Петропавлда алғаш рет “Қажымұқан жолы” атты жоба жүзеге асырылды. Жарыс Гиннес рекордтар кітабының Қазақстандағы ресми амбассадоры Сергей Цырульниковтың бастамасымен өтті.
Бұл жоба елімізде осымен сегізінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Бұған дейін алып күш иелері қатысқан жарыс Ақтөбе, Түркістан, Павлодар, Ақмола, Шығыс Қазақстан облыстарынанда өткен болатын. Оның басты мақсаты – Қажымұқан Мұңайтпасұлы салған сара жолды жалғастыруды мұрат тұтқан жастар қатарын молайту, өскелең ұрпақты саламатты өмір салтына баулу.
– Қажымұқан Мұңайтпасұлы – қазақ халқының тарихындағы тұңғыш кәсіпқой балуан. Ол бүкіл ғұмырын күрес өнеріне арнап, елімізді өзге жұртқа паш еткен. Талай белдесуде атышулы қарсыластарынан айласын асырып, көзі тірісінде ерлігі аңызға айналып үлгерді. Орасан күштің иесі болған балуан бабамыз күрестің бірнеше түрінен әлем чемпионы атанды. Ардақты тұлғаның есімін ұлықтау арқылы оның жолын жалғастыратын ұрпақ тәрбиелеуіміз керек, – дейді Сергей Цырульников.
Петропавлдың орталық алаңында өткен жарыс бес кезеңнен тұрып, жобаға 8 өңір тұрғыны қатысуға мүмкіндік алды. Алдымен қатысушылар ауыр қаптарды көтеруден сынға түссе, кейін 120-130 келілік тасты көтеру бойынша бақтарын сынады. Үшінші кезеңде оларға 1 минуттың ішінде 120 келілік бөренені көтеру міндеті қойылды. Алып күш иелері темірді майыстырудан да алдарына жан салмады. Бұл кезеңдерден сүрінбей өткендер белбеу күресінде өз араларында үздікті анықтады. Сайыста бірінші орын Әділ Қайыровқа бұйырса, екінші сатыға Әділет Мұрзаш жайғасты. Қола жүлде Бауыржан Мусинге берілді. Қатысушылардың барлығына арнайы сыйлықтар, ал жеңімпазға “Қажымұқан жолы” белбеуі табысталды.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.