Петропавлда “Бір ауыл – бір өнім” байқауының жеңімпаздары белгілі болды. “Мен кәсіпкермін” кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасы аясында өткен сынға өңірдің 15 тауар өндірушісі қатысты.
Арнайы құрылған қазылар алқасы мүшелерінің шешімімен облыста үш финалист анықталған болатын. Енді үздік бизнес субъектілерінің иелері маркетологтардың көмегімен тауарларын сертификаттаудан өткізіп, аймақтың бренді ретінде көрші облыстар мен шетелдерге экспорттауға мүмкіндік алмақ.
– Бұл жобаға қатысуға 15 солтүстікқазақстандық тауар өндіруші өтінім берді. Олар өз тауарларын шілденің 9-ы күні өткен “Қазақстанның үздік тауары” өңірлік байқауы мен “Бір ауыл – бір өнім” көрмесіне ұсынған еді. Оның қорытындысы бойынша байқаудың екінші кезеңіне 10 кәсіпкер өтті, – дейді облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Тимур Бекеев.
Палатаның жанынан арнайы комисия құрылды, оның құрамына кәсіпкерлікті дамыту институттарының, мемлекеттік органдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, бизнес субъектілері мен сарапшылар кірді. Қазылар алқасының назарына әйелдер шығаратын киім, бал, ет, сүт өнімдері, табиғи косметика, зергерлік бұйымдар, аксессуарлар ұсынылды. Нәтижесінде үш жеңімпаз анықталды. Ярослава Пилипушко бал мен бал өнімдерін дайындаса, Лариса Первушина табиғи сабын, косметика шығарады, Ольга Даншина ешкі сүтінен ірімшік пен йогурт жасайды. Жыл соңында өңірлік кезең жеңімпаздары “Бір ауыл – бір өнім” республикалық көрмесіне қатысады.
Аманжол ЗАҒЫПАР,
“Soltüstık Qazaqstan”.