«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жемқорлықтың жолы кесілуде

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің бірінші жартыжылдықтағы жұмысы қорытындыланды. 

Департамент жұмысының негізгі бағыты – жең ұшынан жалғасқан жемқорлықпен күресу, өңір азаматтарының тыныс-тіршілігіне кері әсері бар мәселелерді шешуге ықпал ету.  Жемқорлар жымқырған қаржы – халыққа тиесілі қазына. Мамандар жемқорлық әрекеттері жылдан-жылға азайып келе жатқанын айтады.

Департамент басшысы Сергей Перов бірқатар мәселені назарға алып, биыл атқарылған жұмыстарға тоқталды. Ол сөзінің басында салынып жатқан жолдарға бақылау жүргізілгенін жеткізді. 2023 жылы Петропавл қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөліміне мемлекеттік сатып алу жоспары бойынша облыс орталығының 30 көшесін асфальттау үшін 6 млрд.  теңге бөлінген. Облыс аумағындағы жолдарды ретке келтіру үшін 40 млрд. теңге бағытталып отыр. Департаменттің бастамасы бойынша жөндеу жұмыстарының сапасын бақылау үшін мониторингтік топ құрылған.

Тұрғын үйді бөлу кезінде олқылықтарға жол берілгені анықталып отыр. Департамент мамандары араласқаннан кейін мемлекеттік қордан берілетін тұрғын үйлер заңды иесін тауыпты.  Биыл бес пәтердің кілті өз иесіне табысталған. Тұрғын үй кезегінде тұрған 1367 жетім баланың кезегін қалпына келтірді.

“Елді мекендерде ауызсуға тариф төмендетілді. “Есіл су” филиалының топтық су құбырларынан ауызсумен қамтамасыз етілген 50 ауылда тарифті төмендетуге қол жеткізілді. Мағжан Жұмабаев ауданындағы жиырма елді мекенде су тарифі орта есеппен 150 теңгеге төмендеді. Қызылжар ауданы Асаново ауылының тұрғындары бір текше метр үшін 1000 теңге төлеп келген. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің араласуымен тариф алты есеге төмендетіліп, бүгінде төлем 175 теңгені құрады. Департаменттің ұсынысымен “Бір ауыл – бір тариф” қанатқақты жобасы іске қосылды”, – деді Сергей Перов. 

Мамандар бизнестің дамуына кедергі келтіретін сыбайлас жемқорлық әрекеттерін алдын алуға ерекше назар аударуда. “Бизнеске жол” жобасы басталғаннан бері 21 іс оң шешімін тауып, 1300-ден астам кәсіпкердің құқығы қорғалды.

Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау мақсатында жүргізілген мониторинг нәтижелері бойынша жеңілдетілген дизель отынына қол жеткізу бір жолға қойылған. Департамент мемлекеттік кірістер органдары тарапынан сыбайлас жемқорлыққа жол берілгенін әшкереледі.

Облыс кәсіпкерлерінің өтініштерін талдау кезінде Солтүстік Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті камералдық бақылауды есепке алмай салық заңнамасына және Кәсіпкерлік кодексіне қайшы келетін іс-шараларды қосымша жүргізіп, салық төлеушіні тыңдау рәсімін өткізу туралы хабарламалар енгізген. Ал ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының, сондай-ақ 13 аудандық және қалалық бөлімнің қызметіне жүргізілген сыртқы талдау қорытындысы бойынша 23 сыбайлас жемқорлықтың себебі белгілі болып, 34 ұсыным әзірленген. Мәселен, жер пайдаланушылардың бірқатар әкімшілік кедергілері жойылды. Атап айтқанда, шалақындық “Темірханов” шаруа қожалығына жер учаскесін пайдалану құқығын ұзартпау фактісі бойынша аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 51750 теңге айыппұл төледі.

Бүгінгі таңда фермерлерді алаңдатып отырған өзекті мәселенің бірі – мемлекеттік қолдау шараларына қол жеткізу. Биыл “Qoldau” ақпараттық жүйесінің орнына “Бірыңғай мемлекеттік ақпараттық субсидиялау жүйесі” платформасы енгізілген болатын. Департамент жүйенің жұмысына мониторинг жүргізіп, “gosagro.kz” бірқатар жүйелік олқылықтар мен кемшіліктерді анықтады.

Департамент орта және мектепке дейінгі білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлықтың жолын кесу барысында бірқатар жайттарды анықтады. Мағжан Жұмабаев аудандық білім бөлімінің бұрынғы басшысы С.Рамазанова мемлекеттік аудит қызметіне 650 мың теңге пара ұсынған. Сонымен қатар ол ауданның жеті мектебінде өрт дабылы бойынша орындалмаған жұмысты қабылдап, 7 млн.теңге көлемінде шығын келтірген. Жемқорға жазаны сот тағайындайды.

Талдау қорытындысы бойынша жыл басынан бері білім беру саласында 20 сыбайлас жемқорлық әрекеті анықталып, оларды жою үшін 34 ұсыным әзірленді.

Гүлгүл   ҚУАТҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp