Өңірде сыбайлас жемқорлық фактісі туралы хабарлаған адамдарға 670 мың теңгеден астам сыйақы берілді. Бұл туралы облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Сергей Перов хабарлады.
Оның айтуынша, қоғамды жегі құрттай іштен ірітіп жатқан дертке қарсы күрестің бір жолы – қылмыс фактісі туралы хабарлағандарды көтермелеу. Бұл қадам өз нәтижесін беріп келеді. Мәселен, биыл 3 адам жемқорлық дерегі туралы хабарлап, сол үшін сыйақы алған.
Азаматтарды көтермелеудің сараланған жүйесіне сәйкес сыбайлас жемқорлық туралы хабарлаған адамға пара немесе келтірілген залалға қарай айыптау үкімі шығарылғаннан кейін пара сомасының 10 пайыздық мөлшері беріледі. Алайда ең жоғары сыйақы 4 мың АЕК, яғни 13,8 млн. теңгеден аспауы керек.
Қылмыс фактісін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің “Саll”-орталығының 1424 нөміріне хабарлап айтуға болады. Қоңырау шалу тегін.
Жан АЙТМАҒАНБЕТОВ,
облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің бас маманы.