Облыс орталығында көлік саны артып келеді. Мұны жергілікті тұрғындардың әлеуметтік жағдайының жақсарып жатқандығының көрінісі деп бағалауымызға болады. Десе де “темір тұлпарлардың” көбеюінің теріс тұсы да жоқ емес. Салдарынан бұрын Петропавл көшелерінде тіркелмеген көлік кептелістері пайда болды. Жергілікті билік өкілдері бұл түйткілді шешудің бірден-бір жолы кикшеринг жүйесін енгізу екенін алға тартуда.
Кикшеринг – қысқа мерзімге электр самокаттарды жалға беру жүйесі. Биыл тамыз айының басынан петропавлдықтар да заман ағымына ілесіп, діттеген жерге уақытында жету үшін қос доңғалақты көліктердің көмегіне жүгінуде. Қаланың әр шағынауданынан самокаттарды кездестіруге болады. Өкініштісі, жерлестеріміздің дені бұл экологиялық таза “тұлпарды” мақсатты қолданбай келеді.
– Астана, Алматы қалаларында электр самокаттарды көбіне жұмысқа асыққан азаматтар пайдаланады. Ал бізде бұл көліктер жастардың ермегіне айналған. Қос доңғалақты көлікті тізгіндегендердің жаяу жүргіншілер жолында, саябақтарда жылдамдықты асырып жүретіні көңілге қауіп ұялатады, – дейді қала тұрғыны Зәуреш Маратқызы.
Петропавлдағы орталық саябақта қос доңғалақты көлікті тізгіндегендерге шектеу бар. Олар жылдамдықты сағатына 15 шақырымнан асырмау керек. Бұл ережені сақтайтын самокатшылар аз деуге болады. Сондай-ақ тұрғындар электр самокаттарды қолдануға тек 18 жастан асқан азаматтарға рұқсат берілу қажеттігін алға тартуда. Бұл ретте, тамыздың 30-нан бастап, елімізде “Кіші габаритті көліктерді тізгіндеу туралы” заң күшіне енбек. Оған сәйкес, жүргізушінің жасы кемінде 18-де болуы керек, дулыға мен шағылыстыратын киім кию міндеттеледі, электр скутерлердің жүруіне жолдың жүріс бөлігінің оң жақ шеті бойынша жол беріледі, скутерлер жол жиектері мен велосипед жолдарымен, тротуарда немесе жаяу жүргіншілер жолында электр скутерлер сағатына 6 километрден аспайтын жылдамдықпен жүре алады. Бұған қоса, жолаушылар мен жүктерді тасымалдауға тыйым салынады. Бұл ережелерді сақтамаған скутерге 5 АЕК көлеменді айыппұл салынады.
Әрине жіпке тізе берсек, электр самокаттардың теріс тұстары аз емес. Дегенмен қос доңғалықты көліктердің пайдасы да бар. Ең біріншіден, кептеліс кезінде тұрғындардың уақытын үнемдеуге септеседі. Екіншіден, бұл заманауи “темір тұлпар” экологиялық таза, яғни улы газдарды шығармайды. Мұны жерлестеріміз де растап отыр.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.