Қазіргі таңда педагогтардың өз мамандықтарына тән ізденістері мен шеберліктері олардың кәсіби біліктілігін шыңдау, құзыреттілігін кеңейту бағыттарымен тығыз ұштастырыла жүргізіледі. Осы орайда “Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы” жергілікті филиалы мұғалімдер қауымы үшін біліктілік курстарын жүйелі түрде ұйымдастыруды басты бағдар еткен. Биыл 2742 пән мұғалімін оқыту мақсатымен 12 пән бойынша 44 бағдарлама әзірленді. Математика, информатика, физика, химия, биология, география, жаратылыстану, қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілі, тарих және бастауыш сынып мұғалімдері біліктілікті арттыру курстарынан тегін өте алады.
Жалпы біліктілікті арттыруды нәтиже, процесс және толыққанды білім беру жүйесі ретінде қарастыруға болады. Біріншісінде кәсіби сапаға, екіншісінде өзіндік деңгейдегі өзгерістерге баса назар аударылса, үшіншісі халықаралық, республикалық, облыстық және аймақтық үздіксіз педагогикалық білім беру әдістемелеріне негізделеді.
Біліктілікті арттыру курстары аясында тиімді жұмысты ұйымдастыру үшін педагогтердің кәсіби дамуына қолдау көрсетудің пәндік және әдістемелік ақпараттармен қамтамасыз етудің, сондай-ақ іс-тәжірибе бөлісудің, маңызы зор. Сондықтан оқу бағдарламалары мазмұнына, педагогтардың сабаққа қатысуына және олардың сабақтағы белсенділігі, топтағы басқа қатысушылармен өзара әрекеттесу, жауап беру, жаңа идеялар мен шешімдерді ұсынуына қарай бағаланып, толықтырылып, жетілдіріліп отырады. Жаңалықтардың бірі, оқу бағдарламасына диагностикалық және қорытынды тестілеу енгізілген. Мұның өзі мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарына сәйкес және оқу бағдарламасы аясында күрделі тақырыптар бойынша білім деңгейін тексеруге мүмкіндік береді.
Барлық пәндер бойынша тест жұмысы (диагностикалық және қорытынды) тапсырманың түрі және күрделілік деңгейі, пәндік материалды көрсету әдістері бойынша 120 тапсырмадан тұрады. Қорытынды тестілеу нәтижелері тыңдаушылардың сапалық көрсеткіштерімен анықталады. Сосын курстардың тиімділігін анықтау негізінде диагностикалық және қорытынды тестілеу нәтижелерімен салыстырылып, қорытынды бағаға, курстан кейінгі жетекшілік ету тиімділігіне талдау жасалады.
Сәуір, мамыр айларының аралығында жүргізілген талдау нәтижелері пәндік білімнің сапалық жағынан жақсарғанын көрсетті. Диагностикалық тестілеуден төмен ұпай жинаған мұғалімдер пәндік курстардан қайта өтетін болады.
Алима ҚАБДЕНОВА,
“Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы” облыстық филиалы білім беру процесін психологиялық және педагогикалық қолдау кафедрасының аға оқытушысы.