«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Заң үстемдігі – басты қағидат

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамның қауіпсіздігі мен тұрақтылығына баса назар аударып,  заңдылық пен құқықтық тәртіп ел болашағының мықты іргетасы екенін үнемі айтып келеді. Мемлекет басшысы халыққа арнаған “Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам” Жолдауында “Әділетті мемлекет” құру тұжырымдамасын алға тартып,  заң органдарының алдына дұрыс және әділ шешім шығару, азаматтар мүддесіне қызмет ететін мемлекеттің жаңа стандарттарын әзірлеу, адамдардың құқығын заманауи тұрғыдан қорғауды қамтамасыз ететін және жоғары халықаралық талаптарға жауап беретін үлгілерді тәжірибеге айналдыру  талаптарын қойды.

“Прокурор жиналған дәлелдемелерге тәуелсіз баға беруге, азаматтар құқығын бұзудың жолын кесуге, кінәсіз адамдардың қылмыс үдерісіне тартылуына жол бермеуге, сотта айыптау жағын қолдауға міндетті”, – деп атап көрсетті Президентіміз. Қылмыстық істер бойынша 2021 жылдан бастап прокурорға адам құқығы мен бостандығына қатысты негізгі процессуалдық шешімдерді келісу міндетін заң арқылы жүктеуді, прокуратураның қадағалауын азаматтарды және бизнес саласын толғандыратын проблемаларды тиімді шешуге бейімдеп қайта бағдарлауды тапсырды. Мемлекет басшысының құқық қорғау институттарын күшейту жолында Конституциялық сот құру, Бас прокурор мен Адам құқығы жөніндегі уәкілге де Конституциялық сотқа жүгіну мүмкіндігін беру, кадр іріктеудің жаңа жүйесін енгізу, осылайша заң үстемдігін қамтамасыз ету бағытындағы реформалары мен бастамалары әділ әрі құқықтық мемлекет құру жолындағы маңызды қадам болып табылады. Сондай-ақ институоционалдық тұрғыдан тепе-теңдікті сақтауға ықпал етеді. Ең бастысы азаматтарымыздың конституциялық құқығының қорғалуы жақсара түседі. Осы тұрғыдан алғанда, облыстық құқықтық статистика және арнайы есепке алу департаментіне де айрықша жауапкершілік жүктеледі. 

“Прокуратура туралы” Конституциялық заңның 6-шы бабына сәйкес прокуратура функцияларының бірі мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алудың заңдылығына жоғары қадағалауды жүзеге асыру болып табылады. Бұл құжатта мемлекеттік құқықтық статистиканы жүзеге асырудың және арнайы есепке алуды жүргізудің құқықтық негіздері мен қағидаттары, уәкілетті орган мен құқықтық статистика және арнайы есепке алу субъектілерінің өкілеттіктері мен функциялары былайша айқындалған: атап айтқанда, қылмыстық-құқықтық, азаматтық-құқықтық, әкімшілік-құқықтық салалардағы ведомостволық есепке алудың орталықтандырылған жүйесі, уәкілетті органның, құқықтық статистика және арнайы есепке алу субъектілерінің біріккен статистикалық электрондық ақпараттық ресурстары, уәкілетті органға беретін ақпарат, тұлғалар, заттар, фактілер, оқиғалар мән-жайлар және басқа да құқықтық құбылыстар мен процестер туралы мәліметтер, заңдылықтың, құқықтық тәртіптің адам мен азаматтың, заңды тұлғалардың және мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуының жалпы жай-күйіне әсер ететін құбылыстар мен процестер жайлы статистикалық байқау, тұлғалар, заттар және оқиғалар туралы мәліметтер жинау, тіркеу, жүйелеу, сыныптау және сақтау, арнайы есепке алу ісін жүргізу, құжаттардағы ақпараттарды зерделеу және талдау. Бұл талаптар мемлекеттік құқықтық ақпараттық статистика жүйесін басқарудың біртұтастығы, объективтілігі, жеткіліктілігі, қолжетімділігі мен ашықтығы негізінде орындалады.  Мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметі туралы жинақталған барлық статистикалық мәліметтер 24 арнайы есеп бойынша жүргізіледі. “Цифрлық Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасы аясында “Электрондық қылмыстық іс” (е-УД), “Әкімшілік құқық бұзушылықтардың бірыңғай тізілімі”, “Тексерулер субъектілері мен объектілерінің бірыңғай тізілімі” және “Е-өтініш” цифрлық жобалары енгізілген. Биыл алты айда облыс аумағында қылмыстық құқық бұзушылықтың барлық түрлерінің 20,1 пайызға төмендеуі байқалады. Оның ішінде қасақана кісі өлтіру – 46,2, тонау – 21,7, ұрлық – 24,8, алаяқтық 13,1 пайызға азайды. Қылмыстардың ашылу көрсеткіші – 81,5 пайыз. Сондай-ақ қоғамдық орындардардағы,  көшелердегі заң бұзушылық та кеміп отыр. “100 нақты қадам” ұлттық жоспары аясында 2016 жылдан бері ыңғайлы әрі қарапайым “Қылмыс картасы” қолданысқа енгізілген. “GIS nükte KGP nükte KZ” порталы барлық интернет пайдаланушылар үшін қолжетімді. Ол арқылы құқық бұзушылықтар туралы деректер сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне топтастырылады. Бұдан бөлек, жеке қылмыстар туралы ақпарат арнайы диаграммада жинақталады.  Онда қылмыстың саны және жасалған жеріне дейін көрсетіледі. Картаны заң университеттерінің студенттері, ғылыми қызметкерлер және интернеттің қарапайым пайдаланушылары белсенді қолдануда. Әкімдіктерде ахуалдық және мониторингтік орталықтар құрылып, электрондық карталар әзірленген.

Жолдау басымдықтарының бірі берілген тапсырмалар шеңберінде “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасын іске асырудың, құқық қорғау қызметін технологиялық тұрғыдан жаңартудың маңыздылығы. Ел болашағын айқындайтын құжатта құқық қорғау жүйесінде елеулі өзгерістер басталғаны, мемлекеттік аппарат пен азаматтардың өзара қарым-қатынасын жаңадан қалыптасатыны айтылды. Ерекше атап өтетіні, үш буынды модель енгізілгеннен кейін прокурорлық қадағалаудың жеделдігі артты. Президент прокурорлардың айыптау актілерін дайындау жөніндегі құзыретін біртіндеп кеңейте беру қажеттігін айтты. Бұл қадам олардың жауапкершілігін арттырып, тергеу нәтижелеріне құқықтық баға беру тетіктерін нығайтары анық. Бұл орайда, статистика және арнайы есеп органдарының әлеуетін тиімді пайдаланудың мәні айрықша. Өкінішке қарай,  талдау барысы азаматтардың жарақаттануы мен өліміне әкелетін оқиғалардың азаймай отырғанын көрсетіп отыр. Жыл басынан бері 127 жол-көлік фактісі тіркелген.  Жарақаттану 6,3 пайызға өскен. 179 адам зардап шеккен, олардың 27-і – бала. Мұндай келеңсіз жайттарды болдырмау, алдын алу мақсатымен мемлекеттік органдардың қызметін толық цифрландыру, азаматтардың проблемаларын уақтылы шешу, шынайы құқықтық ақпаратты қамтамасыз ету үшін әкімшілік өндірістік бірыңғай тізілім жүйесін жетілдіру, азаматтардың сақтандыру төлемдерін алу процесін қағазбастылықтан арылту шаралары одан әрі жалғастырылады. Мәселен, сақтандырушы материалдар бойынша ақпарат алу үшін мемлекеттік кредит бюросына әкімшілік құқықтық бұзушылық туралы 206 материал жолданды. Бұл процесті автоматтандыру сақтандыру төлемдерін алу уақытын едәуір қысқартады.  Бұдан былай сақтандыру төлемдерін алу үшін тиісті материалдарды ұсынбай-ақ сақтандыру компанияларына жүгіну жеткілікті.

Соттылықтың болуы немесе болмауы туралы анықтама, комитеттің және оның аумақтық ведомстволары шеңберінде мұрағаттық анықтамаларды беру, прокуратура, тергеу және анықтау органдарынан шығатын ресми құжаттарға апостиль қою, Адамның сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны туралы мәліметтер ұсыну рәсімдері, яғни көрсетілетін барлық мемлекеттік қызметтерді  “Электрондық үкімет” “веб”-порталы арқылы алуға болады. Сөз арасында соттылықтың болуы немесе болмауы туралы қағаз үлгісіндегі анықтама шетелге барғанда ғана рәсімделетінін айта кеткен жөн. Мұндай жағдайда Қылмыстық кодекстің 79 және 83-баптарына сәйкес, соттылықтың өтелуі және алынуы ескеріле отырып беріледі. Сотталғандығы болмаса қылмыстық жауаптылыққа тарту жөніндегі мәліметтер көрсетілмейді. Қолданыстағы еңбек заңнамасында сыбайлас жемқорлық жасаған адамдар үшін белгілі шектеулер қарастырылған. Ал квазимемлекеттік сектор ұйымына жұмысқа тұру кезінде сыбайлас жемқорлыққа ұрынғаны туралы деректердің бар не жоқ екені жөнінде анықтама ұсынуға міндетті. Бұрын шектеулер басқарушылық функцияларды орындайтын лауазым иелеріне қатысты болса, қазір барлық санаттағыларға қатысты. Осыған орай комитет адамның сыбайлас жемқорлық қылмысын жасағаны жайлы мәліметтерді мемлекеттік қызметтер көрсету санатына ауыстырды. Саяси қуын-сүргінге ұшыраған адамдарға қатысты әділдікті қалпына келтіру және ақтау үшін 1993 жылы “Саяси қуғын-сүргін құрбандары туралы” Заң қабылданғаны белгілі. Мұрағаттық анықтамалар “Азаматтарға арналған үкімет” корорациясы арқылы беріледі. Президенттің 2020 жылғы Жарлығына орай саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөнінде мемлекеттік комиссия құрылып, көптеген тарихи ақиқаттың беті ашылды. Департамент қорында 68148 адамның жеке ісі және 119773 дерек сақтаулы. Қорды цифрландыру жұмысы аяқталып, көшірмелерін беру мемлекеттік қызметтің автоматтандырылған режіміне ауыстырылды.

“Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам” Жолдауынының бесінші бағдарында қоғамның жіті назарына алынған құқық қорғау органдарын реформалау, оның ішінде қатерлерді анықтап, қылмыскерлерді құрықтау үшін ақпараттық-сараптама жұмысын күшейту, азаматтардың құқықтық және қаржылық сауаттылығын жүйелі түрде арттыру, заң шығару қызметінің сапасын жақсарту мәселелері қойылды. Бұл қағидат та жіті назарымызда. Барлық мемлекеттік органдар үшін регламенттелген өтініштердің ведомостволық есебі Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексімен заңнамалық тұрғыдан бекітілген. Өтініштерді есепке алып жүргізуде облыстық, аудандық және ауылдық окрургтер деңгейінде 600-ден астам ұйым қамтылған. Жыл басынан бері 30267 өтініш келіп түссе, олардың 19239-ы жергілікті атқарушы органдарға тиесілі. Шағымдардың дені лауазымды тұлғалардың шешімдері мен іс-әрекеттеріне, халықты жұмыспен қамту, зейнетақымен қамсыздандыру, денсаулық сақтау, білім беру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мәселелеріне қатысты. Өтініштердің 9756-ы бойынша нақты шешім қабылданды, 12389-ы бойынша түсінік-кеңес берілді, тиісті органдардың қарауына 3893 арыз-шағым жіберілді. Өткен жылмен салыстырғанда шағымдар санының азайғаны байқалады.  Кодекс талаптарының қатаң сақталуы бақылау және мониторингтік талдау арқылы жүзеге асырылып отырады.  Хаттама жасаудан бастап айыппұл төлеуге және шектеулерді алып тастауға, яғни электрондық әкімшілік істі құруға дейінгі процесті реттейтін “Әкімшілік өндірістердің бірыңғай тізілімі” қанатқақты жобасы толық автоматтандырылған. 2017 жылдан бері мобильді құрылғы артықшылықтарын көрсетіп келеді.  Хаттаманы толтыру 1 сағаттан 5 минутқа дейін қысқарды. Бұдан былай қызметкерлер сауалнамалық деректерді енгізуге, іздестіруге уақыт жұмсамайды. Осыған орай облыс бойынша 935 мобильді құрылғы сатып алынды. 123520 хаттама жасалып,     1263 733417 теңге мөлшерінде айыппұл салынды,  916619295 теңге айыппұл өндіріп алынды. Алдағы уақытта полиция департаменті мен  денсаулық сақтау басқармасы бірлесіп, медициналық куәландыру арқылы жүргізушілердің мас болу фактілерін анықтау мақсатымен қанатқақты бағдарламасы қолға алмақ. Оның әкімшілік үрдісін толық цифрландыру, рәсімдік мерзімді азайту сияқты артықшылықтары көп. Биыл 129491 құқық бұзушылық есепке қойылып, 33288-не ескерту түрінде жаза қолданылды. Соттарды қоса алғанда, 1687538382 теңге мөлшерінде 90804 әкімшілік айыппұл салынып, 1264252103 теңге айыппұл өндірілді. Жеке кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты 2219 тексеру актісі тіркелді. “Qamqor” мобильдік қосымшасында тексеру мерзімі, оған қатысатын адамдар,  нысан туралы мәліметтер көрсетіледі. Бұдан бөлек, онлайн-режімде сұрақ қою мүмкіндігі де қарастырылған.

Мемлекет басшысы қойып отырған басты міндет заң үстемдігін қамтамасыз етудегі және қылмыспен күрестегі прокуратураның рөлін арттыру. Біз үшін халықтың сенімі мен азаматтардың құқығын қорғаудан асқан абырой жоқ.

Шоқан ҚҰЛДАНОВ,

          облыстық құқықтық статистика және арнайы есепке алу департаментінің басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp