«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Дала өркениетінің бастауы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақ даласы ерекше тылсым, тарихи жәдігерге бай. Оның бірі – 1980 жылы әйгілі ғалым, көрнекті тарихшы, археолог Виктор Зайберт ашқан аңызға толы құнды ескерткіш, ұлт шежіресінің бастауы саналатын Ботай қонысы.

Ботай қонысындағы қазба жұмыстары кезінде археологтар ежелгі адамдардың өмірі, тыныс-тіршілігі, баспанасы туралы баяндайтын екі жүз мыңнан астам артефакт қазып алды

Көне қоныс – Қазақстанның ең үлкен қазыналарының бірі, мұнда сенсациялық олжалар – адамдардың жылқыны алғаш қолға үйреткенін растайтын жүздеген артефактілер табылған. Әлемде жылқыны қолға үйреткен бірден-бір орын саналатын бірегей Ботай қонысы республикалық музей-қорықтардың қатарына енді. Зерттеудің тарихи маңыздылығы – Қазақстанның жер шарындағы жылқыны қолға үйреткен негізгі орталықтардың бірі екендігінде. Бұл ерте еуразиялық жылқы өсірушілер әлеміндегі бірегей мекен.

Ботай қонысына әр жылдары ұйымдастырылған қазба жұмыстары кезінде ағашты өңдейтін қашау, құс сүйегінен киім тігуге арналған инелер, тескіштер, тұмар мен әшекей бұйымдардың кездесуі шаруашылықтың әр саласынан хабар берсе керек.

Музей-қорықтың қорында 10000 мыңға жуық бірегей экспонат бар. Ботай музей-қорығына көне жәдігерлерді көріп, тамашалау үшін еліміздің түкпір-түкпірінен, шетелдерден көптеген туристер келеді. Жыл басынан бастап музейге 822 адам экскурсия жасады.

Биыл Ботай мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығына 5 жыл толып отыр. Осыған орай халықаралық және республикалық деңгейде бірнеше ауқымды іс-шара жоспарланған.

Солардың ішінде Айыртау ауданының мектеп оқушылары мен колледж студенттері үшін “Бес жыл бірге” акциясы ұйымдастырылды. Акция аясында 2 ай ішінде 500-ден астам мектеп оқушысы Ботай музей-қорығына экскурсияға келді.

2023 жылғы қаңтар айында Азаматтық қорғаныс жоғары көпсалалы колледжі өлкетану клубының жұмысы шеңберінде Ботай мемлекеттік тарихи-мәдени мұражай-қорығы мен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл ынтымақтастық өзара қызығушылық тудыратын салаларда білікті мамандарды даярлаудың шексіз мүмкіншіліктерін ашады.

Мерейтойға орай 0-10-сынып оқушылары мектепке дейінгі, жалпы орта және қосымша білім беру мекемелері арасында “Ботай мәдениеті – ата-баба мұрасы” тақырыбындағы республикалық көркемсурет байқауы ұйымдастырылды. Байқауға барлығы 66 өтінім келіп түсті. Қызылорда, Қостанай, Өскемен, Көкшетау, Петропавл қалаларының және Айыртау ауданының оқушылары белсенді қатысты.

Сонымен қатар Ботай мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының 5 жылдығына орай “Өркениеттің көне мекені – Ботай қонысы” республикалық шығармалар байқауы ұйымдастырылды. Байқауға Астана, Семей, Алматы, Түркістан, Шардара, Қызылорда, Шу, Көкшетау, Петропавл қалаларынан, сондай-ақ Абай облысы мен Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облысының аудандарынан 93 шығарма келіп түскен болатын.

Сондай-ақ биылғы жылы 18 сәуірде Халықаралық ескерткіштерді қорғау күніне арналған дала семинары ұйымдастырылды. Бұл іс-шараның мақсаты – тарихи-мәдени мұраларды сақтау саласында тәжірибе алмасу, Ботай мәдениетін дәріптеу. Сонымен қатар “Айыртаудың тарихи-мәдени мұрасы – туризмді дамытудың жаңа жолдары контекстінде” дөңгелек үстелі ұйымдастырылды. Іс-шара жұртшылықтың, ғалымдардың, мемлекеттік органдар өкілдерінің назарын тарих және мәдениет ескерткіштерін сақтау мәселесіне аудару үшін ұйымдастырылды.

Ботай музей-қорығының 5 жылдық мерейтойына орай және “Музей түні” акциясы аясында Халықаралық музейлер күніне арналған “Ботай пырағы – 2023” жыл сайынғы фестивалі ұйымдастырылды. Фестивальдің мақсаты – музейдің ресурсын, мүмкіндіктерін, әлеуетін көрсету, жастарды, өскелең ұрпақты қызықтыру, Ботай мәдениетін, Солтүстік өңірдің тарихи-мәдени мұрасын кеңінен насихаттау, мәдени-академиялық дәстүрді сақтау, әлем музейлерімен ынтымақтастық орнату. Іс-шаралар Саумалкөл ауылында және тікелей Ботай мәдениетінің көне қонысында өтті.

Фестивальға 2000 адам келіп, театрландырылған қойылымдарды тамашалауға мүмкіндік алды, сондай-ақ іс-шара қонақтарының назарына “Ботай – мыңжылдық жолымен” көрмесі ұсынылды. Екінші күні Ботай мемлекеттік тарихи-мәдени музейқорығының ғылыми қызметкерлері Халықаралық музейлер күніне орай “Kókshe” телеарнасының “Көкше нұры” ақпараттық-танымдық бағдарламасына қатысты. Сұқбат барысында Ботай мәдениетінің ерекшеліктерін, ескерткішті сақтаудың басты факторы ретінде Ботай музей-қорығын мұражайландыру тұрғысынан дамыту жоспарларымен бөлісті.

Мамыр айында музей-қорықтың археологтары биылғы қазба жұмыстарын бастады. Қонысқа Көкшетау қаласының Ш.Уәлиханов атындағы университетінің “Тарих және дінтану” және “Ғылыми тарих” факультетінің 1 курс студенттері келіп, археологиялық тәжірибе өткізді.

Ботай музей-қорығының 5 жылдығына орай “Ботай мәдениеті – ұлт шежіресі” тақырыбындағы далалық семинар ұйымдастырылды. Семинарға қатысушы студенттер археологиялық қазба жұмыстары кезінде алынған тәжірибелерімен, археологтардың күнделікті өмірі туралы өз әсерлерімен бөлісіп, қазба жұмыстары және табылған заттар туралы айтып берді.

2023 жылғы 20 шілде күні Ботай музей-қорығының тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану бөлімінің инспекторы Владимир Искрижицкий ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жерлеріндегі шекараларды айқындау жұмыстарын жүргізді.

2023 жылы 22 мамырда Бозоқ мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы “Дәстүрлі рәсімдер есте қаларлық мәдениеттің көрінісі ретінде далалық Еуразияның символдық капиталының ресурстары мен стратегиялары” атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізді. Конференцияда Ботай музей-қорығының көшпелі көрмесі көрсетілді.

Сонымен қатар Ботай мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы Ботай қонысында археологиялық қазба жұмыстарының басталуына және Ботай музей-қорығының құрылғанына 5 жыл толуына орай “Ботай – ғасырлар тарихы мен мәдениеті” атты имидждік іс-шара, флешмоб өткізді. Аталған іс-шараның мақсаты – жастар арасында ұлттық дәстүрлерді насихаттау.

Биыл “Ботай. Дала өркениетінің бастауында” көшпелі көрмесі Шығыс Қазақстан облысы Қатонқарағай ауданы Берел музей-қорығында ұсынылды.

Ботай қонысында бүгінгі күнге дейін археологиялық қазба жұмыстары жалғасуда, қоныста әлі зерттелмеген таңғажайып жәдігерлер кездесуде. Әр жыл сайын музей-қорықтың жанында “Жас археолог” үйірмесі ұйымдастырылады, оқушылар археологиялық қазба жұмыстарына белсене қатысып, жас археологтар табылған олжалар мен жәдігерлерді сипаттауды үйренеді. Жазғы демалыс кезеңіне қарамастан оқушылар бос уақыттарын қызықты өткізіп, туған жердің тарихын зерттеп, жарқын әсер алуда.

Қуаныш ШАҚШАҚОВ,

Ботай мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры .

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp