«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Тамшылатып суарудың пайдасы көл-көсір

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Әлем бойынша климаттық жағдайлардың күрт өзгеруіне және суға деген сұраныстың күрт артуына байланысты тіршілік көзінің жетіспеушілігі байқалып отыр. Осындай тығырықтан шығудың жолын өңірде бірінші болып Тайынша ауданына қарасты “АСТЫҚ-СТЕМ” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ұсынды. Бұл кәсіпорын тамшылатып суару әдісін алғаш рет енгізіп, игілігін көріп келеді.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетовтің қатысуымен өткен жиында шаруашылықтың іс-тәжірибесі өзгелерге үлгі етіліп, агроөнеркәсіп кешенін дамытудың ұлттық жобасы шеңберінде 2025 жылға дейін суармалы алқаптар көлемін ұлғайтудың кешенді іс шаралар жоспары талқыланды. Марат Иманбайұлы өз сөзінде ауыл шаруашылығы саласында су ресурсы маңызды рөл атқаратынын айта келіп, тамшылатып суару жүйесі су ысырабын азайтып, өнім мөлшерін арттыратынына тоқталды. “Шілде айы өте ыстық болып, рекордтық көрсеткішке жетті. Бұл жағдай астық дақылдарының вегетациялық кезеңімен тұспа-тұс келіп, елеулі қиындықтар тудырды. Дүниежүзілік қалыптасқан тәжірибеге сүйене отырып, тамшылатып суару арқылы тығырықтан шығуға болады”, – деді ол.

Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Мейрам Меңдібаев Президент бекіткен агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде облыста 2021-2025 жылдар кезеңінде суды үнемдеу технологияларын (жаңбырлатып және тамшылатып) қолдана отырып, суармалы егістік алқаптарының көлемін 5,4 мың гектарға дейін ұлғайту жоспарланып отырғанын жеткізді. Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарын суару алаңы 2 есеге ұлғайып, 4713,5 гектарды құрап отыр. Оның ішінде тамшылатып суару – 522,5, жаңбырлатып суару – 4191 гектар. Жаңадан суармалы жерлер бойынша 5 инвестициялық жоба енгізілді. Шал ақын ауданында Ғабиден Балғынбеков жетекшілік ететін “Asyl Farms” ЖШС 4 техника сатып алып, орнатқан. Суару алқабы – 356 гектар, онда 186 гектар жем-шөп, 20 гектар картоп, 150 гектар дәнді дақыл өсіріледі. Ғабит Мүсірепов атындағы ауданға қарасты “Астық Привольный” ЖШС-да 140 гектар аумаққа (жүгері, жоңышқа) суару әдісі енгізілмек. Бүгінде қажетті арнайы жабдықтар әкелініпті. Осы аудандағы “ES Global Agro” серіктестігі де егістіктерді суару жүйесіне көшті. 3816 метр полиэтилен құбыры тартылып, 1,5 шақырым электр желісі жүргізілді. 300 гектар жерді суару үшін 3 жабдық орнатылды. Есіл ауданында “Явленское МТС” ЖШС суармалы жерлерді кеңейту бойынша жұмыстарды аяқтап, озық технологияны 300 гектар жерге қолданбақ. Айыртау ауданында “АгроЕлецкое” ЖШС электр желісіне арналған тіректер орнатып, 9 техника сатып алды. Мұнда 383 гектар егістік алаңы озық әдіспен суарылады.

Жуырда облыс әкімі басқарма басшысына Иман-Бұрлық каналын қалпына келтіру туралы тапсырма берген болатын. Бұл шамамен 3 мың гектар егістікті суаруға мүмкіндік береді.

Жиында “АСТЫҚ СТЕМ” ЖШС-ның директоры Сергей Звольский өз тәжірибесімен бөлісті. Бұл кәсіпорын алғашқы жылы 10 гектар алқапты тамшылатып суару арқылы 90 тонна өнім алыпты.

Соңғы жылдар фермерлер үшін үлкен сынақ болды. Ауа райының қолайсыздығы мен жауын-шашынның жетіспеушілігі дақылдардың жоспардағыдай өсуіне, мол өнім алуға кері әсерін тигізді. Сондықтан су үнемдеу технологияларына біртіндеп көшу басты бағыт болып отыр.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltüstık Qazaqstan”

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp