«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖҰМЫСТЫ ЖЕДЕЛДЕТУДІ ТАПСЫРДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңір басшысы Айдарбек Сапаров облыс орталығындағы білім ошақтарын аралап, жаңа оқу жылына дайындық барысын тексерді.

Алдымен облыс әкімі №17 ұлттық жаңғыру мектеп кешеніне барып, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

Жөндеуге жауапты “Спектр-Стройсевер” ЖШС басшылығының айтуынша, жергілікті бюджеттен 17 млн. теңге бөлінген. Кәріз жүйесі толық жаңартылмақ. Қабырғалар сырланып, еденге төселетін линолеум ауыстырылған. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін арнайы дәретхана орнатылады.

“BEST” гимназиясында 900-ден астам оқушы білім алады. Мектепке күрделі жөндеу жұмыстары осыдан 5 жыл бұрын жүргізіліпті. Айдарбек Сейпілұлы мектеп ауласындағы шөптің шабылмағанын, футбол алаңы көңіл көншітпейтінін ескертіп, білім ордасының басшысына бұл жұмыстарды тез арада ретке келтіруді жүктеді. Қала орталығында орналасқан оқу ордасы барлық жағынан үлгі болуы қажеттігін, балалардың кез келген уақытта, демалыс кезінде де бұл жерге келіп ойнауына мүмкіндік жасалуы керектігін қадап айтты.

“Дарын” мектеп-лицейін күрделі жөндеу жұмыстары “Тілек-2030” серіктестігіне тапсырылыпты. Қарастырылған қаражат – 38 млн. теңге. Өкінішке қарай, кәсіпорын бір апта бұрын ғана жұмысқа толыққанды кіріскен көрінеді. Заманауи жылыту құрылғыларын орнатуға 2 адам ғана тартылған. Техникалық қадағалауға жауапты мамандардың айтуларына қарағанда, жұмысқа 10-нан астам адам жұмылдырылған жағдайда ғана күрделі жөндеуді 25 тамызға дейін аяқтауға болады. Мердігер компанияның басшысы жұмыстардың кестеге сай жүргізіліп жатқанын және белгіленген уақытқа дейін аяқтайтынына сендіріп бақты.

Алайда өңір басшысы серіктестік жетекшісінің уәдесіне күмән келтіріп, келісімшартты бұзу қажеттігін атап өтті.

Ә.Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатында 500 оқушы білім алуда. Олардың көбі интернатта тұрады. Білім ордасының жылу жүйесін қалпына келтіруге 55 млн. теңге қакрастырылған. Тексеру барысында білім ошағының жаңа оқу жылына мүлдем дайын еместігі мәлім болды. Санитарлық бөлмедегі душтар дұрыс істемейді, дәретханалардың да жағдайы мәз емес, спортзалға кіру мүмкін емес.

“Ғимараттың ішін жөнге келтіріп, сыртын қаптап, спортзалға бірден өтетін өткел жасау керек”, – деген Айдарбек Сейпілұлы жаңадан мектеп-интернат тұрғызу туралы шешім қабылдағанын жеткізді.

Жалпы білім беретін ІТ лицей жеке кәсіпкерге тиесілі. Нысанды жалға алуға мемлекет есебінен ай сайын 500 мың теңге бөлінеді. Сол себепті кәсіпкер оқушылар үшін барлық жағдайды жасауы қажет.

60 жылдық тарихы бар №27 мектепте абаттандыру жоғары деңгейде жүргізілген. Спортзалы жөнделіп, сыныптар ретке келтірілген. Енді сумен жабдықтау жүйесі қалпына келтірілсе, мектептің жайнап шыға келері анық.

“Мен жуырда білім ордаларының 1 қыркүйекке дайындығына қатысты жедел кеңес өткізіп, жауапты мамандарға бірқатар тапсырма берген болатынмын. Қаладағы 6-7 мектепті аралап шықтым. Ешқандай өзгеріс байқалмайды. Жұмысты ширату керек. Тез арада комиссия құрып, 3 адамнан бөлініп, аудандардағы мектептерді қадағалауды тапсырамын. Қала бойынша 5 комиссия құрылып, барлық мектептер қамтылуы тиіс. Абаттандыру жұмыстарына да назар аудару керек. Әр сыныпты жіті тексеру қажет. Жылыту маусымына әзірлік те пысықталсын. Көмірдің уақытылы жеткізілуін қадағалаңыздар”, – деген Айдарбек Сейпілұлы қала әкімі мен қалалық білім бөліміне барлық мектептердегі жөндеу жұмыстарын 25 тамызға дейін аяқтауды тапсырды.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp