«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Әлеуметтік әріптестіктің ықпалы мол

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Кәсіптік одақтар” туралы Заңда кәсіподақтар өндірістік-салалық қағидат бойынша да құрылатыны жазылған. Қалалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының жұмысы осы ережеге негізделген, яғни ол ортақ еңбек, өндірістік мүдделермен байланысты қызметкерлерді топтастыратын салалық бірлестік болып табылады. 75 ұйымға біріккен 6 мыңға жуық кәсіподақ мүшесі жұмыскерлер, жұмыс берушілер, мемлекеттік органдар арасындағы еңбек қатынастарын, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық қатынастарды реттеу мәселелері бойынша тең құқықтық ынтымақтастыққа негізделген өзара байланыстар жүйесін басшылыққа ала отырып, еңбек және әлеуметтік құқықтар мен мүдделерді қорғауға, әлеуметтік әріптестік ықпалдастығын арттыруға жәрдемдесуге, келісім жобаларын дайындап, оны жасасу жөніндегі келіссөздерге қатысуға, жарғылық мақсаттарды іске асыруға белсенді түрде атсалысып келеді. Ал кәсіподақ бірлестігі жарғының ережелерін, кәсіподақ органдарының шешімдерін, ұжымдық шарт, салалық, өңірлік міндеттемелерді орындауға, өкілеттіктер шеңберінде әлеуметтік-еңбек жанжалдарының алдын алу жөнінде шаралар қолдануға, құқықтық сауаттылықты арттыру, еңбек дауларында пәтуаға қол жеткізу дағдыларын дамыту жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізуге, еңбек тәртібі, оның қауіпсіздігі мен қорғау қағидаларын сақтауға ықпал жасауға міндетті. Бұдан бөлек, жұмыссыздыққа қарсы күрес және жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету, жалақының, зейнетақының, жәрдемақының ең төмен деңгейін арттыру сияқты мемлекеттің әлеуметтік саясатты қалыптастырудағы рөлі де айтарлықтай. Сала қызметкерлерінің әлеуметтік-еңбек құқықтары мен кәсіби мүдделерін жақсартуға арналған кешенді іс-шаралар топтамасында әлеуметтік-еңбек қатынастарын дамыту мәселелеріне, өзекті проблемаларды шешуге, кәсіподақ ұйымдарының ұйымдастырушылық қызметін нығайту мен жетілдіруге басымдық берілген. Әлеуметтік әріптестік туралы келісімшарттың орындалу жайы тұрақты назарда ұсталынады. Біріккен отырыстарда ол жөніндегі келісімдердің орындалуы, мұғалімдердің еңбек құқығының бұзылуына жол бермеу, қорғау шараларын күшейту, жұмыс берушілердің еңбек заңнамасын орындауына қоғамдық бақылауды ұйымдастыру, кәсіподақ мүшелеріне заңгерлік көмек көрсету, анықталған заң бұзушылықтарды жою, алдын алу мәселелері талқыланып, түрлі кеңестер берілді. Еңбек заңнамасын қадағалауда тексеру комиссиясы өз жұмысын бекітілген кестеге сәйкес жүргізе отырып, қызметкерлердің еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғау тақырыбы аясында құқықтық жалпы оқыту семинарларын ұйымдастырды. “Біз біргеміз” акциясы шеңберінде педагогика ардагерлеріне, көпбалалы отбасыларға азық-түлік себеті тапсырылып, материалдық көмек көрсетілді. “Мектепке жол” республикалық акциясы бойынша оқушыларға әрқайсысы 20 мың теңгеден 10 сертификат тапсырылды. Мүгедектігі бар ұстаздарға да қаржылай қолдау көрсетілді. Қалалық білім бөлімімен келісе отырып, білім ошақтарындағы кітапханашыларға, медицина қызметкерлеріне, әдістемелік бірлестік жетекшілерінің ақылы еңбек демалысы үш күнге дейін ұлғайтылды. Қала намысын қорғап, Таразда өткен республикалық спартакиадаға қатысушыларға 50 мың теңгеден бөлінді. Мұның бәрі ұжымдық шарт жасасу барысында жан-жақты ескеріліп отырады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық Кәсіподақтар федерациясының ХХYІ съезінде сөйлеген сөзінде кәсіподақтарға еңбек адамының құқықтарын қорғау, оның лайықты тұрмыс сапасы мен жұмыс жағдайын қамтамасыз ету жолында мәртебелі миссия атқаратын аса маңызды қоғамдық институттың бірі деп баға бере отырып, ерекше міндеттер жүктелетінін айтты. Еңбекті Қазақстан қоғамының негізгі құндылығы ретінде дәріптеуге айрықша көңіл аударды. “Әділетті әлеуметтік мемлекет құру үшін кәсіподақ қызметінің нысандары мен әдістерін үнемі жетілдіріп, әлемде болып жатқан өзгерістерге орай, тиімді іс-қимыл стратегияларын әзірлеу қажет. Сондықтан Кәсіподақтар федерациясы әлеуметтік әріптестермен бірге еңбек қайшылықтарын реттеудің және қызметкерлердің заңды мүддесін қорғаудың өркениетті тәсілдерін белсенді пайдалануы керек”, – деп атап көрсетті. Кәсіподақтардың дәнекерлігі мен медиациясы арқылы білім және ғылым қызметкерлерінің, жұмыс берушілердің тең құқылы диалогының арқасында ғана еңбек қатынастарын тиімді реттеуге болатынын кәсіподақ мүшелері жақсы түсінеді. Салалық кәсіподақтың еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігі саласындағы қаулылары мен нұсқаулықтарының іске асырылуы аса маңызды. Кәсіподақ ұйымдарындағы қоғамдық инспекторлар мектептердегі еңбек жағдайы мен қауіпсіздікті жақсартуға бағытталған ондаған ұсыныс енгізді. Тәжірибелік және әдістемелік көмек көрсету мақсатында еңбек инспекциясы өкілдерінің, бастауыш кәсіподақ ұйымдары төрағаларының қатысуымен семинарлар өткізілді. Еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігі акциялары мен байқауларына қатысушылардың қатары артып келеді. Кәсіподақ шешімдерін орындау ықпалдылығын арттыру үшін бастауыш ұйым жетекшілерінің есептерін тыңдау дәстүрге айналған.

Бәсекеге қабілетті еңбек адамын құрметтеу – кәсіподақ ұйымдары қызметінің басты ұстанымы. Қазақстанда “2023 жыл – қауіпсіз еңбек жылы” ретінде белгіленіп, оның қорытындысында қалалық балаларға әлеуметтік қызмет көрсету орталығы кәсіподақ ұйымының төрайымы Елена Шляхина “Үздік ұжымдық келісімшарт” аталымы бойынша жеңімпаз атанды. Оған “Еңбек озаты”, мекеме басшысына “Үздік әлеуметтік әріптес” медалі табыс етілді. Бірінші қалалық жалпы білім беретін IT-лицейінде әкімшілік пен кәсіподақ ұйымының бірлесе жұмыс істеуінің арқасында толыққанды шығармашылық ұжым қалыптасқан. Мұнда еңбек ететіндердің төрттен үші – кәсіподақ мүшелері. Екітараптық ұжымдық шартта бірқатар жеңілдіктер, әлеуметтік кепілдіктер көрсетілген. Мәселен, кәсіподақ мүшесінің еңбек демалысына қосымша екі күн қосылады. Мерейтой иелеріне, жас жұбайларға дербес құрмет көрсетіліп, сый-сияпат жасалады. Петропавл ауыр машина жасау зауыты кәсіподағының іс-тәжірибесі өзгелерге үлгі ретінде айтылды. Кәсіпорында кадрларды даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру ережесі бекітілген. Жас мамандардың кәсіби шеберлігін жетілдіруге, корпоративті еңбек мәдениетін арттыруға ерекше көңіл бөлінеді. Еңбек қауіпсіздігі талаптарын бақылайтын қоғамдық инпекторлар жұмыс істейді. Жұмысшыларға дәрі-дәрмек сатып алуға, емделуге, сауықтыру орындарында демалуға қаражат қарастырылған.

Салалық кәсіподақ ұйымы белсенді де табанды әрекеттерді талап ететін мәселелерді мүдделі ұйымдармен бірлесе отырып шешудің жолдарын тынбай іздестіріп келеді.

Сәлима МӘКІШЕВА,

Петропавл қалалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының төрайымы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp