Дана сөздің иесі, данышпан, ойшыл Абай атамыздың рухани мұрасымен сусындау мен үшін үлкен олжа. Ұлы ақынның “Ғылым таппай мақтанба!” деген өлеңін бастауыш сыныпта оқып жүргенде жаттап алған едім. Содан бері ғұламаның кітаптары қолымнан түскен емес.
Мен Абай атамыздың бес асыл ісіне асық, елімнің жанашыры болуды мақсат етемін. Бос уақытымда кітап оқып, үйірмелерге баруды әдетке айналдырғанмын. Аудандық, облыстық, республикалық байқауларда бірнеше мәрте бақ сынадым. Менің өлеңге деген қызығушылығымды байқаған ұстазым Гүлдана Қайықбаева дәстүрлі Абай, Мағжан оқуларына, оқушылар арасындағы әдеби байқауларға тұрақты қатыстырып, бағыт-бағдар беруде. Жуырда мен білім алып жатқан оқу ордасында Ерік Асқаров атындағы облыстық ақындар мектебінің филиалы ашылып, жас айтыскерлер үйірмесіне қабылданған болатынмын. 2022 жылы дәстүрлі “Мағжан оқулары” респуликалық ғылыми шығармашылық байқауының “Ақын да бір бала ғой айға ұмтылған” номинациясы бойынша аудандық, облыстық кезеңнен сүрінбей өтіп, республикалық сайыста екінші орынды жеңіп алдым. Биыл “Дарын” республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен өткен Абай оқуларының “Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда” аталымында бірінші орын бұйырды. Бүгінде осы байқаудың республикалық кезеңіне дайындалудамын. Бұл сайыстың облыстық кезеңінде “Абай баба” (Абайға арнау) өлеңім қазылар алқасының назарына іліккен еді. Мен Абай атамыздың өлеңдері мен қарасөздерін, жаттап, ой елегінен өткізіп отырамын. Данышпан ақынның:
Әсемпаз болма әрнеге,
Өнерпаз болсаң, арқалан.
Сен де бір кірпіш дүниеге,
Кетігін тап та, бар қалан! – деген өлең жолдарын жадыма тоқып, санама бекітіп, бойыма дарытып, өмірімнің басты қағидасы ретінде ұстанамын.
Кәусар ТӨРЕХАН.
Бәйтерек орта мектебінің оқушысы.
Қызылжар ауданы.