Мемлекеттің ең басты құндылығы – адам. Біздің елімізде әлеуметтік жағдайы төмен түрлі санаттағы азаматтар аз емес. Статистикалық мәліметке сүйенсек, облыста еңбекке қабілеттілігінен айырылған 2277 адам, асыраушысы жоқ 1476 жан мемлекеттен әлеуметтік көмек алады. Одан бөлек, материалдық көмекке мұқтаж көпбалалы отбасылар да бар. Осы және басқа да санаттағы жандардың мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік төлемдер бойынша сауалдарына Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Гүлбақыт Манабаева жауап берді.
Сандуғаш ДӘУКЕНҚЫЗЫ,
Тайынша ауданының тұрғыны:
– Менің үш балам бар. Наурыз айының соңында кіші балам бір жарым жасқа толып, мемлекеттен берілетін ай сайынғы жәрдемақы тоқтатылды. Отағасының жалақысы – 70000 теңге. Осы орайда менің білгім келгені, біздің отбасымызға Үкімет тарапынан қандай жәрдемақылар мен әлеуметтік көмек берілуі тиіс? Жалпы жәрдемақы мен әлеуметтік көмек беру тәртібі қандай?
–Қазақстан Республикасының 2023 жылғы 20 сәуірдегі №224-VII әлеуметтік кодексіне сәйкес атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен аспайтын жағдайда төленеді. 2023 жылдың үшінші тоқсанындағы кедейлік шегі – 32788 теңгені құрайды. Ол ел азаматтарына, қандастарға, босқындарға, шетелдіктерге және Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын азаматтығы жоқ адамдарға беріледі. Осы санаттағылар шартсыз немесе шартты ақшалай көмек түрінде АӘК алуға құқылы.
Өтініш беруші тоқсан сайын отбасының цифрлық картасында кірістер туралы ақпарат болмаған кезде АӘК алу құқығын растайды. АӘК алуға үміткерлер тұрғылықты жері бойынша мансап орталығына (бұрынғы жұмыспен қамту орталығы), ал тұрғылықты жері бойынша мансап орталығы болмаған жағдайда, кент, ауыл, ауылдық округ әкімдігіне жүгінеді. АӘК тағайындауға өтінішті тұрғылықты жері бойынша мансап орталығына, кент, ауыл, ауылдық округ әкімдігіне өздігінен “Электрондық үкімет” порталы арқылы беруге болады (egov.kz).
Сәния ЕСКЕНОВА,
Есіл ауданының тұрғыны:
– Мен жалғызбасты анамын. Ұлым 13-те. Осы күнге дейін мемлекеттік көмек алып көрмеппін. Пәтер жалдап тұрамын. Тапқан табысым пәтерақыдан, азық-түліктен артылмайды. Жалғызбасты ана ретінде мемлекеттің көмегін алу үшін қандай әрекет жасауым керек?
– Сіздің орташа табысыңыз кедейлік шегінен аспаса онда мемлекеттен жәрдемақы ала аласыз.
Асқар САҚТАҒАНОВ,
Петропавл қаласының тұрғыны:
– Зайыбымның аяғы ауыр. Өзім әкімдікте бас маман болып жұмыс істеймін, мемлекеттік қызметшімін. Бала бір жарым жасқа толғанға дейін берілетін жәрдемақыны өзімнің атыма рәсімдесем бола ма? Табысым туралы декларация тапсырған кезде кері әсерін тигізбей ме?
– Бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты кірісінен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемді тағайындау Қазақстан Республикасының 2023 жылғы 20 сәуірдегі №224-VII Әлеуметтік кодексіне сәйкес және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 27 маусымдағы №248 бұйрығымен бекітілген “Жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты кірісінен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемдерді, бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты кірісінен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемнің мөлшерін есептеу (айқындау), тағайындау, жүзеге асыру, тоқтата тұру, қайта есептеу, қайта бастау, тоқтату және оларды тағайындау (тағайындаудан бас тарту) туралы шешімді қайта қарау қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
Бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты кірісінен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем – қордан әлеуметтік төлемдерді алуға құқығы бар міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыға, яғни балаға күтім жасайтын анасына немесе әкесіне тағайындалады. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 100-бабына сәйкес ата-анасының таңдауы бойынша – баланың анасы не әкесіне бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақысы сақталмайтын демалысқа шығуына рұқсат етіледі.
Самал ӘЛЖАНОВА,
Шал ақын ауданының тұрғыны:
– Біздің екі баламыз бар. Бірі екі жаста, екіншісі – төрт айлық. Жұбайымыз екеуіміздің де тұрақты жұмысымыз жоқ. Әлеуметтік жағдайымызды оңалту үшін бізге мемлекеттен қандай көмек көрсетіледі. Осы мәселені тарқатып айтып берсеңіз?
– Мемлекет тарапынан жұмыс істемейтін аналар үшін бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтімі бойынша мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Жұмыс істейтін аналар үшін мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты кірісінен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем тағайындалады. Қосымша әлеуметтік көмек түрлері бойынша тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне жүгінуге кеңес береміз.
Қадиша ҚАЛИЕВА,
Тимирязев ауданының тұрғыны:
– 1984 жылы дүниеге келген сіңілім – І топтағы мүгедек. Өз бетімен жүріп-тұра алмайды. Анам бағып отыр. Үйге кіретін табыс көзі – сіңілімнің 28 мың теңге жәрдемақысы. Бұл қаржы науқасқа қажетті дәрі-дәрмектен артылмайды. Анам жұмыс істейін десе, қызын жалғыз тастап кете алмайды. Анама мүгедек адамды бағуға байланысты жәрдемақы беріле ме?
Қазақстан Республикасының 2023 жылғы 20 сәуірдегі №224-VII Әлеуметтік кодексінде және еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 9 маусымдағы №215 бұйрығымен бекітілген “Мүгедектігі бар баланы (мүгедектігі бар балаларды) тәрбиелеп отырған анаға немесе әкеге, бала асырап алушыға, қорғаншыға (қамқоршыға) тағайындалатын, бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға күтім жасайтын адамдарға берілетін мемлекеттік жәрдемақыны тағайындау және төлеу қағидалары” мүгедектігі бар баланы (мүгедектігі бар балаларды) тәрбиелеп отырған анаға немесе әкеге, бала асырап алушыға, қорғаншыға (қамқоршыға) тағайындалатын және төленетін мемлекеттік жәрдемақы, бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға күтім жасайтын адамдарға мемлекеттік жәрдемақы тағайындау және төлеу тәртібін айқындайды. Қазақстан Республикасының 2023 жылғы 20 сәуірдегі №224-VII әлеуметтік кодексіне және аталған қағидаға сәйкес бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға күтім жасайтын адамдарға мемлекеттік жәрдемақы тағайындалады.
Мүмкіндігі шектеулі жанға күтім жасайтын адамға берілетін жәрдемақы тағайындау үшін өтініш беруші тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік корпорацияға қажетті құжаттарды қоса бере отырып, өтінішпен жүгінеді. Қажетті құжаттар: өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжат немесе цифрлық құжаттар сервисінен электрондық құжат (сәйкестендіру үшін); бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға қамқоршылық (қорғаншылық) белгіленген жағдайда – бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға қамқоршылық (қорғаншылық) белгіленгенін растайтын құжат; бірінші топтағы мүгедектігі бар адамның мүгедектігі туралы анықтамасы; күтім жасайтын адамның психикалық денсаулық орталығында есепте тұру фактісінің болмауы; күтім жасайтын адамның және бірінші топтағы мүгедектігі бар адамның бір қала және (немесе) аудан шегінде тұратындығын растайтын мәліметтерді тапсыру қажет.
Ғалия ҚУАНТАЕВА,
Ақжар ауданының тұрғыны:
– Үш баламыз бар. Күйеуім отбасын асырау үшін қалада жұмыс істейді. Өзіміз ауданда тұрамыз. Отбасылық кірістің аздығына байланысты атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш бере аламын ба?
– Қазіргі жағдайда сізге мемлекеттен тарапынан көрсетілетін қолдау – атаулы әлеуметтік көмек. Бұл көмекті алу үшін отбасындағы жан басына шаққандағы орташа табыс кедейлік шегінен, яғни 32788 теңгеден аспауы керек. Яғни сіздің отбасыңыздағы бес адамның табысы 163940 теңгеден көп болмауы тиіс. Сонда ғана сіз өтінім беріп, мемлекеттің көмегіне қол жеткізе аласыз.
Майра АЯҒАНОВА,
Петропавл қаласының тұрғыны:
– Жұбайымның көру қабілеті нашар болғандықтан, ол кез келген жұмысқа жарай бермейді. Оның үстіне қант диабеті диагнозы қойылған. Жұмысқа жарамсыздығын дәлелдеп, мемлекеттің көмегін алу үшін не істеу керек? Оған мүгедектік тағайындала ма?
– Мүгедектік тобын белгілеу мәселесі бойынша жұбайыңыз тіркелген жері бойынша медициналық ұйымға дәрігерлік-консультативтік комиссияға жүгінуі қажет. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 29 маусымдағы №260 бұйрығына сәйкес медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу үшін медициналық ұйымның дәрігерлік-консультативтік комиссиясының организм функциялары тұрақты бұзылған кезде бастапқы куәландыру мақсатында жіберуі негіз болып табылады.
Ермек СҮЛЕЙМЕНОВ,
Есіл ауданының тұрғыны:
– 1-ші топтағы мүгедек күтімі бойынша бекітілген адамнан бөлек, сыртқа шыққан кезде әлеуметтік қызметшінің көмегіне жүгіне ала ма?
– Бұл мәселенің шешімін табу біздің департаменттің міндетіне жатпайды. Сондықтан сізге тұрғылықты мекенжайыңыз бойынша жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне жүгінуге кеңес береміз.
Қарақат АЙБАС,
Мамлют ауданының тұрғыны:
– Әкесі жұмыссыз, шешесі жоқ жоғары оқу орнына түскен 19 жастағы студентке мемлекет тарапынан қандай әлеуметтік көмек көрсетілу керек?
– Қазақстан Республикасының әлеуметтік кодексіне сәйкес егер де отбасы асыраушысынан айырылған жағдайда отбасының еңбекке жарамсыз мүшелері асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алуға құқылы. Мемлекеттік жәрдемақыны алу үшін мына құжаттарды қоса отыра, жергілікті мемлекеттік корпорацияға өтінішпен жүгіну қажет: 1) жеке басты куәландыратын құжат (Қазақстан Республикасы азаматының паспорты, Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі, азаматтығы жоқ адамның куәлігі, шетелдіктің ықтиярхаты, Қазақстан Республикасының азаматтығын алғанға дейінгі қандас куәлігі) жеке басын сәйкестендіру үшін қажет); 2) асыраушының қайтыс болуы туралы куәлік; 3) асырауындағының қайтыс болған адаммен туыстық қатынасын растайтын құжат (тууы туралы, некеге тұру, некені бұзу, әкелігін анықтау туралы куәлік). 4) егер он сегіз бен жиырма үш жас аралығындағы асырауындағы адамдар күндізгі оқу бөлімінің оқушылары болып табылса, нысан бойынша оқу орнының анықтамасы (жыл сайын беріледі).
Санжар ҚАБЫКЕНОВ,
Петропавл қаласының тұрғыны.
– Мен екінші топтағы мүгедекпін. Биыл комиссия үшінші топқа ауыстырды. Жансыз қолым жазылып кеткен жоқ, жұмысқа жарамсыз. Неге дене мүшесі енді қалыпқа келмейтін адамды жыл сайын комиссиядан өткізіп, міндетті түрде жыл бойына ауруханада жатуын талап етіп, тексере береді?
– Сізге бірінші дәрежелі еңбек қызметіне, бірінші дәрежелі өзіне-өзі қызмет көрсетуге қабілеттіліктің орташа айқын шектелуіне әкеп соқтыратын ауруларға байланысты дене функцияларының тұрақты орташа айқын бұзушылықтары негізінде мүгедектіктің үшінші тобы белгіленген. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 29 маусымдағы №260 бұйрығы мүгедектіктің үшінші тобын белгілеу үшін негіз беріледі. Сізге қайта куәландыру мерзімінсіз мүгедектікті белгілеу мәселесі бойынша мынаны хабарлаймыз: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 29 маусымдағы №260 бұйрығының 2-тармағының 31-тармақшасына сәйкес қайта куәландыру мерзімінсіз мүгедектік организм функцияларының тұрақты, қалпына келмейтін өзгерістері мен бұзылулары болған, толық көлемде жүргізілген оңалту іс-шаралары тиімсіз, оперативті емдеу немесе органдардың трансплантациясын қоса алғанда, мүгедектік тобы тұрақты болған кезде және бірінші топтағы мүгедектігі бар адамды кемінде төрт жыл, екінші топтағы мүгедектігі бар адамды кемінде бес жыл, үшінші топтағы мүгедектігі бар адамды кемінде алты жыл динамикалық қадағалаған зейнет жасындағы адамдарға оңалту болжамы қолайсыз болған кезде, сондай-ақ он сегіз жастан асқан адамдарға мүгедектік 5 жыл мерзімге белгіленетін аурулар, ақаулар тізбесіне сәйкес 5 жыл мерзімге белгіленеді. Қайта куәландыру мерзімінсіз мүгедектік: ағза функцияларының тұрақты, қайтымсыз өзгерістері мен бұзылулары, жедел емдеуді немесе трансплантациялауды қоса алғанда, оңалту іс-шараларының толық көлемінде жүргізілген тиімсіздігі кезінде мүгедектік тобының тұрақтылығы және бірінші топтағы мүгедектігі бар адамды динамикалық байқау, кемінде төрт жыл, екіншісі – кемінде бес жыл, үшінші – кем дегенде алты жыл белгіленеді.
Дайындаған
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.