«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ұлттық құрамада ойнау — абырой

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Футболдан ұлттық құрама тізгінін Магомед Адиев ұстағалы бері қазақстандық аяқдопшылар халықаралық аренада жақсы ойын өрнегімен көзге түсуде. Бұған Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңіндегі матчтар дәлел. Құрама сапына биыл жергілікті “Қызылжар” командасының қорғаушысы Еркін Тапалов шақырту алды. Жақында футболшымен кездесіп, команданың соңғы кездегі жетістіктері туралы әңгімелестік.

– Биыл бас бапкер Магомед Адиев шақырып, ұлттық құрама­ға алындыңыз. Бұл еліміздің басты командасына алғаш алы­нуыңыз ба?

– Иә, ұлттық құраманың бапкер­лер ұжымы маған сенім артып отырғанына қуаныштымын. Мен бұ­ған дейін де ел намысын қорғаған­мын. 2019 жылы алғаш рет Молдо­ваға қарсы жолдастық кездесуде ұлттық құрама сапында ойнадым. Сол матчта біз жеңіске жеткенбіз. Қазіргіге қарағанда жастау едім, қат­ты қобалжығаным есімде. Сондық­тан бар білгенімді жасыл алаңда көрсете алмадым деп ойлаймын. Міндетті түрде келесі жолы көзге түсемін деп өзіме-өзім сөз берген­мін. Арада жылдар өтіп, тағы ша­қырту алып отырмын.

– 2019 жылғы ұлттық құрама мен команданы салыстырып бер­сеңіз. Қандай айырмашылық бар?

– Қазіргі ұлттық құраманы сол өткен уақыттағы командамен са­лыстыруға келмейді. Осыдан 4 жыл бұрын мен жаңа ғана буыны бекіп келе жатқан жас ұжым сапында ойнадым. Қазір бас бапкердің алға қойған мақсаты айқын. Еуропаның белді командаларына қарсы ойын схемалары да өзгерді. Сондай-ақ командада Ресейдің, Белгияның және Германияның біріншілікте­рінде тәжірибе жинақтап үлгерген аяқдопшылар бар. Олардан үйре­не­рі­міз көп.

Ұлттар лигасында жақсы нәтиже көрсеткен құрамамыз алда әлі талай асуларды бағындыратынына кәміл сенемін. Бас бапкер жастар­мен қатар тәжірибелі ойыншыларға да сенім артып отыр. Ең бастысы командада темірдей тәртіп бар. Бұл жайтқа Магомед Адиев ерекше көңіл бөледі.

– Сіздің ұлттық құрамаға шақырту алуыңызға не себеп болды деп ойлайсыз?

– Былтыр мен ойнап жүрген “Қы­зылжар” командасы чемпионатта жақ­сы нәтижеге қол жеткізді деп айта алмаймын. Бұған дейінгі өткен маусымда төртінші орынға жайға­сып, конференция лигасының ірік­теу кезеңіне өткенбіз. Сондықтан өт­кен жылы намысты қолдан бермеу­ге тырыстық. Бірақ бағымыз жанба­ды. Өз басыма келсем, бір деңгей­ден түспей, жақсы ойын өрнегін көр­сеттім. Сол себептен де бас бап­кердің көзіне іліктім деп ойлаймын. Жалпы ұлттық құрама сапында ойнау – әрбір футболшы үшін үлкен абырой.

– “Ақжайық” және “Тұран” клубтарының сапында ойнады­ңыз. Қазір “Қызылжар” команда­сындасыз. Облысымыздың бас­ты командасына қашан келдіңіз?

– 2015 жылы “Ақжайық” клубын­да ойнап, командамен бірге бірінші лиганы ұтып алдық. Әзірге бұл – ме­нің кәсіби мансабымдағы алғашқы үлкен жетістігім. Кейін “Тұранға” ауыстым. Чемпионаттың бірінші айналымынан соң бірнеше клубтан ұсыныстар болды. Таңдауым “Қызыл­жарға” түсті. Ол кезде теріскей­лік ұжым конференция лигасына жолдама алған еді. Менің басты арманым – Еуропада өнер көрсету болғандықтан, бағымды осы ұжым­да сынағым келді.

Қазіргі күні “Қызылжар” клубы­ның капитанымын. Бұл – үлкен мәртебе, ерекше қуаныштымын. Бас бапкер Әли Әлиев маған сенім артып отыр, тәжірибелі футболшы ретінде жастарға берері көп екенін айтады.

– Сіз “Қызылжар” клубында қап­талда ойнайсыз. Ұлттық құрама сапындағы позицияңыз қан­дай?

– Ұлттық құрамаға шақырту алғанда бас бапкер мені сол қапталда көргісі келетінін айтты. Сан-Марино еліне қарсы ойында қосалқы құ­рамда қалдым. Кейін Солтүстік Ир­ландиямен кездесуде екінші таймда алаңға шықтым. Қобалжу деген бол­ған жоқ. Бапкердің тапсырмасын орындап шықтым деп ойлаймын.

– Бұл матчта да ұлттық құра­ма жеңіске жетіп, жанкүйерлерді қуанттыңыздар. Абат Айымбе­товке берген пасыңыз голға ай­налғанының куәсі болдық. Осы сәтті есіңізге алыңызшы.

– Иә, мен қорғаушының міндетін атқардым. Солтүстік Ирландия ойыншыларының шабуылы кезінде допты тартып алып, ортада тұрған Абатқа пас шығардым. Бірақ ол қарсылас қақпасынан алыс тұрған, сондықтан гол соғылатынын болжаған да емеспін. Негізі бұл гол Абат Айымбетовтің жеке шеберлігінің арқасында соғылды деп ойлаймын.

– Осы бір жарқын жеңістен кейінгі әсерлеріңізбен бөліссеңіз.

– Сырт алаңда ойнасақ та, Қа­зақстан жанкүйерлері келіп, ойынды тамашалады. Трибунадан көрсетіл­ген қолдау айқын сезілді. Кейін ойын соңында қатты қуандық. Бұл ойын­ның әсерін сөзбен айтып жеткізу мүмкін болмай отыр. Еліміздің ұлттық құрамасының үлкен жеңісіне септігімді тигізгеніме қуанышты­мын.

– Клубтық деңгейде алды­ңызға қандай мақсат-міндеттер қойып отырсыз?

– “Қызылжар” клубымен бірге тағы да еурокубоктарда өнер көрсеткім келеді. Биылғы маусымдағы басты міндет – үздік командалар сапына ілігу. Биыл чемпионатты жақсы бастадық. Бірнеше тур бойы бірінші орында болдық. Кейін сәл шабандап қалғанымыз рас. Бірақ біз әлі жүлдеден үміттілер қатарында­мыз. Алда бірәз ойын бар. Әрқай­сысында жеңіске жету үшін бары­мызды саламыз.

– Уақыт бөліп, сұқбат берге­ңізге рақмет!

Әңгімелескен

Аманжол НҰРТАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp