Соңғы уақытта нәзік жандар арасында жатырдың қатерлі ісігіне шалдыққандар саны көбеюде. Мамандардың айтуынша, осыдан бірнеше жыл бұрын аты жаман дертпен 45 жастан асқандар ауырса, соңғы кездері ісік 25-30 жастағы қыз-келіншектерден табылуда. Биыл онкологиялық орталыққа жүгінген 35 адамнан жатыр обыры анықталған.
– Қыз-келіншектердің 33-інде ісік ерте сатысында анықталды. Ал екеуінікі – 4-ші деңгей. Біреуі үй жағдайында өз бетінше емделмек болған. Екіншісі ақхалаттылардан ұялып келмеген, – дейді облыстық көпбейінді аурухана жанындағы онкологиялық орталықтың онкогинекологы Ольга Краснопевцева.
Аурудың пайда болып, асқынуының бірнеше себебі бар, соның ішінде семіздік, қант диабеті мен артериалды гипертензия көп әсер етеді. Ең жаманы бұл дертке шалдыққан нәзік жандар құрсақ көтере алмайды.
Мамандар науқастарды хирургиялық, химиялық-терапиялық, сәулелі және гормоналды терапиялық жолмен емдейді. “Жатырдан қанды сұйықтық бөлінсе дереу дәрігерге көріну қажет. Әр әйелдің өмірі мен денсаулығы өз қолында. Ерте сатысында анықталған жатыр обырын бір ғана отамен емдеуге болады”, – дейді 30 жылдық тәжірибесі бар Ольга Краснопевцева.
Бүгінде орталықта жатыр обыры ауруымен 678 адам есепте тұрса, соның 447-сі дерттен құлантаза айыққан. Жалпы бұл кесел таралуы бойынша онкологиялық аурулар арасында көш бастап тұр.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.