Үстіміздегі жылдың шілде айында Грузия мемлекетінің Озургетти қаласында Нодар Думбадзе атындағы IV халықаралық театр фестивалі өткен болатын. Халықаралық шараға Қазақстаннан екі, атап айтқанда, Құдыс Қожамьяров атындағы ұйғыр музыкалық комедия театры мен Сәбит Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық қазақ сазды-драма театрының ұжымы қатысқан болатын. Қос театр төрт аталым бойынша марапатталып, елге үлкен мереймен оралды. Бұл сапардың мақсаты мен маңызы туралы өңіріміздегі қазақ өнерінің ордасы саналатын театрдық директоры Біржан Жалғасбаевты әңгімеге тарттық.
– Біржан Нұрмаханұлы, қазақ театрының тағы бір биік белестен көрінгенін естігенде қатты қуандық. Ұжымның Грузияға сапары жайында айтып берсеңіз?
– Біздің театрдың құрылғанына ширек ғасырға жуықтады. Осы уақыт ішінде ұжым еліміздің көптеген қалаларында, бірқатар шетелдерде болды. Өнер ордасы жақында Грузия еліне барып, талап пен таланттың биік шыңынан көрініп келді. Солтүстікқазақстандық өнер ұжымы үшін бұл жақсы көрсеткіш. Нодар Думбадзе – грузин әдебиетінің классигі. Оның шығармаларындағы басты тақырып – адами құндылықтар. Байқау үміткерлеріне Нодар Думбадзенің шығармасын сахналау немесе интерпретациялық қойылым жасау талабы қойылған болатын. Осы сарында отызға жуық спектакль тамашаланды. Жеті елдің 16 шығармашылық ұжымы өнер көрсетті. Біздің театр Н.Думбадзенің “Кукарача” спектаклін қойды. Бұл – грузин жазушысының бірнеше әңгімесінен үзінділер алып, сахналанған қойылым. “Кукарача” қойылымы үздік интерпретация” аталымына лайық танылды. Инганы сомдаған Жанар Насыроваға “Үздік шетел актрисасы” арнайы аталымы берілді. Бұл біз үшін үлкен жетістік болды. Фестиваль грузин жерінде өтіп жатса да, қатысушылар қойылымдарын өз ана тілдерінде сахналады, бұл үздіктерді анықтауда еш кедергісі болған жоқ.
– Грузин сахнасының төрінде қазақ тілінің салтанат құрғаны жағымды жаңалық қой. Көрермен қалай қабылдады?
– Иә, біз грузин жазушысының кейіпкерлерін қазақша сөйлеттік. “Кукарача” қойылымындағы тоғыз әртістің айтар ойын, ішкі жан дүниесін шетелдік қазылар алқасы олардың ойнау шеберліктерінен, іс-қимылдарынан ұқты. Психологиялық бағыттағы қойылымның режиссерлік тұжырымы ойды нақты жеткізуі мен актерлік шеберлігі халықаралық деңгейдегі қазылар алқасы мен көрермендердің көңілінен шықты. Бұл жетістік ұжымға үлкен мотивация беруде. Сыртқа шығып, театрымызды насихаттап, басқа өнер ордаларының қандай бағытта жұмыс істеп жатқанын көріп, өзіміздің деңгеймізді бағалай алдық.
– Мұндай фестивальдар біздің елімізде де аз өткізілмейді. Грузияда ұйымдастырылған мәдени шараның айырмашылығы бар ма?
– Соңғы жылдары театр фестивальдары еліміздің түкпір-түкпірінде ұйымдастырылуда. Олардың бірқатарына қатыстық. Бір айта кетерлігі, біздегі өнер додалары сайысқа құрылады. Жарыста бір театр екіншісінен асып түссем деп талпынады. Менің ойымша, мұндай басқосуларда бастысы актерлар бір-бірімен танысып, тәжірибе алмасуы керек. Өнер байқауына әртіс жеңу үшін емес, өзінің талантын ашу үшін қатысса нұр үстіне нұр. Сонда театр дамиды, өнер биік шыңға ұмтылады. Грузия фестивалінде соған сөз жеткіздік. Еуразиялық фестивальдарда жүлде беру деген мүлдем жоқ. Қазылар алқасы өнерпаздарды бір-біріне қарсы қоймайды, керісінше бір-бірінің өнерін құрметтеуге шақырады. Маған осындай бағыт ұнайды. Әр театрдың өзінің алған бағыты болса, сол бағытты сырт көзге бағалатуға осындай фестивальдер мүмкіндік жасайды. Шет елдерге шығу дамуға серпіліс береді.
– Қазақстаннан барған қос театр қандай марапаттарға ие болғанын толық айта кетсеңіз.
– Фестиваль қорытындысында он алты спектакль іріктеліп, аталымдар бойынша марапатталды. Барлығы сегіз аталымның төртеуі біздің еліміздің өнерпаздарына бұйырды. Шараға қатысқан жеті елдің арасында марапатсыз қалғандар да кездесті. Гранпри грузиндердің өздерінде қалды. Одан кейінгі “үздік интерпретация” аталымы бізге берілді. Біз өз мәдениетімізді, өнерімізді, деңгейімізді көрсету үшін бар күш-жігерімізді салдық. Өзіміздің шығармашылық ізденісімізді, әртістік қабілетімізді танытуға тырыстық. Шетелдік әріптестерімізден тәжірибе алдық, олар бізге қарап сүйсінді.
– Сіздер Н.Думбадзенің бірнеше әңгімесінің негізінде Кукарачо образын сомдағандарыңызды айттыңыз. Бұл бейне несімен қызықты?
– Театр – өмір айнасы, заманның көрінісі. Көрермен өзінің түсінігіне жеңіл, тіршілігіне жақын оқиғаны жылы қабылдайды. Классика деп танылған дүниелердің құпиясы неде деп ойлайсыз? Оқиға желісі мен айтар ой сонау заманда өтсе де бүгінгі көрермен оны өз қоғамының көрінісі ретінде қабылдауында. Немесе оның бірнеше ортаға таныс әлем болуында. Кукарачоны біздің әртістер қазақ тілінде орындаса да, қойылымның сюжеті, айтар ойы қазақ тілін білмейтін қазылар алқасына түсінікті болды. Біріншіден, оқиға желісі, тілі бөлек болса да, ойы кез келген ұлтқа таныс. Ол жерде адамзат үшін мәңгілік жастық, махаббат, балалық, адами мінез-құлық ұғымдары бар. Екіншіден, әртістің шеберлігі оқиғаны сөзбен емес көзбен түсіндіре алуында. Кеңестік заманда он бес одақтас республикаға ортақ түсініктер, ұқсастықтар көп болды. Мұндағы басты кейіпкерлердің есімдерінің кейбірін қазақшалап алсақ та, ерсі көрінген жоқ. Оқиға желісі грузиндердің ортасында өтіп жаста да, дәл сондағы кейіпкерлер, қоғамдық түсінік қазақ даласында да орын алады. Сондықтан ондағы айтылар ойды, оқиға желісін қазақтың қоғамына лайықтап орындауымыз қойылымның мазмұнын тереңдете түспесе, еш кеміткен жоқ. “Кукарачо” грузин ұлтының өмір салтына негізделіп жазылса да, әртістеріміз оны қазақ қоғамындағы тіршілік көріністері ретінде көз алдымызға елестете ойнады. Қазылар алқасы мен грузин көрермендері актерлердің екпінді ойынынан үлкен әсер алды. Сәтті шықты. Өйткені жастық шақ, ұрпақ тәрбиесі, махаббат тақырыбы қай ұлттың болмасын өмір сүру салтында бар ұғымдар.
– Басты рөлдердің бірі – Инганы сомдаған Жанар Насырованы талантты актриса ретінде білеміз. Өнер иесі өзіне артылған жауапкершіліктің үдесінен шықты ма? Сіздің бағаңыз қандай?
– Жанардың жүлделі оралуы – еңбегінің жемісі. Әдетте фестивальді ұйымдастырған кезде аталымдар алдын ала белгілі болады. Сол аталымға қарай жеңімпаздар таңдалады. Бұл байқауда “Үздік шетел актрисасы” деген аталым жоқ болатын. Қазылар алқасы Жанардың ойнау шеберлігін жоғары бағалап, бұл марапатты аталымдар тізіміне шара барысында қосты. Бастапқыда Жанар Насырова Марго деген кейіпкерді сомдайтын болған. Жол жүруімізге аз уақыт қалғанда режиссер оған басты кейіпкер Инганы ойнайсың деді. Барзу Абдураззаков Жанардың Инганың образын алып шығатынына сенді. Сенім ақталды, ол үздік шетел актрисасы атанды. Бұл жеңіс, ең алдымен, Жанардың театрға, өз мамандығына деген ерекше махаббатының дәлелі. Жанармен қатарлас Гүлдана Асқарова, Мақпал Серкебаева, Құртқа Мусина сияқты актрисаларымыз сахнаға шықты. Шеберліктеріне көрермендер тұрмақ, өзім де жиі таңданамын. Соның ішінде Жанар өзінің тапқырлығы, ізденімпаздығы, актерлік шеберлігі, ішкі әлемінің тереңдігі, пьесаны толықтай түсіне білгендігінің арқасында бір деммен Инганың бейнесін лайықты сомдап шықты.
– Өнер – адамзатқа ортақ құндылық. Ол ұлтқа, тілге, дінге, жынысқа бөлінбейді. Десек те грузиндердің қазақ тіліндегі қойылымды ерекше ықыласпен тамашалағанына тәнті болудамын. Мұның өзі өнерде тілдік шекара жоқ екенін аңғартпай ма?
– Тілді түсінетін көрерменнің алдында тақырыпты ашу әлдеқайда жеңіл. Қозғалыс пен дыбыс бір-бірін толықтырып тұрады. Ал егер көрермен сөзіңді түсінбесе, әртіс оған жан дүниесін паш етуі керек. Грузиядағы қойылым кезінде қазылар алқасы сахнаға жап-жақын отырды. Олар әртістің әр қимылын, көзқарасын, бет-әлпетіндегі өзгерісті аңдып отырды. Көзге қарап оқиғаның желісін түсінді. Соны түсіндіре білу өнер иелерінен асқан шеберлікті талап етті. Жанардың тұнық көзқарасы, театр өнеріне деген махаббаты қазылар алқасы көргісі келіп отырған дүниені олардың алдына жайып салды. Жанардың маған ұнайтын тағы бір қасиеті – қолға алған ісін аяғына дейін жеткізбей тыным таппайтындығы. Шебер өнерпаздың бойында табылатын көп қасиет онда бар. Сондай-ақ Асылхан Разиевтің шеберлігін де ерекше атап өткім келеді. Кез келген қойылымда басқаларды артына ерте білетін көшбасшы болады. Асылхан – сондай әртістің бірі
– Әртістің қабілетін танитын бірден бір маман – режиссер. “Кукарачо” қойылымының режиссері – Барзу Абдураззаков. Ол кісі туралы да айтып өтсеңіз.
– Барзу Абдураззаков – театр әлеміндегі мықтылардың бірі. Тәжіктің атақты режиссерімен біздің театр шығармашылық байланыс орнатқалы қашан. Ол кісі қойылымды халықаралық аренаға шығару үшін ұжымды бір мақсатқа ұйыта білді. Режиссердің артықшылығы оның әртістерді психологиялық тұрғыда дайындай білуінде. Қойылым кейіпкерлерін сомдайтын өнерпаздарға дұрыс бағыт берілсе, спектакль де өзінің мақсатына жетеді. Режиссер мен актерлердің ортасында көзге көрінбейтін, жүрекпен ұғынатын бір байланыс болады. Шетелдік әріптесіміз соны қалыптастыра білген.
– Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрына сырттан режиссер шақыру ісі бір жолға қойылған. Менің ойымша, бұл актерлердің қабілеттерін саралауға жәрдемдесетін жақсы үрдіс. Дегенмен, осы тұста “Театрдың өз режиссері қайда?” деген тағы бір сауал туындайды.
– Театрды дамыту үшін сырттан режиссер шақыру әлемдік практикада бар. Басқа ұжымнан келген адамның көзқарасында да, жұмыс істеу техникасында да өзгешелік болады. Жаңашылдыққа ұмтылу үшін біз де сырттан өнерпаздар тартамыз. Бұл мәселе ұжыммен ақылдаса отырып шешіледі. Ең алдымен, режиссердің деңгейі мен тәжірибесінің молдығына сүйенеміз. Театр – өмір, қозғалыс. Ол өз қазанында ғана қайнап жата берсе, әртістер қарайып қалады деген де түсінік бар. Грузия фестивалінде Түркиядан келген Құбылай деген азаматпен таныстық. Оның Ыстамбұлда өз ортасы, өзінің ұйымдастыратын байқаулары бар. Болашақта сол кісімен қарым-қатынасты нығайтуды көздеп отырмыз. Ол Ыстамбұлдағы бір фестивальдің жетекшісі. Өзі қатысып жүрген байқауларға бізді де тартатынын айтты.
– Жаңашылдыққа ұмтылу кез келген ұжымды алға жетелейді ғой. Қаламыздың қақ ортасында бой көтерген жаңа ғимарат та сіздердің шабыттарыңызға шабыт қосқандайма қалай?
– Театрымыздың ғимараты жаңарып, үлкен мүмкіндіктерге жол ашылуда. Енді өзімізге отандық, шетелдік театрларды гастрольге шақыра аламыз. Мәселен, Башқұртстанның театры біздің өңірімізге келуді жоспарлап отыр. Кең әрі жарық ғимаратта форумдар мен фестивальдер өткізуге мүмкіндік мол. Көрермендер сыйымдылығы да еселенді.
Бүгінде театрдың көркемдік кеңесі құрған жоспармен жұмыс істеп жатырмыз. Ол жоспар көрермендердің сұранысы мен қызығушылығы негізінде жасалды. Жылда репертуарға бір классика, бір комедиялық шығарма, балаларға арналған бір-екі ертегі, қоғамдағы өзекті мәселені көтерген драмалық қойылым қосуға тырысамыз. Биыл Ғабит Мүсіреповтің “Ұлпан” шығармасы сахналанады. Ол үшін Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театрының режиссеры Болат Тұзақовты шақырдық. Бұл классикалық туынды. Ұлпан образын қазақ қыздарына, әпкелеріміз бен қарындастарымызға үлгі еткіміз келеді. Алдағы жаңа театр маусымын осы қойылыммен ашуды жоспарлап отырмыз. Жыл соңына дейін А.Чеховтың “Шағала” деген туындысын сахналауды көздеудеміз. Театрымызда қызмет істеген режиссер Фархат Молдағалиевті, Астанадағы Әзірбайжан Мамбетов атындағы комедия театрының көркемдік жетекшісі Ұлан Мырзаны да өнер ордасына шақыру – осы жылдың жоспары. Биыл біздің театрға жиырмаға жуық жас өнерпаз келеді деп күтілуде. Жыл басында Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының бір топ студенті дуальдық оқыту жүйесі бойынша біздің театрда өздерінің дипломдық жұмыстарын сәтті қорғады. Солардың жартысы қайтып оралмақшы. Астанадағы “Шабыт” ұлттық өнер академиясының төрт студенті бізге келіп, дипломдарын қорғайды. Жергілікті колледжді бітірген екі түлекті жұмысқа қабылдадық. Биыл қазан айында Темірбек Жүргеновтің туғанына 125 жыл толуына орай ұйымдастырылатын республикалық театр фестивалі бізде өткізілмекші.
Грузия фестивалінде Португалия, Түркия, Әзірбайжан, Испания, Кипр елдерінің театр сыншылары біздің ұжымға жоғары баға берді. Біз одан да биік белестерге жеткіміз келеді. Театр – адам жанының рухани азығы. Театрдың қоғам үшін маңыздылығына бірнеше тұжырым жасауға болады. Алысқа бармай-ақ әрқайсымыз жақсы білетін пандемия кезін еске алайықшы. Басқаларды қайдам, өзіміздің қазақ бауырлар осы пандемиядан кейін рухани азық іздей бастады, көрермендеріміздің қатары артты. Өздерінің қандай спектакльдер көргісі келетінін айтып, байланысқа шықты. Біздің міндетіміз – көрермендеріміздің рухани шөлін қандыру.
– Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ
“Soltüstık Qazaqstan”.