«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жауапты кезең

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тағатсыздана күткен егін жинау науқаны да басталып, диқандар қауымы күздік бидайды оруға қызу кірісіп кеткен. Гектар түсімділігі әзірге 14,3 центнерден айналуда. “Баянтай”, “Атамекен Агро Корнеевка”, тағы басқа серіктесіктердің қимылы ширақ”. Өңір басшысы Айдарбек Сапаровтың төрағалығымен өткен облыстық әкімдік отырысында осылай мәлімдеген ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Мейрам Меңдібаев жауапты науқанға әзірлік, жемшөп қорын молайту барысын баяндады.

Биыл, жалпы астық алқабы 4,5 млн. гектар болса, дәнді дақылдар – 3 млн., майлы дақылдар  960 мың гектар жерге егілген. Топырақтың құнарлылығын арттыру үшін 2,3 млн. гектар алқапқа 175 мың тоннаға жуық тыңайтқыш сіңірілген. 44,2 мың тонна элиталық тұқым себілген. Астық берекелігін арттырудың бұдан басқа да агротехгикалық шараларын қолданудың нәтижесінде дәнді дақылдардың 78,5, майлы дақылдардың 61,4 пайызының шығымдылығы көңілдегідей.

Күзгі ораққа 13092 түрлі маркалы трактор, 7484 комбайн,  4601 жатка, 5844 жүк көлігі қатысады деп белгіленсе,  97 пайызы әзірлік сапына қойылған. Жыл басынан бері 40,3 млрд. теңгеге 1635 техника бірлігі сатып алынып, машина-трактор паркі жаңартылған. Бүгінге дейін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер 58,9 мың тонна жанар-жағармай отынына келісімшарт жасасқан.

Астық қабылдау қоймаларының сыйымдылығы 6,8 млн. тоннаны құрайды, оның 3,6 млн. тоннасы лицензиялы 48 элеватордың еншісінде. Жыл аяғына дейін сыйымдылығы 22 мың тонна болатын үш астық қоймасы пайдалануға берілмек.

Астық қабылдау және сақтаумен “Азық-түлік келісімшарт корпорациясы” АҚ-ның облыстық бөлімшесі айналысады. Оған 23 астық қабылдау пункті тиесілі.

Алайда ауыл шаруашылығы саласын дамытуға мемлекет тарапынан 63,1 млрд. теңге бөлінгеніне қарамастан субсидиялау бойынша іркілістер жоқ емес. Қажеттіліктерді өтеу үшін 44 млрд. теңге қажет.

Өңіріміздегі 432,3 мың бас ірі қара, 441,2 мың бас қой-ешкі, 141,5 мың бас жылқы, 232,7 мың бас шошқа, 4,5 млн. құсқа 940 мың тонна шөп, 211 мың тонна пішендеме, 216 мың тонна сүрлем, 867 мың тонна сабан, 818 мың тонна жем-азық қажет. Тапсырманың орындалуы – 82-88 пайыз. Бұдан бөлек, жеке аулаларға тиесілі 64084 бас мал үшін 617 мың тонна шөп,  555 мың тонна сабан,  524 мың тонна жемазығын дайындау міндеті тұр. Бұл көрсеткіш 46,6 пайызға атқарылған.

Облыстық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығының жетекшісі Қабиден Сәдуақасов Уәлиханов ауданында итальяндық прус шегірткесі ұялап, 1027 гектар жер өңделгенін жткізді. 21 мың гектарға зерттеу жүргізіліп, кененің ошағы табылған. Жағдай ерекше бақылауда, ушығып кетсе, астық экспортына кері әсер етуі ықтимал.

Облыс әкімі ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасына аудан әкімдерімен, сондай-ақ жергілікті агроқұрылымдарымен бірлесіп, егін орағына тартылатын техникалардың әзірлігін толық қамтамасыз етуді, қосалқы бөлшектерді үздіксіз жеткізуді, сервистік қызметтердің, дүкендердің, сондай-ақ барлық элеваторлар бойынша астықты қабылдауды, сонымен бірге жанар-жағармай материалдары мен операторлардың жұмысын тәулік бойы ұйымдастыруды тапсырды.

Отырыста инвестициялық жобаларды іске асыру мәселесі де талқыланды. 2022 жылғы инвестициялық рейтингке сәйкес өңір көш бастап тұр. Бірақ оған тоқмейілсуге болмайды. Бағдарламалардың ойдағыдай іске асырылуына бақылау жеткіліксіз.

Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Дархан Әмрин әр ауданмен бірлесіп, инвестициялық жобалар пулы құрылғанын, оның негізінде мониторинг жүргізілетінін мысалға келтіргенмен, жартыжылдық қорытынды бойынша 2023 жылға арналған 44 жобаның тек 20-сы ғана іске қосылып, 173 жұмыс орны ғана құрылған. 8 жоба келесі жылға қалдырылған.

Өңір басшысы саланың жұмысын сынға алды. Биыл тек 1  ғана жоба жоспарлаған аудандардың әкімдеріне ескерту жасалды. Ақжар, Уәлиханов аудандарының өңдеу өнеркәсібінде бірде-бір инвестициялық жоба іске асырылмағандықтан, әкімдеріне сөгіс жариялады.

“Аудандардың барлық әкімдеріне кемінде 3-4 жобаны жоспарлауды жүктеймін. Ұлттық экономика министрлігі бұл бағытқа 496 млрд. теңге бөліп отыр.  Оны игеру міндет”, – деген Айдарбек Сейпілұлы инвестиция тарту экономиканың өсуінің негізгі драйверлерінің бірі болып табылатынын атап өтті.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp