Облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №50 түзету мекемесіне баспасөз туры ұйымдастырылды. Бас бостандығынан айырылғандардың құқықтарын қорғау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ сотталғандар, мекеме әкімшілігі тарапынан да ықтимал құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында бейнебақылау камералары орнатылуда.
Қазіргі уақытта облыс аумағында орналасқан 5 мекемеде 1500-ден астам камера бар.
– Мекемеде 200-ден астам әйел жазасын өтеуде. Мекеме аумағында 8 серіктестік жұмыс істейді. Олар киім тігу, жұмсақ ойыншықтар, жылыжайлар, тротуарларға арналған плиткалар жасаумен айналысуда. Сотталғандардың 96,8 пайызы жұмыспен қамтылған. Жазасын өтеп жатқандардың басым бөлігі ұрлық жасап, істі болғандар, – дейді №50 түзету мекемесінің бастығы әділет подполковнигі Қанат Сүлейменов.
Оның айтуынша, мекеме аумағында орналасқан арнайы мектептерде және колледждерде бірнеше мамандық (тігінші, қаптаушы, дизайнер-модельер, шаштараз, ландшафт дизайнері) бойынша орта және арнайы орта білім алуға мүмкіндіктер қарастырылған. Сондай-ақ әр жұма сайын сотталғандар арасында тәрбиелік бағыттағы іс шаралар өткізіледі. “Элегия” әдеби клубы, дебат клубы, костюмдерді тігу, актерлік шеберлік клубы, концерттер ұйымдастырылып тұрады. Мекемедегі “Щеголева”, “Мурсалимова”, “Шмагнов”, “Данилова”, “Логинова”, “Башимов” жеке кәсіпкерліктері “Еңбекпен тамақ та, киім де табылады!” деген қағиданы ұранға айналдырған.
Сотталғандар күніне 3 рет тамақтанады. Тағамдарды арнайы жасалған мәзірге, санитарлық нормаларға сәйкес асханада жұмыс істейтін жазасын өтеушілердің өздері дайындайды.
– Бұл мекемеде жазамды өтеп жатқаныма 3 жыл болды. Мен көркемдік шеберханаға жауаптымын. Қуыршақтар тігумен, сурет салумен айналысамыз. Әдеби, психологиялық тренингтер өтіп тұрады. Бәріміздің мұңымыз бір болғандықтан, бір-бірімізді түсінеміз, – деді А. есімді сотталған келіншек.
Абақты – адам баласы армандайтын жер емес. Жазасын өтеп шыққандардың басым бөлігі темірторға қайтадан түспеуге тырысып бағады. Жасаған қылмысынан сабақ алмай, бұл орынға қайтып келетіндер де кездеседі екен.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.