«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қажымұқанның ізбасарлары

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Петропавлда алғаш рет “Қажы­мұқан жолы” атты жоба жүзеге асы­рылды. Жарыс Гиннес рекордтар кітабының Қазақстандағы ресми амбассадоры Сергей Цырульни­ковтың бастамасымен өтті.

Бұл жоба елімізде осымен сегізінші жыл қатарынан ұйым­дастырылып отыр. Бұған дейін алып күш иелері қатысқан жарыс Ақ­тө­бе, Түркістан, Павлодар, Ақмола, Шығыс Қазақстан облыстарынанда өткен болатын. Оның басты мақ­саты – Қажымұқан Мұңайтпасұлы сал­ған сара жолды жалғастыруды мұ­рат тұтқан жастар қатарын мо­лайту, өскелең ұрпақты саламатты өмір салтына баулу.

– Қажымұқан Мұңайтпасұлы – қазақ халқының тарихындағы тұң­ғыш кәсіпқой балуан. Ол бүкіл ғұмырын күрес өнеріне арнап, елімізді өзге жұртқа паш еткен. Талай бел­десуде атышулы қарсыластарынан айласын асырып, көзі тірісінде ерлігі аңызға айналып үлгерді. Орасан күштің иесі болған балуан бабамыз күрестің бірнеше түрінен әлем чемпионы атанды. Ардақты тұл­ғаның есімін ұлықтау арқылы оның жолын жалғастыратын ұрпақ тәр­бие­леуіміз керек, – дейді Сергей Цы­рульников.

Петропавлдың орталық ала­ңында өткен жарыс бес кезеңнен тұрып, жобаға 8 өңір тұрғыны қа­тысуға мүмкіндік алды. Алдымен қа­тысушылар ауыр қап­тар­ды көтеруден сынға түссе, кейін 120-130 келілік тасты көтеру бо­йынша бақтарын сынады. Үшінші кезеңде оларға 1 минуттың ішінде 120 келілік бөренені көтеру міндеті қойылды. Алып күш иелері темірді майыстырудан да алдарына жан салмады. Бұл кезеңдерден сүрінбей өткендер белбеу күресінде өз ара­ларында үздікті анықтады. Са­йыста бірінші орын Әділ Қайыровқа бұйырса, екінші сатыға Әділет Мұр­заш жайғасты. Қола жүлде Бауыр­жан Мусинге берілді. Қатысушы­лардың барлығына арнайы сыйлық­тар, ал жеңімпазға “Қажымұқан жо­лы” белбеуі табысталды.

Аманжол НҰРТАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp