаты Исатай Кенжалин деген бір ғалым екен. Айтуына қарағанда, осы кісі орталық Қазақстанда және Сегіздің туған жері Солтүстік Қазақстанда біраз адамға жолығып, Сегіз сері туралы сұраған көрінеді. Бірақ ол адамдар серіні білмейтін болып шығыпты. Демек, Сегіз сері деген болмаған, оны Қ.Биғожин ойлап тапқан деген қорытындыға келеді.

Егер өзі шын зерттеуші болса, провинциядағы емес елдің орталығындағы азуын айға білеген атақты адамдардан, нағыз ғалымдардан сұрап, солардың еңбегін көтеру керек еді ғой. Қайдағы бір белгісіз адамдардан сұрап, Сегіз серіні ешкім білмейді екен, яғни болмаған адам деп тұжырым жасап жүрген адамдікі, жұмсартып айтқанда, барып тұрған білместік екенін Бөрібай Кәртен қалай айыра алмаған…

Рас, кеңес одағы жылдарында орыс патшалығы “бунтарь”, “конокрад” деп өздерінің кеңселік қағаздарында көрсеткен адамдардың біразының есімдері сол уақытта ауызға алынбағаны, олардың отаршылдыққа қарсы күреске шыққандығы орысқа қарсы шыққандыққа баланып, есімдері ұмыттырылғанын ескеру керек. Сондықтан әдебиет, мәдениет жағына жақын адамдар болмаса “партияның салып берген сара жолынан ауытқымағандар” қазақтың Сегіз сері сияқты ерлерін ұмытыңқырап қалғаны да жасырын емес.

Рас, Қаратай Биғожиннің кейбір әндерді Сегіз серіге орынсыз қосқанын басқа ғалымдармен қатар кейбір жерлестері де мойындап, мақалалар жазған. Мысалы, жергілікті ақын З.Әкімжанов “Аңызды ақиқатқа айналдыру Сегіз сері тұлғасына көлеңке түсірмей ме?” деген мақала жазып, Қ.Биғожинді қатты сынады. (“Soltüstık Qazaqstan” газеті, 14 тамыз 2013 жыл). Бірақ оның кіші жүзге келіп, тамаша әндер, өшпес жырлар тудырғанын, басқыншыларға қарсы қандастарының күресіне қолқабыс беріп, кеудесін оққа төсегенін ешкім жоққа шығара алмайды. Адал туған ұл мен қыз мұндайда Сегіз серіге ескерткіш орнатуға тиісті еді, амал бар ма, біздің кейбір замандастарымыз басқаша ойлайтын болып шықты…

Тарихта болған, артына мол мұра, өнерімен, ерлігімен өшпес із, білікті ұрпақ қалдырған адамды о заман да бұ заман “өмірде мүлде болмаған, ойдан шығарылған адам” деуге аузы барғандардың Алла жазасын берсін дегеннен басқа не айтарсың. Бұл сөздерімен олар біз жоғарыда еңбектері мен есімдерін атаған Жаяу Мұсаны, Нияз серіні, Біржан салды, Шәңгерей Бөкеевті, Нұржан Наушабаевты, Мәшһүр Жүсіпті, Үкілі Ыбырайды, бертінгі Ғабит Мүсіреповті, Әлкей Марғұланды, Әуелбек Қоңыратбаевты, Шәмшиябану Сәтбаеваны, Серік Негимовті, Бексұлтан Нұржекеұлын – бәрі-бәрін өтірік айтқан деп тұр-ау… Ал “шындықты айтатын” тек өздері екен. Сонымен бірге көзі тірі ұрпақтарын да жоққа санап тұр.

Біздің билік тармақтарында аузың қайсы десе мұрнын көрсететін нешетүрлі адамдар отырды ғой. Бұқаны “сиырдың еркегі” деп жүрген бір ауыл шаруашылығы министрін ешкім ұмыта қойған жоқ шығар. Сол сияқты “казахи с рождения грамотные”, – деп үлкен халықаралық жиналыста айғайлаған бір білім және ғылым министрі болған. Соның тұсында әлгі дәлдүріштер оны айтқандарына көндіріп, “Сегіз сері тарихта болмаған адам” деген шешім шығартып, оның күрескерлік өмір жолы мен өлеңдерін барлық оқулықтардан алдырып тастады.

Бұл масқара біздің қалың тарихымыздағы сойқан сорақылықтың бір қара беті болып қалатын шығар. Мұндайдың болуы мүмкін екенін сезбеген серінің ұрпақтары да сотқа жүгініп, аталарын жоққа шығарған қара ниеттілердің заңды жазасын беруді ойламады. Сөйтіп, ХІХ ғасырдың ортасынан ХХІ ғасырдың басына дейін бір жарым ғасыр бойы қазақтың ақылман адамдарының бәрі аузынан түсірмей еске алған, үлкен бағасын берген ерен ерді өздерінен басқаның бәрінікі қате деп жоқ қылғысы келгендер аман-есен жүріп жатыр.

Айта кетерлігі сол, олардың Сегіз серіні жоққа шығарудағы ең басты факторы – оның колониалдық өкіметтің архивтерінде аты-жөнінің жоқтығы немесе дұрыс жазылмағандығы. Әрине, нағыз ғалымдар ондай деректерді тапқан, бірақ қай қазақты шовинистік өкімет құнттап, есімдерін қағазға дұрыс түсірді екен?

Сегіз серіні қазақ елі, туған жері ешқашан жоққа шығарған емес, оның атындағы фестивальдар, конкурстар жалғасын тауып келеді. Қызылжардың облыстық филармониясында Сегіз сері атындағы ұлт аспаптар оркестрі құрылып, екі рет республикалық фестиваль өткізді. Дос көлінің жағасындағы тың игерушілер жыртып тастаған зиратының орны табылып, қоршалып, басына ескерткіш орнату қолға алынуда. Есіл бойына қоныс аударушы бауырлар да өздерінің “Тәуекел” қорының жәрдемімен ескерткішін орнатпақшы. Зерттеу мақалалар, кітаптар легі де толастар емес. Соның ішіндегі бір сүбелісі – белгілі өнертанушы Серік Оспан 2020 жылы құрастырған “Сегіз сері Шақшақовтың өмірі мен музыкалық мұрасы” атты көлемді жинақ. Бұл кітапта Сегіз сері туралы жазылған 182 еңбек көрсетілген.

Серінің 200 жылдығы да Солтүстік Қазақстан, Ақмола және т.б. облыстарда кеңінен аталып өтті. Қызылжардағы Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада серінің ұрпақтары, әнші-жыршылар, ғалымдар мен журналистер қатысқан үлкен конференция болды, халықаралық айтыс өтті. Республикалық ономастикалық комиссия да есімін елге, жерге беруге тиісті атақты тұлғалардың ішіне Сегіз серінің есімін қосыпты. Екі томдық толық жинағы да шыққан. Сондықтан қазіргі Оқу-ағарту министрлігі кезінде қабылданып кеткен оғаш шешімдерін өзгертіп, Сегіздің есімін жас ұрпаққа таныту мақсатымен оқулықтарға қайта енгізуді қолға алса нұр үстіне нұр болар еді.

Сөзімізді қазақтың аймаңдай ақыны Қадыр Мырза Әлінің мына шумақтарымен түйіндейік:

Неге Сегіз?

Сегіз қырлы болмысы,

Қалай сыймақ тар қалыпқа ол кісі?

Алдыңғысы болса болартұлпардың

Емес бірақ сәйгүліктің соңғысы.

Құдай оған жүрек берген,

Ми берген.

Қырдан құрмет –

Сұлулардан сый көрген.

Даусыменен көк аспанды көтеріп,

Бес қаруды бес саусақтай игерген.

… Маңдайға алып нағашы жұрт – Батысты

Өкшелеген өңшең итпен атысты.

Ел-жұрты үшін қуғын көрген қазаққа,

Құстөсектен қымбатырақ атүсті…

Қадағаңа жалғыз-ақ қосарымыз – Сегіз серілердей есті-басты, терең тамырлы, ойлы-өрісті тұлғаларымыз болмаса кешегі Алаш арыстары да тумаған болар еді.

Жақсыбай САМРАТ,

жазушы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp