«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЛАШТАН АТ ОЗДЫРҒАН АҚАН СЕРІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тасын түртсең тарих болып сөйлейтін Айыртау жерінің киелі топырағы –алты Алашқа аты мәлім талай бұлбұлдар мен дүлдүлдерді биігіне көтерген мекен. Ботайдың бауырында алғаш ат баптап, Сырымбет саласында төрелер билік құрып, Қоскөл жағасында серілер ән әуелеткен асыл мекен осы. Көркімен көрген жанның көзін арбаған Имантау мен Шалқары бар.

Елі баладай әлпештеген Ақан сері де тек осындай сұлу аймақты мекендеп, тек осындай құйқалы топырақта туса керекті. Мұндағы көкті тірегендей болып қасқайып тұрған қарағайлар, ой мен қырлар, өзен мен көлдер сол Ақанның ержетіп, қолына домбыра алып, ғашығына кіршіксіз сезімін білдіріп, Құлагерімен жан досындай сырласқан кездерінің куәгері. Іргесі сөгілмей Есіл мен Көкшенің арасындағы осы даланы ен жайлап жатқан жұрт  ақынын төбесіне көтеріп, атын мәлім еткен елдің ұрпақтары. Бір кездері қазақ айтысының, әні мен жырының ордасы болған Айыртау  даласы осы күні де думанға бөленіп, күллі елге сауын айтып жатыр. Арқаның ақтаңгерінің 180 жылдығына орай берісі Көкшетау мен Қызылжар, арысы шығыс пен оңтүстіктен келген меймандар арқа-жарқа болды. Олар екі күн бойы ән мен жырға сусындап, осындағы дүбірлі тойдың куәсі атанды.

Мерейтойдың алғашқы күні аудан орталығы Саумалкөл ауылында “Құлагер шабыт – сері Ақан” атты республикалық ақындар айтысы өтті. Жыр бәйгесіне Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Қостанай, Абай облыстарымен қатар Астана, Алматы қалаларынан 12 ақын қатысты. Шараны құттықтау сөзімен ашқан аудан әкімі Ерболат Бекшенов ақын тойына келген меймандарға алғыс білдіріп, аламанға сәттілік тіледі.

Алғашқы болып сахнаға шыққан көкшетаулық Нұрислам Әбділ мен қостанайлық Айбар Рағатов аға мен інінің келісті айтысын жасады. Бұл жұпта жасы кіші болса да Айбар басым түсіп, қазылар алқасының жоғары бағасын алды.

Екінші жұпта сахна төріне жыл басынан бері бірталай додада топ жарып, есімі елге танылып үлгерген ақмолалық Ерлан Дәулет пен аты Қызылжар жұртына жақсы таныс Жұмабек Рахимов шықты. Қос мықтының айтысына көрермен де қиқу қосып қолдап отырды. Сөз бастаған Ерлан ақын Жұмабектің осыған дейін қанша үлкен аламандарға қатысса да, жүлделі бола алмағанына достық пейілмен алаңдаушылық білдіріп, әрі онысын мысқылдап:

…Орда бұзар отыздан асып кеттің,

Оғланнан үміт күткен ордаңдағы.

Шал ақынның жерлесі бүгін көсіл

Шал болғанда жүрмесең топ жарғалы, – десе, Жұмабек те ақталғандай болып “Жұртымның жүректегі сөзін айтып,

Жүрсін көкем жүлдесін алып қойғам” деп өзі де шабуылға көшті. Ол отыздан асқан шағында отау тіккен Ерлан Дәулеттің бұнысын әзілге айналдырып, “Көмек керек боп жатса, шақырарсың” десе, дес бергісі келмеген ақмолалық ақын:

Айтпақшы сен балуан жігіт едің,

Әйел алып жүдедің жаман кенет.

Құр сүлдерің қалыпты сүйретіліп

Сол көмек маған емес саған керек, – деп қарсыластың өзін күлкі еткендей болды.

Енді ғана үйленген Ерлан Дәулет мұндай соққы боларын алдын ала сезгендей, досының айтқан әзіліне төпелей жауап беріп, айтысының біраз уақытын осы тақырыпты жырлаумен өткізді.

Талай аламанға қатысып тіс-қаққан ақын Ерлан Дәулет пен Жұмабек Рахимовтан көрерменнің салмақты сөз, түйінді ой күткені анық. Екі ақын да осы сенімді ақтағысы келгендей барынша көсіліп бақты. Алайда әңгіме ауаны бірінің жаңа алған жары мен екіншісінің жаңа қызметінің айналасында болып, уақыттың аздығынан көп жайт көлеңкеде қалып қойғандай көрінді.

Үшінші болып сахнаға Айыртаудың төл баласы Дәулет Құрмаш пен алматылық Ақбота Манарбекқызы шықты. Бөрікті ұл мен көрікті қыздың айтысына көрермен де көңіл қойып, қолдауын аямады. Әсіресе ауданның намысын қорғап шыққан Дәулетке қиқу салып, қол соққандар көп. Ақбота да әсем үнімен, әуезді мақамымен жұрттың назарын аударды. Осылайша екі жас қыз бен жігіттің әзілге толы айтысын жасап, елді риза қылды. Жастардан кейін шыққан қарағандылық Мақсат Ақанов пен астаналық Әсем Ереже де көрерменнің езуін жидырмайтындай айтыс көрсетті.

Шығыстың қос жүйрігі Серік Қуанған мен Қуандық Кенжебекұлы алғашында бір-біріне дес бермеуге тырысқанымен, соңында жылы жүзбен тарқасты. Қуандық өзінің оңай шағылатын жаңғақ емес екенін көрсеткісі келгендей:

Талайға дес бермеген бұл асаудың

Мен тартып көрейінші тізгінінен, – 

дей келе, қарсыласының Өскемендегі айтыс ақындары одағын басқаратынын “шабуылына” себеп етті.

Оның мұнысына жауап берген Серік қарсыласын қызғаншақ адамға теңей келе былайша жауап берді:

Жүрсін ағам айтатын бір сөз бар ед(і),

Бұл оның үңіле ме тереңіне?

Дәл мұндай күндейтұғын досың болса,

Бұл өмірде дұшпанның керегі не?

Осы айтысқа дейін Серік Қуанғанның Ұлытаудағы жыр бәйгесінде қызылордалық Мейірбек Сұлтанханмен сайысып, қарсыласының шапанын жамылып кеткені бар. Елге осы жайды баяндаған Қуандық қарсыласының жаңа шапанына құтты болсын айтып:

Серік досым қайталай алар ма екен,

Мейірбек Сұлтанханның мырзалығын, – десе, Серік Қуанған да қысылмай өз шапанын семейлік досының иығына жапты.

Бұл жолғы болған айтыстың бағасын патша көңіл көрерменнің өзі берді. Ақанның тойына жиылған ақындардың келісті сөзін, ұтымды әзілін, өткір ойын айтпай кетуге болмайды. Айтыскерлердің арасында сөзден тосылып, жырдан жаңылып, бірді-екілі қателікке жол беріп жатқандары да болды.

Жер-жердің жүйріктері ең алдымен Айыртау жерінің қасиетін тілдеріне тиек етіп, тарихын жырлады:

…Жан дертіңнен айығып кетесің ғой,

Айыртаудың бір барсаң орманына.

Мұнда туған кешегі тектілердің

Әр ісінде бар еді зор мағына…

(Жұмабек Рахимов)

…Айыртау, қасиетіңнен айналайын

Бағзыдан тектілердің тұрағы едің.

Осында дәм-тұз айдап келіп қалған,

Маңдай бағым бес елі мына менің.

Құлағыңда әні ойнап Ақанымның

Кермеде кісінесін Құлагерің.

(Ақбота Манарбекова)

Ақындар тақырып өзегіне айналған Ақан серінің ертегідей өмірін де ұмыт қалдырған жоқ:

Бұл өмір – өтіп кетер бір аламан,

Барлық ақын туыпты бір анадан.

…Жарықтық домбырасын қолға алғанда,

Керегеден бұлбұлдар сығалаған.

Аспан асты, жер үстін дүрілдетер

Бір Ақанды күтіп тұр мына далам.

(Нұрбек Бәкір)

Бұдан бөлек ақындар аудандағы Мәдениет үйін Ақан атына беру мәселесін көтеріп, Сегіз сері шығармашылығын жоққа шығарып жүргендерге өз қарсылықтарын білдірді.

Бәйгенің бірінші айналымынан сүрінбей өткен 4 ақын финалда айтысып, жыр додасының көрігін қыздырды. Оның нәтижесінде бас жүлдені Есіл ауданының тумасы Жұмабек Рахимов иеленді. Жұмабек ақынның бұл жолы тыңғылықты дайындалып келгені байқалып тұрды. Ал бірінші орын оның қарсыласы Ерлан Дәулетке бұйырды. Екінші орынды Әсем Ережеқызы еншілесе, үшінші жүлдені Мақсат Ақанов, Серік Қуанған өзара бөлісті. Ал арнайы жүлде Ақбота Манарбекқызы, Дәулет Құрмаш, Нұрбек Бәкір сынды жастарға табысталды.

– Айыртау ауданында Ақан тойына орай өнер жәрмеңкесі өтіп жатыр. Соңғы жылдары солтүстік жұрты қазақ айтысының тамырына қан жүгіртті. Бүгінгі аламанда ақындар сүрінген сәтте қынжылып, өрелі сөз айтқанда сүйініп отырдық. Бәйге болған соң біреудің бағы, біреудің бабы озады. Бүгін осы ақындар өнердің үлкен керуенін ел алдынан өткізгендей болды. Осылай ұлыларымызды ұлықтай білсек, рухымыз биік болады,–деді айтысты қорытындылаған қазылар алқасының төрағасы, ақын Дәулеткерей Кәпұлы.

Мерейтойдың екінші күні Ақан сері ауылының маңындағы тоймен жалғасты. Онда әдеттегідей жұрт жиылып, киіз үйлер тігіліп, көрме, жәрмеңке өтті. Шара жергілікті өнерпаздар дайындаған концерттік бағдарламамен басталды. Жиылған жұртты облыс әкімінің атынан орынбасары Сәтжан Аблалиев құттықтады.

– Айыртау ауданы сұлу табиғатымен ғана емес, тарихи, мәдени жағынан да күллі елге мәлім аймақ. Мұның бір дәлелі – Ақан сері шығармашылығы. Ақан сері өз әндерімен ұлттық өнерімізде өшпес із қалдырды. Ақынның 150 жылдығы дәл осы ауылда атап өтіліп, осы маңда үлкен ескерткіші қойылды. Оның өмірі жайлы талай туындылар дүниеге келіп, фильм түсірілді. Бүгінгі шара да осындай игі істердің жалғасы іспетті, – деді Сәтжан Әйтенұлы.

Осыдан кейін еңбегімен көзге түсіп, алдыңғы қатардан көрінген бірқатар айыртаулықтар марапатқа ие болды. Мерейтой аясында ұлттық өнерімізді насихаттауға қосқан үлесі үшін еңбек ардагері Күміс Мұратбекова, дәстүрлі әнші Біржан Есжан мен аудан тұрғындары Нұржан Рақымжанов, Марат Кенжеболатов, Жомарт Оразалин және тағы да басқа азаматтар облыс әкімінің Құрмет грамоталарымен,  Алғыс хаттарымен марапатталды.

Шара қонағы Сенат депутаты Әсем Рахметова сахнаға шығып, жерлестеріне жүрекжарды лебізін білдірді.

– Арқаға әнімен танылған ақын тойына ағылған ағайынға бүгінгі той құтты болсын дегім келеді. Қайда жүрсек те өз өңірімізден шыққан Ақан сері, Үкілі Ыбырай сынды даңқты тұлғаларымызбен мақтанамыз.  Осы тойдың жүгін арқалап, шашбауын көтеріп жүрген ағайынға алғыс білдіремін. Айыртауды Ақан серінің дара, дарқан мінезі тербеп тұрғандай, сол мінез осында туған әр азаматқа дарыған сияқты. Ақынның өнері қаншалықты биік болса, сол биіктікті сіздерге де тілегім келеді. Осындағы жұртты Ақанның аруағы жебеп жүрсін. Бұл той тек балуан күрестіріп, ат жарыстыратын емес, атқарылған істі қорытындылап, алдағы күнді жоспарлайтын шара екенін ұмытпайық, – дейді Әсем Қалашбайқызы.

Аудан әкімі Ерболат Бекшенов те жерлестерін айтулы күнмен құттықтап, Ақан сері Қорамсаұлының ұлт руханиятында алар орнына тоқталып, ақын шығармашылығын зерттеп, әндерін орындап жүрген азаматтарға алғысын білдірді. Өз сөзінде аудан әкімі Айыртау ауданының тумасы медицина ғылымдарының докторы, белгілі дәрігер Абай Байгенжиннің облыстың құрметті азаматы атағын иеленгенін сүйіншілеп, тойға келген құрметті қонаққа ілтипат көрсетті. Туған жердің төрінде мерейі өскен Абай Қабатайұлы да өз ризашылығын білдіріп, құттықтау сөзін жеткізді.

Одан әрі мерекелік шара Ақан сері атындағы облыстық филармонияның әншілері дайындаған ән шашумен жалғасты. Бір кездері Ақан серінің үні қалған далада тағы да ақын әндері қалықтап елді ерекше әсерге бөледі.

Сахна маңында қолөнер бұйымдарының жәрмеңкесі өтіп, ою-өрнекпен көмкерілген кәдесыйлар, ат әбзелдері мен өзге де бұйымдар сатылды. Ал бейнелеу өнері музейінің мамандары Ботай мәдениетіне арналған суреттер көрмесін әкеліпті. Ұйымдастырушылардың сөзінше осыдан бірнеше жыл бұрын ауданға атақты суретшілер келіп, Айыртау табиғатын қағаз бетіне түсірген екен. Бүгінде бұл туындылар өңір тарихы мен табиғатын жұртшылыққа танытатын туындыларға айналып отыр. Музей қызметкерлері биыл да Ботай жерінде суретшілерді жинап, халықаралық симпозиум өткізуді жоспарлап отырғандарын айтады.

Ал алаң ортасында бозкілем төселіп, таң атқаннан күн еңкейгенше балуандар күресі қызды. Күрес алаңына жиылған жұрт спортшыларға жанкүйер болып, тілеуін тіледі. Мұнда ұтымды әдісімен қарсыласының жауырынын жер иіскеткендер де, қара күшке саламын деп қапы қалғандар да, бағы жанып қуанышқа кенелгендер де, бабы келіспей бармақ тістегендер де болды. Күрестің соңында бозкілемге түйе балуандар шығып ағайынды қызыққа қарық қылды. Ауыр салмақтағы 16 спортшы серінің мерейтойына арналған арнайы белдікке таласты.

Құлагерімен Атығай, Қарауылға олжа салып, алаштан ат оздырған Ақан тойында бәйге де өтті. Осылайша талай жүйріктердің ізі қалған Айыртау даласы тағы да дүбірге бөленді. Құйрық жалы таралып, бабы келіскен тұлпарлар алдымен құнан бәйгеде топқа түсті. Таң атқалы тыпыршып жүрген аттар бәйге басталысымен шаң шығара шаба жөнеліп, алғашқы жеңімпаздар да анықталып жатты. Ақын тойында еліміздің түкпір-түкпірінен келген небір сәйгүліктердің басы қосылды. Төрт қашықтықта өткен ат жарысының ең үлкені аламан бәйге жеңімпазына автокөлік тігілді. Темір тұлпарды Алматыдан келген шабандоз иеленді.

Қазақ даласын қызыққа толтырған Ақан серінің мерейтойы осылайша туған жерінде аталып өтті. Халқымыздың өзінің көшелі ерлерін ұмытпай, туған күнін тойға айналдырып, бір жасап қалатын әдеті ғой. Алайда соңғы кездері осындай айтулы күндеріміздің жүгі жеңілдеп бара жатқаны байқалады. Ақандай ақтаңгер бабамызға қандай бәйге өткізіп, ән мен күйді өзендей ағызсақ та артық емес. Алайда мұндайда басты міндет бабамыздың есімін жаңғырту, ұлттық өнерімізді насихаттап, елдің рухани азық алуына қозғау салу керек екенін ұмытпаған жөн. Әйтпесе мұндай тойларда сөз тыңдап, мағыналы ән мен келелі ойға құлақ қоятын жұрттың қатары азайып бара жатқаны байқалады. Айыртау бауырындағы осынау тойдың жаршысына айналуға тиіс әріптестерімізді де Ақан ауылынан кездестіре алмадық. Жергілікті тұрғындардың сөзінше Ақан ауылының бүгінгі жағдайы да көңіл көншітерлік емес екен. Тек бұл ғана емес өңірдегі ұлылар туған біраз ауылдың іргесі сөгілгелі тұр.

Күні кеше ғана өмір сүргендей болып көрінгенімен Ақан өмірінің ақ-қарасы әлі ажыратылмай келе жатқанын несіне жасырайық. Ел арасында оған қатысты аңызға бергісіз әңгімелер әлі күнге айтылады. Серінің әндерінің баяны, айтыстары мен өлеңдері де бір тарих. Сол тарихты бүгінгі елге, кейінгі жастарға таныту әлі де өзекті. Сондықтан да Ақан сері Қорамсаұлының мерейтойы тек өзі туған жердегі жиынмен шектеліп қалмай, келешек ұрпаққа берері мол мағыналы шаралармен жалғасса, ақын шыққан парасат биігіне бір табан жақындай түсер едік.

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp