«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Тұрмыстық зорлық-зомбылық тыйылмай тұр

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жыл сайын жақын адамының қолынан 500-ге жуық қыз-келіншек көз жұмып, полицияға жан ұшыра шырқырап көмек сұраған қыз-келіншектерден 100 мыңнан астам қоңырау түседі. Соңғы бес жылда тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша өтініштер саны 3 есеге артты. Биылдан бастап еліміздегі өзекті мәселелердің біріне айналған отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты қолданыстағы кодекс баптары қатаңдатылды.

Отбасындағы зорлық-зомбылық – агрессияның ең көп таралған және әлеуметтік қауіпті түрлерінің бірі. Бұл мәселе тұтас бір мемле­кеттің, оның экономикасы мен сая­си жүйесінен сытылып шығып, жал­пы қоғам қасіретіне айналып ба­рады. Осы орайда 1993 жылы БҰҰ-ның бас ассамблеясы әйелдерге қарсы зорлық-зомбылықты жою ту­ралы декларацияны қабылдаса, 2014 жылы әйелдер мен қыздарға қарсы зомбылықтың алдын алуда Ыстамбұл конвенциясы қабылдан­ған болатын. Ал 2015 жылы БҰҰ-ға мүше елдер 2030 жылға дейінгі тұ­рақты дамуға байланысты күн тәр­тібін бекітті. Қазақстан да зорлық-зомбылықтың барлық түрімен күрес механизмдерін жолға қойғаны­на қа­рамастан, соңғы бес жыл­дағы көр­сет­кіш көңілдегідей емес. Біздің өңі­рі­мізде биылғы жылдың ішінде 813 отбасылық-тұрмыстық құқық бұзу­шы­лық тіркеліп, 205 адам әкімшілік қамауға алынды.

Отбасындағы жанжалдан бас­талып зорлық-зомбылыққа ұласа­тын әрекеттерден зәбір көретіндер­дің басым бөлігі – балалар мен 26-45 жас ара­лы­ғындағы әйелдер. Қылмыстық статистика бойынша соңғы үш жылда тұрмыстық әлім-жеттік көрген әйелдердің көрсеткіші 25 пайызға артқан. Әйелдер мен ба­лаларды ұрып-соғу, зорлау, өлтіру сияқты қоғамды алаңдататын ең ауыр қылмыстар туралы үнемі естиміз де бізге қа­тысы жоқтай күнделікті тірлігімізді жалғастырып жүре береміз. Осы­лай­ша қоғам қалыпты өмірін өткізіп жатқанда, күн сайын өзіміз тұратын үйдің ішінде, бәлкім ту сыртында, я қараңғы бұрылыстарда ешкімге байқалмайтын зорлық-зомбылық оқиғалары орын алуда.

Мұндай мәселе әлеуметтік-тұрмыстық тұрақсыздық, жұмыс­сыздық, жалпы психологиялық тұ­рақсыздық, отбасының материал­дық деңгейінің төмендігі, маскүнем­дік, адами құндылықтың құлды­рауы және отбасы институтының жоғалуы салдарынан орын алады. Бұдан бөлек, интернет пен бұқара­лық коммуникациялардағы алкогольдік ішімдіктің, қатыгездіктің, зор­лық-зомбылықтың насихатталуы да әсер етпей қоймайды. Өкінішке қа­рай, зорлық-зомбылық әрекет­тері жоғары білімі, беделді қызметі, жақсы табысы бар адамдар ара­сында да жиі орын алуда.

Мемлекеттік органдар мен аза­маттық қоғамның қабылдап жатқан шараларына қарамастан елімізде отбасылық-тұрмыстық зорлық-зом­былық деңгейі жыл санап артып келеді. Ішкі істер министрілігінің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аталмыш мәселені ерек­ше атап көрсетіп, кешенді алдын алу шараларын қабылдау керекті­гін айтқан болатын. Бас прокурату­раның 2018-2022 жылдар аралығындағы ақпаратына сүйенсек, ауыр және аса ауыр қылмыстардың көрсеткіші біршама артқан. Оның ішінде әйелдерге қатысты ауыр қыл­мыстар 153 пайызды, ал аса ауыр қылмыстар 20 пайызды құрап отыр.

Зорлық-зомбылық көрсеткіш­терінің артуының бірнеше себебі бар. Соның ең бастысы – қиын жағ­дайға тап болған жәбірленушінің қайда барарын, кімнен көмек сұра­рын білмей, тауы шағылып, жағдай­ға мойынсұнуы. Кейін жағдайдың дұрысталатынына, жәбірлеушінің сабасына түсіп, өзгеретініне соңы­на дейін сенеді. Әрі көп жағдайда күйеуіне қаржылай және психоло­гиялық жағынан тәуелді болғандық­тан, болған жағдайды жылы жауып қоя салады. Өздері жұмыс істемей­тін, күйеуінің табысына қарап отыр­ған әйелдер полицияға арызданса, оған айыппұл салынатынын неме­се әкімшілік жаза қолданылатынын біледі. Екі жағдайда да отбасына ке­сірі тиеді. Қылмыстық жаза тағайындалып, бас бостандығынан айырылса, балаларын қалай асы­рарын білмей басы қатады. Сол се­бепті көптеген әйелдер жанына бат­са да шыдап, тек өлім аузына таяған шақта ғана полицияға жүгі­неді. Мұндай жағдайда балалар­дың жағдайы тіпті қиын. Ата-анасы ажырасуға дейін барғанда баланың ойы күпті болып, күнделікті қамқорлық, мейірім және махаббаттан қағылудан қорқады. Қорғансыздың күйін кешкен бүлдіршін жанжал­дасқан әке-шешесіне көмектесуге тырысып, психологиялық, кейде тіпті таяқтың астына түсіп, жапа ше­гіп жатады.

Шынымен, зорлау фактілерін жасыруға тырысып, тіпті құқық қор­ғау органдарына жүгінгісі келмейтіндер көп. Қоршаған ортасы сөз етіп, болған жайды бетіне басады деп қорқады. Жоғарыда көрсетіл­ген цифрлардың барлығы тек ресми статистика. Біз қорқыныштан, ұяттан және отбасылық тәуелділік салдарынан жәбірленушілер іштей тынып, қаншама қылмысты жасы­рып жатқанын анық білмейміз. Отбасындағы зорлық-зомбылық үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту­дың уақыты келді. Аталмыш мәсе­лені шешуде гендерлік теңдік мәсе­лесіне мән беру, жұмысқа орна­ласу талаптарының тең болуын қамтамасыз ету, осылайша әйелдердің қаржылық тәуелсіздігін қа­лыптыстыру үшін жағдай жасау қажет деп есептеймін. Оны мектеп қабырғасынан қалыптастыру маңыз­ды. “Қалың мал” беріп, келін тү­сіргендер осылайша “сатып алған” бойжеткенді енді күңдікте ұстауға болады дейтіндер әлі де кездеседі.

Қоғамның берекесі отбасын­дағы ахуалға тікелей байланысты. Кез келген зорлық-зомбылық түрі жа­засыз қалмауы тиіс. Бұл ретте түс­кен қоңырауға бірден әрекет етіп, құқық бұзушыны жазалауда по­лицейлерге үлкен жауапкершілік жүктелген. Біздің өңірімізде биылғы жылдың 6 айында полиция органдары 21 факті тіркеген екен. Әйелдерге қатысты қылмыстық құ­қық бузушылықтар 57 фактіден 48-ге дейін 15 пайызға кемігені қуантады. Алты ай бойы тәртіп сақшы­лары 300-ден астам рейдік шара жүргізіп, 82 тұрмысы нашар отбасын тіркеген. Мұның барлығы жай ғана сандар емес, тәулік бойы тыным таппай қоңырауларға шығып, үйлерді аралаған тәртіп сақшыларының еңбегінің көрсеткіші.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте жанжалқойларды тәртіпке шақыратын баптар да жәбірленуші тарапты қорғай алмай келгенін мойындау қажет. Жа­қында кодекске зорлық-зомбылыққа қатысты жазаны қатаңдату бойынша түзетулер енгізіліп, 1 шіл­деден бастап құқықтық құжат заңды күшіне енді.

XIX ғасырдың ортасына дейін көптеген елдердің құқықтық жүйе­сін­де әйелді ұрып-соғу заңға қарсы әрекет деп есептелмеген. Бүгінде Еуропаның мемлекеттерінде заң­ды мейілінше қатаңдатуды қолға алды. Әлемдік тәжірибеде отбасы­лық зомбылықпен күрестің тиімді тәсілі ретінде қорғау ұйғарымы институты құрылды. Мәселен, Ав­стралияда қорғау ұйғарымы жәбірелеушінің үйге, оның аумағына, жұмыс орны мен балалар баратын мектеп немесе балабақшаға ба­руына тыйым салады. Мұндай қорғау шаралары әдетте 14 күнге созы­лады, кейбір жағдайларда бір жыл­ға немесе ажырасқанға дейін ұзартылуы мүмкін. Елімізде де қорғау ұйғарымын бұзғандарға жауапкер­шілік қатаңдатылды. Әкімшілік құ­қық бұзушылық туралы кодекске енгізілген толықтырулар бойынша енді ішкі істер органдардарының ұйғарымын бұзғаны үшін 10 тәулікке қамауға алынады. Бұрын 5 күн болатын. Биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында 1527 ұйғарым шығарылып, 89 адам жауапқа тартылды. Десек те біздегі ұйғарымдар зомбылық құрбандарын толық­қан­ды қорғай алып отырған жоқ. Құқық қорғау органдарына жүгінген жәбірленушіден агрессор алшақ­татылмайды. Оның басқа баспанасы болған жағдайда ғана үйден аластату туралы ұйғарым шыға­рылады.

Жаңа өзгерістерге сәйкес енді учаскелік инспектордың, жә­бір­ле­нушінің туыстарының және көрші­лерінің арызы іс ашуға негіз бола алады. Арыздар қайта қайтарыл­майды. Полиция қызметкерлері от­басындағы зорлық фактісін зерттемес бұрын міндетті түрде оқыты­лады. Бұл өте дұрыс шешім деп есептеймін. Сонымен қатар жаңа нормаға сәйкес тараптар бір рет қана татуласа алады. Екінші рет сотқа жүгінген жағдайда, татуласу мүмкіндігі берілмейді. Осылайша агрессордың оңайлықпен жауап­кер­шіліктен құтылып кетуіне жол берілмейді. Отбасылық жанжал үшін оған ескерту жасалады не­месе бес тәулікке қамауға алына­ды. Бірінші реттен сабақ алмаған жағдайда 10 тәулікке қамалады. Қол көтерсе 10 күнге, зомбылық әрекетін қайталаса 20 күнге тұтқын­далады. Жәбірленушінің денсаулы­ғына зиян келтірсе – 15, қайта­ласа 25 тәулікке дейін темір торға тоғытылады.

Жәбір көрушілерге психололиялық, медициналық, заңгерлік көмек көрсетуде дағдарыс орталықта­рының маңызы зор. Елімізде 41 дағдарыс орталығы бар. Олардың 14-і мемлекеттік. Әрине, орталықтар саны әлі де жеткіліксіз. Сонымен қа­тар мемлекеттік және мемлекеттік емес дағдарыс орталықтарынының жұмыстарын біріздендірген дұ­рыс. Мысалы, жәбірленуші мемлекеттік дағдарыс орталықтарының көмегіне полицияға арыз түсірген соң ғана жүгіне алады. Мемлекеттік орталықтарды қаржыландыру мәселесінде де қиындықтар бар. Жә­бірленушілер бірден дағдарыс орталықтарына жүгінетіндей жағдай жасау маңызды. Ол үшін орта­лықтарды мемлекет тарапынан қар­жылай қолдау қажет. Отбасылық институтты нығайту және тұрмыс­тық жайсыздықтардың, зорлық-зомбылықтардың, балалар бул­лингінің алдын алу бойынша негізгі мақсатты индикаторларды өңірдің аумақтық дамуының жоспарына енгізетін кез келді деп есептеймін. Кәмелеттік жасқа толмағандар және әйелдер жөніндегі комис­сия­ның жұмысын қайта қарап, тиімді болмаса, оны қайта құру немесе жабу керек.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына қызмет көрсету стандарттарын да өзгерту қажет. Мысалы, әйлдердің дағдарыс орта­лықтарында 6 ай емес, одан ұзақ болғаны дұрыс.

Зорлық-зомбылық қоғамда жат құбылысқа айналуы тиіс. ЮНИСЕФ сауалнамаларына сәйкес, Қазақ­стандағы ересектердің 46 пайызы физикалық жазаны тәрбиелеудің қолайлы бөлігі және тәртіп үшін қажет деп санайтынын білесіз бе? Менің ойымша, бұл зорлық-зомбылықты тудырады. Балаларымыздың бойына қорқыныш пен қаты­гездікті сіңіру арқылы болашақ ұрпақ арасында зорлық-зомбылықты көбейтетінімізді естен шығармаға­нымыз абзал.

Жанат ЖҰМАБАЕВ,

Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша өкілі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp