«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АҚЫН ӨЛЕҢДЕРІНІҢ НҰСҚАЛАРЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Абайтану тарихында Зейнелға­би­ден Әміреұлының есімі лайық­ты орын алуы тиіс. Профессор М.Мыр­захметов оны “ұлттық ой-санасы ерте оянған, сол жолда қолынан келер әрекеттен аянбаған, Абай мұ­ра­сын баспасөзде насихаттап, татар халқына танытуға арнаған талпыну­шылардың бірі”, – деп таныстырады. Зейнелғабиденнің 1909 жылы Уфа қаласында басылған: “Насихат Қаза­қия” кітабы – Абай мұрасын наси­хат­тау мен алғаш танып, дәл бағалауда революцияға дейінгі дәуірдегі әде­биет­те өзіндік орны мен белгілі дәрежеде ерекшелігі бар еңбектер қата­рына жатады” деген зерттеуші пікірін қуаттай отырып, бұл мақаламызда берілген осынау бағаға қосарымызды айтқымыз келеді. “Насихат Қаза­қияны” қазақ әдебиетінің көкейкесті мәселелерін ерте қозғаған аса құнды ғылыми еңбек деуіміз керек.

Мұхтар Әуезов Абай өлеңдерінің Зейнелғабиден жариялаған нұсқала­рын жоғары бағалап, оларға “ерекше ілтипатпен қарағанын” М.Мырзахме­тов нақты мысалдармен дәлелдейді. Мысалы, Абайдың 1945 жылғы 100 жылдық мерейтойына арналып дайындалған толық жинаққа осы “На­сихат Қазақия” кітабында басылған бір топ Абай өлеңдері ішінен “Қар­тайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек”, “Ал енді жақсы дейміз кімді қалап”, деген атпен басылған екі өлеңін М.Әуезов өз қолымен көшіріп ендір­ген. Бірақ М.Әуезов ұсынған екі өлең де мерейтойлық жинаққа белгісіз бір себептермен енбей қалғанына зерттеуші куәлік етеді. Бұл, әрине, құнды дерек. “Қартайдық, қайғы ой­ладық, ұйқы сергек” деп басталатын өлең 1995 жылғы жинақта бар, екінші “Ал енді жақсы дейміз кімді қалап…” енгізілмеген.

Зейнелғабиден, әсіресе өз зама­нындағы қазақ өлеңінің деңгейіне қа­нағаттанбай, талап биігін өсіре түсе­ді. “Орыстардың Пушкинінің” шығар­малары орыстың халық тілінде жазылғандығымен құнды” екенін дәл басып, Абайдың ақындық шеберлігі­не осы мұнарадан қарап, бағалайды. Қазақ әдебиеті мен мәдениетінің бағ­дарын Абай белгілеп бергенін, де­мек, Абайдан үйрену керектігін, Абай өсиеттерін жалғастыра, дамыта орындау керектігін көрсетеді. “Ғы­лым, өнер іздеу жайында мәшһүр Ибраһим Құнанбаевтың бір сөзі:

Жол көрмек, жоба білмек, жиһан кезбек,

Бой жеңбек, ер жігітке ақыл таппақ.

Тағдырын жүрушінің хақтан біліп,

Көшелі өнер иесін жүрсе жақтап.

Ниетің түзу болса сенің аппақ,

Екі елі аузыңа қойсаң қақпақ,

Сыбыр, өсек дегеннен сырттай жүріп,

Ғылым, өнер, мал таппақ, жұртқа жақпақ”, – деп Абайға жүгінеді, Абай беделін, өнегесін алға тартады.

Осы екі шумақ өлеңді жоғарыда өзіміз пайдаланып отырған, 1995 жылы “Жазушы” баспасынан екі том болып шыққан академиялық жинақ­пен салыстырғанымызда, бірінші шу­мақтың үшінші жолындағы:

“Тағдырын жүрушінің хақтан біліп”, деген тіркес жинақта біраз өзгеріп:

“Тағдырын көрушінің хақтан біліп”, болып берілгені назар аудар­тады.

М.Мырзахметов “Бұл екі шумақ өлең өзінің тақырыбы мен өлең са­рыны жағынан Абайдың “Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек”, – деген өлеңімен сабақтасып жататынын” дәл байқаған.

Ал енді осы екі жолдың бірінші­сін­дегі “жүрушінің” екіншісінде “көру­ші­нің” болып өзгеріп шыққанына абай­танушылар назар аудара қойма­ған сияқты. Заты, осы екеуі де, бір қа­рағанда, түсініксіздеу көрінеді. Үңіле түссек, Зейнелғабиден Әміреұлы нұс­қасындағы “жүруші” өлеңнің тұтас маз­мұнына сыйымды, мәтініне қо­лайлылау көрінеді.

Шумақ басындағы “Жол көрмек, жоба білмек, жиһан кезбек” дегенге “Кім?” деп қарсы сұрақ қойсақ, “көруші­ден” гөрі “жүруші” – өмір сүруші, жал­ғанда тіршілік етуші, бұл дүниенің қы­зы­ғын “жүріп” көруші ретінде түсінік­ті­рек. Әлбетте, бұл ойымыздың тияна­ғы әзір берік емес екенін айта тұрсақ та, З.Әміреұлы бастырған “Тағдырын жүрушінің хақтан біліп”, – деген нұсқаға сенгіміз келіп тұрады. Оған тіпті екін­ші шумақтың үшінші жолындағы “Сы­быр, өсек дегеннен сырттай жүріп” деген жолдағы “жүріп” те жақтас бо­латын сияқты.

Абайдың көп жұмбақтарының бірі осындай.

Сондай-ақ М.Мырзахметовтің байқап ескерткен тұсы да шешімін кү­тіп тұр. “Жол көрмек, жоба білмек” деп басталып, З. Әміреұлы жинағы арқылы кеңес тұсындағы жинақтарға кірген бұл екі шумақ 1995 жылғы ака­демиялық жинақта “Кейін табылған өлеңдер” деген тақырыппен жеке топ­тамаға қосылған. Бәлкім, бұл шумақ­тар “Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергекпен” сарындас қана емес, осы өлеңнің соңғы 13-14 шумақтары ре­тінде қосылып басылса, түсініктірек болмас па? Осылайша шашау күйін­де “Жол көрмек, жоба білмек, жиһан кезбек” деп басталатын екі шумақ басы жоқ, аяғы келте түрінде тұрғаны түсініксіз екені де мойындалады.

Абай жинақтарында ұшырасып қалып отыратын қайталаулар дәл осы екі өлеңге жалғас “Адасқанның алды – жөн, арты – соқпақ” деп баста­латын жеті шумақ өлеңде де кездесе­ді. Мысалы, өлеңнің соңғы шумағын­дағы “Адал еңбек, мал таппақ, жұртқа жақпақ” деген тіркестер, осының ал­дында біз қарап, тексерген өлеңдер­де “Ғылым, өнер, мал таппақ, жұртқа жақпақ” немесе, “Ақыл таппақ, мал таппақ, адал жүрмек” түрінде мағына жағынан жақын.

З.Әміреұлы жинағындағы “То­бықты Ыбырай марқұмның сөздері­нен” деп үш бөлініп, бірінен кейін бірі тізіліп берілген 66 жол өлеңді түсініп, тексеріп оқып шыққанда, солар түге­лімен Абайдың ойынан тумаған деу­ге аузымыз бармайды. Рас, М.Мыр­захметов байқағандай, “текстология жағынан осы күнгі біз көріп жүрген нұсқалардан айырмашылығы” бар. Және бір емес, бірнешеу. Тұтас шу­мақтар, жолдар, тіпті мүлде басқа ойды білдіретін тұстары аз емес.

Мысалы, М.Әуезов осы өлеңнің бірінші шумағын жеке жазып алып, текстологиясына назар аударғаны мәлім. М.Әуезов жазбасында бұл шу­мақ былай келеді:

Адасқанның алды – жөн, арты – соқпақ,

Оларға жөн – адамның сөзін ұқпақ,

Қас маңғаз, малға бөккен, кісімсініп,

Әсте жоқ, кеселді істен биттей қорықпақ.

Кейінгі, біз негізге алып отырған 1995 жылғы жинақта осы төртінші жол:

Әсте жоқ, кеселді істеп биттен қорықпақ, – болып беріліпті.

Біздің ойымызша, осы екі нұсқа да түсініксіз. Қисын бойынша, Абай жазған асыл түпнұсқасы:

Әсте жоқ, кеселді іс деп биттен қорықпақ, – болса керек. Көшірмеден кеткен тағы бір қате ретінде осыны атап көрсетcек жөн емес пе?

Дегенмен бұл өзгешеліктер тура­лы: “Зейнелғабиден кітабында ар­найы түрде берілген Абай өлеңдері­нің бір тобы дәл осы ел аузынан жазып алып, баспасөзге түскен түрі деп сеніммен айта аламыз” деген зерттеуші М.Мырзахметовтің үзілді-кесілді пікірімен келісе алмаймыз. Оның себебі тағы да Абайдың ақын­дық машығына, оның шығармашы­лық лабораториясына жетелейді. М.Әуезовтен бері бастап айтылып келе жатқан сөздер тегін емес: “Абай қағазға жазып тастап балаларына, шәкірттеріне береді екен. Кейде сол отырған жеріне қалдырып кетеді екен” дегенді осы зерттеу жұмысын­да бірнеше мәрте келтірдік. Бірақ: “Абайдың ақындық мінезі осындай екен деп, ол бір жазғанына қайтып оралмайды” деуге болмайтынын да ескерттік.

Бұдан шығатын қорытынды: З.Әміре­ұлының осы жинағындағы өлеңдерден Абайдың өз қолтаңба­сын тапқандаймыз. Өлеңдік құны, мә­тіннің ой қуаты, сөз қисыны Абайдың өзіне келіп-ақ тұрған жерлері аз емес. Сондықтан, бұл да Абайдың өз қо­лынан шыққан өлеңдер деуге лайық. Олар – Абай қайта қарап, кей жер­лерін қайта жазып шыққан алғашқы нұсқалардың бір түрі, немесе бұлар алғашқы түрі, қазіргі жинақтардағысы Абайдың қайта қарап түзеткені болса ше?.

Ол үшін көзі қарақты оқырман екі нұсқаны салыстырып көрсін. Тіпті, З.Әміреұлы нұсқасында, “харамдық”, “халалдық”, “беклік”, “қаж сахауат” де­ген сөздердің бүгінгі жинақтарда ке­ңестік атеистік лексикаға сай бейім­деліп “жаңаша” түзетілгені, тіпті

Шариғат турасымен тексерем деп,

… Сүннәтсізге бай құмар көп берем деп…

деген жолдардың мүлде түсіп қалғаны айқын көрініп тұрғандықтан, олар туралы сөз қозғамадық та.

Тағы бір салыстыруды талап ететін мәтін бар. Ол – “Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы…”, – деп баста­латын көпке танымал өлең. 1995 жылғы академиялық жинақта бұл шығарма 15 шумақ болып берілген. Осы өлеңді тұтас күйінде бір шығар­ма ретінде оқып шыққанда, өлең қисынына қарай алтыншы шумақтан бастап, ақын тақырыптан ауытқып, екінші бір ойға ауысқандай әсер қал­дырады. Өлеңнің басындағы бес шу­мақ ақындық шеберлік, сөз қасиетін тану тұрғысында дербес мағына бе­ріп, сол мағынаның түйінімен “Қа­зақтың келістірер қай баласы?” деген сұрақ түрінде, тілек түрінде тиянақ табатын сияқты. Және де сол бес шу­мақ та біріңғай “сарасы”, “данасы”, “сөз арасы”…, “бар таласы”, “таңдама­сы”, “қай баласы” деген ұйқаспен жазылған. Р.Нұрғали түзген “Ұйқас сөз­дігінде” бұл қатар былай берілген: “Сарасы – данасы, айналасы, сөз ара­сы, бишарасы, бір парасы, басы, ара­сы, Алласы, ғұламасы, наласы, шамасы, таласы, таңдамасы, баласы”.

Ал келесі шумақтар, мысалы “Бұрынғы ескі биді тұрсам барлап” деп басталатын алтыншы шумақтан бастап, 15-шумақтың ақырғы жолы үне­мі “ап” көсемшемен ұйқасады. Әл­бетте, бір өлеңнің бойында бірнеше ұйқас кездесіп отыратыны таңқалар­лық емес. Біз бұл белгіге қарап қана өлеңнің тұтастығына күмән келтіріп отырған жоқпыз. “Насихат Қазақия­да” “Өлең сөздің патшасы, сөз сара­сы…”: 4 шумақ және екі жол, барлығы 16 жол болып жеке берілген. Қазіргі мәтінімен салыстырғанда өзгешелік бар. Ендігі міндет – осы өзгешеліктің сипаттары туралы.

Бірінші шумақтың екінші жолы “Қиыннан қиыстырған – ер данасы”. Яғни өлеңді “Сөздің патшасы” дең­гейіне көтеріп, “қиыстырған – ер данасы”. Қиыстырған, жасаған. Өткен шақ. Болған, біткен іс.

Ал қазіргі мәтінде “Қиыннан қиыс­тырар – ер данасы” болып, етіс­тіктің келер шақ тұлғасында тұр. Бұл – Абайдың тілегі, арманы. Яғни “ер­лердің данасы” ғана қиыстыра ала­ды. Ақын талапкерді осы өреге ұмты­луға шақырады. Әрі қарай жалғасты­рып: “Теп-тегіс жұмыр келсін айнала­сы”, деп тілейді. Өлеңдік қасиеті жа­ғынан қарағанда “қиыстырған” неме­се “қиыстырар” екеуі де өз орнында. Тек “ер данасынан” кейін нүкте қойыл­са, “қиыстырған” салмақтылау, ал “қиыстырар” үтір сұрап тұр. Қазіргі жинақтардағы “ер данасынан” кейінгі нүкте ойды аяқтап, алғашқы екі жол­ды жеке сөйлем ретінде бөліп таста­ғаны көңілге қоныңқырамайды. Егер “қиыстырарға” тоқтайтын болсақ, шумақтағы 4 жол бір демде, ұзақ бір сөйлем болып тұтас оқылуы тиіс.

Екінші шумақта екі мәтін біріне-бірі толық сәйкес келеді. Тек қана, реті келіп тұрғанда “Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы” деген тіркестегі “бөтен” сөзі жөнінде өзіміз байқаған бір жайды айта кетуіміз керек. Өйт­кені айтпағымыздың Абай ойын түсінуге қатысы бар-ау деп есептейміз.

“Бөтен” сөзін біздің замандаста­рымыз қазіргі түсінік бойынша “өзге”, “басқа”, тіпті “кірме сөз”, “басқа тіл­ден енген сөз” мағынасында түсіне­ді. Ия, бір қарағанда өлең мәтінінің “өзге”, “кірме”, басқа тілден алынған сөздермен шұбарланбағаны дұрыс. Бірақ Абай өз шығармаларында араб, фарси, тіпті орыс тілдерінен сөз алып қолдана береді ғой. Онда­ғысы – сөз таба алмағандықтан ба, немесе ұйқас үшін бе екен? Ойла­нуға тұратын мәселе.

Алдымен Абайдың өзі қолдан­ған өзге тілдерден кірген сөздерге назар аударып көрдік. Сонда көзіміз жеткені – Абай арабтан, фарсиден, орыстан сөз алғанда, а) айтпақ ойын неғұрлым дәл, жинақы, ұшқыр жеткі­зу үшін алады екен; ә) сатира тұрғы­сында кекету, мұқату үшін, ащы мыс­қыл, бұлтартпас сыни ойын ықшам білдіру үшін алады екен.

“Интернатта оқып жүр”, басқа емес, медресе, мектеп, школа емес, дәл сол “интернатта” деген термин сөз. “Здравомыслящий” – қазақша бір­неше сөзбен шұбалаңқы түрде “дұрыс ой қорытатын”, “салауатты ой-пікір иесі” деген сияқты. “Зани­май­ся прямотой” – ісің де, сөзің де әділ болсын, өмірге тура жолды таң­да, өсек-аяң, алдауға барма, т.с.с.

Сонда “бөтен сөз” дегенді Абай қай мағынада қолданған? Біздің ойы­мызша, Абай бұл арада жалған сөй­леме, сөз арасына өтірік сезім қоспа дегенді меңзеп тұр Мұның дәлелі ретінде араб тілінде “шындық”, “ақи­хат” деген сөздердің антонимі, қарсы мағынасында қолданылатын буһә­тән (бөтен) деген сөздің бар екенін айтқымыз келеді.

Үшінші шумақта да екі нұсқаның арасындағы едәуір айырмашылық­ты байқаймыз. 1995 жылғы жинақта:

Әуелі аят, хадис сөздің басы,

Қосарлы бәйітмысал келді арасы.

Қисынымен қызықты болмаса сөз,

Неге айтсын пайғамбар мен оны алласы.

Осындағы бәйітмысал, басылым­дарда әртүрлі жазылып жүр. Осы жинақта берілген түсінікте: бәйітмысал – бәйіт (арабша) – өлең, “Бәйіт мысал” – мысал өлең, үлгі-өнеге өлең”. “Абай тілінің сөздігінде” бұл сөздің мағынасы қарама-қарсы түсіндірілген. Яғни “Бәйітсымал”. Бәйіт­сымақ, өлеңсымақ.

Құрастырушылар бұл сөзді тү­сіне алмай, көп қиналғанын, 1909 жылғы алғашқы жинақтан бері қарай келе жатқанына қарамастан, “Бәйіт мысал”, – деп түзеткенін жазады.

Қайсысы дұрыс? 1961 жылғы жинақта “Бәйітсымал”. Ахмет Байтұрсыновтың жазып алған нұсқасында “Бәйітсымал”. Біз анық түсіне алмаған, қазір көнерген сөздер қатарын­дағы арабтың бұл сөзін А.Бай­тұрсынов білетініне күмән келтіруге бола ма?

“Қисынымен қызықты болмаса сөз,

Неге айтсын пайғамбар мен оны Алласы”, – деген сөйлемге үңіле қара­ған адам бұл жолдардан әжуа, сын-сықақ көріп тұрғандай. Атеистердің аят пен хадистердің терең мәнін түсінгісі келмей, мысқылдайтыны осындай болатын. Оның үстіне

“Неге айтсын пайғамбар мен оны Алласы…”

Кімнің Алласы? Немесе пайғам­бар мен Алла атынан айтылатын аят пен хадистен Абай сияқты хақ мұсылман қызық іздей ме? Ойланып кө­рейікші.

Ойланайық та, “Насихат Қазақиядағы”:

“Әуелі аят, хадис сөздің басы,

Мінәжат уәлилердің зар наласы”, – деген жолдарды оқиық. Діндәр уәлилердің мінәжат қылған­дағы зарлы наласы құлағыңызға келе ме? Ислам – бағыныштылық, иман – құлшылық сезімі екенін еске алсақ, аузынан Алласын тастамай­тын Абай сөзі осындай десек ше?

Бір сөзін бір сөзіне қиыстырар,

Әр бірі келгенінше өз шамасы, деген сөйлемді төртінші шумақтағы:

Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы, деген ұғымнан айырып алу оңай ма? Көрініп тұрған тұтастыққа, ой жалғас­тығына күмән бар ма?

Бұларды жазғанда Абай өлең шығаратындардың кемшілігін бетіне баспайды. Кешіріммен қарайды. “Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады”, “Сонда да олардың бар таңдамасы” десек, теріс бола ма? деген ой түйгіміз келеді.

Енді бір байқағанымыз: 1995 жылғы жинақта:

“Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы” деген жол “Насихат Қазақияда” “Өлеңге әркімнің-ақ бар тайталасы” болып берілгені.

“Талас” дегеннен гөрі өлең, өнер – бәсеке, “тайталас”, деп түсінсек, ойға қонымдырақ сияқты. Рас, бұл жолда бір буын артық тұр. Техникалық жағынан алғанда “бар тайтала­сы” – “бар таласынан” олақтау. Дегенмен Абайда мұндай буын саны­ның бірлі-екілі артық-кемі бола бе­ретінін білеміз. Абайдың өлеңдері ішкі ойға құрылатынын кезінде Ахмет Байтұрсынов та атап көрсеткен.

Дәл осы тұста, “Насихат Қазақия” нұсқасындағы біраз жайды қозғап, өз пікірімізді білдіре отырып, ондағы “Сырты алтын, іші күміс сөз жақсы­сын” дегендегі, “алтынның” сыртына, “күмістің” ішіне ауысқанын орынсыз көрініп отырғанымызды да айтуды парыз санаймыз. Бәлкім, бұл да өлең техникасының бір көрінісі – “сырты алтын” деген тіркестегі жуан дауысты дыбыстардың, “іші күміс” дегендегі жіңішке дауыстылардың үндесуін жөн көрген көшірмеші, түпнұсқасындағы “іші алтын”, “сырты күміс” түріндегі дауысты дыбыстар­дың үндестігі ақсап жатқанын бай­қап, “түзетіп” жіберді ме екен? Қалай да бізге, 1995 жылғы жинақтағы “іші алтын”, “сырты күмісті” қабылдау оңай.

Осы “Насихат Қазақиядағы” соңғы екі жол:

Көз жұмып дүниеден өткеніңше

Адамның таусылмайды қаптама­сы, – деген сөйлем бөгде біреудің артық қоспасы сияқты болып тұр.

Қазіргі жинақтарда осы өлеңнің тоғызыншы шумағының төртінші жолы

“Былжырақ көрінеді солар даңдақ” деп өріледі.

Осындағы “даңдақ” деген не сөз? Құрастырушылар бұған назар ауда­рып, бұрынғы басылымдарды тексе­ріп шыққан. 1909, 1922 (Қазан және Таш­кент) жылдардағы жинақтарда “солар даңдақ”. 1933 жылғы жинақта “соларды аңдап”, 1939, 1945, 1954 жылдардағы жинақтарда “бәрі даң­дақ”. 1957-1977 жылғы жинақтарда “соларды аңдап”. Біздің тапқанымыз – А.Байтұрсынов мәтінінде (1913 ж.) және 1961 жылғы жинақта “соларды аңдап”.

Академиялық жинаққа 1909, 1922 жылғы басылымдардағы “солар даңдақ” нұсқасы енгізілген. Тиіс­ті түсінікте былай жазылған: “Ақын бұл жерде: мал алу үшін, бай­ларды мақтайтын ақындардың өлеңі “қазаққа қадірсіз”, “былжырақ”, мағы­насыз, “даңдақ” көрінеді, – деп отыр”.

Тағы бір нұсқа бар. Ол – 1909 жыл­ғы жинақтың соңына берілген Абайдың өмірбаяны мәтінінің ішін­дегі осы өлеңнің үзіндісі. Онда “был­жырақ көрінеді солардан да-ақ” бо­лып басылған. Біздің түсінігімізше, мұн­дай ақындардың сөзі піспеген, өлең дәрежесіне жетпеген деген ма­ғынаны білдірсе керек. Шешімі та­былған жоқ. Сөйтіп, беймәлім “даң­дақ” сөзін жазып қойып, және оның мағынасына түсінік бермеу, оқырманға да, Абайға да қиянат болмай ма?

1995 жылғы жинақтың ІІ-то­мы­ның 28-бетіндегі “Көк тұман – ал­дыңдағы келер заман…” деп баста­ла­тын өлеңнің мәтінінде көзге түскен түйіткілдер жөнінде біраз сөз айтуға тура келеді. Осы өлеңнің екінші шу­мағының үшінші жолы:

Соның бірі – арнаулы тауысын­шақ күн.

Осындағы “тауысыншақ” түсінік­сіз. Дұрысы – “таусыншық”, яғни таусылып бара жатқан, болымсыз қалдық болуға тиіс. “Абай тілінің сөздігінде”: “Таусыншық. Шолти­ған, біткен қалдық”. Сөздікке де, жи­наққа да 1957 жылы М.Әуезовтің бас­қаруымен шыққан екі томдық жинақ негіз болған. Яғни онда бұл сөз түзу жазылған. Кейінгі құрастырушылар түзетіп жіберген, бірақ түсінік бермеген.

Осы сөзді төркіндетіп, А.Байтұр­сы­новтың 1913 жылы жазған “Қазақ­тың бас ақыны”, – деген мақаласын­да мысал үшін келтірілген өлеңнің мә­тінімен салыстырдық. “Таусын­шық күн” екен. Ахаң өзінің қолына “1903 жылы Абай өлеңдері жазылған дәп­тер түскенін” жазады және 1909 жыл­ғы алғашқы кітапты да атайды. Де­мек бұл сөз әуелде дұрыс “тау­сын­­шық” түрінде болған. Бірақ Ахмет Байтұрсынов қолындағы екі нұсқа­ның қайсынан алғанын жазбапты. Бір сөздің төңірегінде осынша тәп­тіштеп айтуымыздың мәнісі бар.

А.Байтұрсынов нұсқасындағы өлең мәтінінде қазіргі жинақтағыдан өзгелік бар. Мысалы, төртінші шумақтан кейін келетін:

Малға сат, пайдаға сат қылығыңды,

Ылайла ылай оймен тұнығыңды, –

Сонда өмірден алдамшы бола алмассың,

Ол білдірмей ұрламақ қылығың­ды, – деген шумақ түсіп қал­ған. Се­бебі белгісіз. Академиялық жинақты құрастырушылар бұл жө­нінде ес­кертпе берген: “Өлеңнің төр­тінші шу­мағына жалғас келетін: “Малға сат, пайдаға сат қылығыңды”, – деп бас­талатын 1909 жылғы жинақтан бас­тап 1957 жылғы жи­наққа шейін басы­лып келе жатқан бе­сінші шумағы 1977 жылғы жинақта “Жасөспірім замандас қапа қылды” өлеңінің со­ңына тіркеліп басылған…” Неге? Жауап жоқ. Жоғарыда айттық, Ахмет Байтұрсыновта да түсіп қал­ған. Ойлануға тұра ма? Бәлкім, Ахаң­ның қолындағы 1903 жылғы дәптер­де осындай шығар.

Міне, осылайша Абай шығарма­ларының әр кезде жарияланған нұсқаларын салыстыра отырып, оларда орын алған айырмашылықтардың мәнін анықтауға, сол арқылы ақын шығармаларының канондық мә­тініне бір табан болса да жақындай түсуге болатындай. Біздің бай­қағандарымыз үшінші және одан кейінгі көшірмелердегі өзгешеліктер ғана.

Өз қолымен жазған, түзеткен қол­жазбалары сақталмаған ақынның шығармаларын тексеріп, канондық мәтін түзуді кешеуілдете беруге бол­майды. Бұл – біздің ұрпақтың дәуі­рінде шешілуі керек. Осынау маңыз­ды іске кіріскенде, Мүрсейіттің қолжаз­баларынан бастап, бұрын-соңды жарияланған белгілі нұсқаларды то­лық ескеріп, неғұрлым терең ғылыми сараптаудан өткізген дұрыс болар еді. Абайтанудың қазіргі деңгейі осындай іргелі зерттеу жұмыстарын талап етеді.

Абай шығармаларының әлдене­ше қайта басылып келе жатқан нұс­қаларының ішінде ақынның бір жа­рым ғасырлық мүшеліне орай, қа­зақтың білікті оқымыстыларының кү­шімен дайындалған 1995 жылғы нұс­қасының ғылыми-танымдық құнына шек келтіруге болмайды.

Абай шығармаларының аталған екі томдық ғылыми жинағын баспаға дайындау үстінде жаңадан текстоло­гиялық зерттеу жұмысы жүргізілген. Шығарушылар алқасы “Абай шығар­маларының Мұхтар Әуезовтің басқа­руымен және тікелей қатысуымен дайындалып, 1957 жылы жарық көр­ген екі томдық толық жинағын негізге ала отырып… барлық шығармалардың текстін бұрынғы жинақтармен және жазба дерек саналып жүрген белгілі қолжазбалармен қайтадан салыстырып, тексеріп” шыққан. Со­ны­мен бірге “түсініктер де тың де­ректермен толықтырылып, бірталай тұстарда қайтадан” жазылған.

Шығармашылық топтың құра­мында болған белгілі абайтанушы Қайым Мұхаметханов осы жинаққа “бұрын Абай жинақтарында қате басылып жүрген 250 сөзді түзетіп, 120 сөзге түсінік жазғанын” өзі айт­қан. Қайым марқұм Абай шығарма­ларының кітап болып басылуында текстология мәселелеріне жеткілікті мән берілмейтіндігін де қынжыла жеткізген еді.

Әлбетте, академиялық жинақты шығарушылар ісімізде мін жоқ демеген. Оған жинақтың кіріспесіне жазылған мына салмақты ескертпе дәлел бола алады:

“Бұл жерде бір назар аударар­лық жай – Абай шығармаларында жекелеген сөздердің әр түрлі қолжаз­балар мен бұрынғы басылымдарда әр қалай оқылатын тұстары кездесе­тіндіктен, мынадан ана нұсқасы ар­тық, дұрысырақ, сол неге алынбаған, деп әркім өзінше дәлел келтіруге себеп мол. Сондықтан бірді-екілі сөз болса да, жеке адамның жобалауынша өзгертілмей, нақтылы деректерге сүйеніп және ғылыми ортада тал­қыланып, академиялық басылымды дайындайтын шығарушылар алқа­сының пікір қорытуымен шешім алынғаны дұрыс”.

Абай мұраларын ұрпақтан-ұрпаққа абайлық қалпында, “Іші – ал­тын, сырты – күміс” қасиетімен жет­кізу міндетін мойынға алу – өте жауап­ты міндет.

Қайым абыз өмірінің соңында кейінгі талапшыл, талғамшыл ұрпақ­қа аманат ретінде: “ғылым жолында жүрген қай-қайсымыз болсын, Абайға қызмет ете білуіміз керек”, – деп, өмірдегі “…басты арманымның бірі – Абай өлеңдері текстология­сының толықтырылған жаңа нұсқа­сын шығару болып табылады”, – деп ағынан жарылғанына куәміз.

Зарқын ТАЙШЫБАЙ,

М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың профессоры, Қазақстан Жоғары мектебі Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp