Халқымыздың үштен бірін жастар құрайды екен. Бұл көрсеткіш жылдан жылға артып келеді. Жастарымыздың саны артқан сайын оларға қатысты бірқатар мәселелер де ушыға түсері анық. Бұл проблемаларды екіге бөліп қарастыруға болады. Біріншісі – баспана жетіспеушілігі, жұмыссыздық, кәсіпкерлікті дамыту сияқты әлеуметтік мәселелер болса, екіншісі – жастардың рухани, мәдени дамуына, саламатты өмір салтын ұстануына қатысты құндылықтар. Мұның біріншісін үлкен қаржы бөліп, мемлекет тарапынан қолдау көрсетіп біржақты етуге болар, ал екіншісінің түйінін қалай шешпекпіз? Мені кейінгі буынның тәрбие мәселесі қатты алаңдатады.
Жастық шақ – адамның бойында күші тасып тұратын, жемісті еңбек ететін ең белсенді кезеңі. Жыл сайын арман қуған қаншама ұлымыз бен қызымыз ересек өмірдің баспалдағын аттайды. Осындай кезде жұмыста тәжірибесі аз, жиған-терген капиталы жоқ жандарға оңай болмасы анық. Табысты адамдардың ешқайсысы бірден биікке көтеріліп кетпеген. Басымыздағы бақыт баянды болсын десек, ол үшін аянбай еңбек етіп, маңдай теріміздің жемісін бергенін күте білуіміз керек. Өкінішке қарай, бүгінгі жастардың көбі осыны түсінбейді. Олардың бәрі оқуды аяқтай сала табысты жұмысқа тұрып, қымбат көлік мініп, зәулім үйде тұрғылары келеді. Бұл бір жағынан өмір дейтін мектептің есігін ашқан ұл-қыздардың аңғалдығы болса, екінші жағынан еріншектіктің белгісі. Біз қалаған дүниемізге тек еңбекпен ғана қол жеткізе аламыз. Ал қалғанының бәрі жалған немесе уақытша болып шықпақ. Өмірдің шындығы – осы. Жастардың ертегідегідей өмірді армандамас бұрын жұмыс істеп, еңбекпен шыңдалғандары жөн.
Жастарымыздың бойындағы бұл аңғалдықты қазіргі алаяқтар да өз пайдасына жаратып жүр. “Салған ақшаны екі есе қайтаратын”, “төмен пайызбен несие беретін” тағы сондай неше түрлі тиімді ұсыныстар айтатын арам пиғылдылар көп адамды құрығына түсіруде. Құмар ойынға құнығып, бәс тігіп бай боламын деп басына бәле тауып алғандар қаншама. Қаржылық пирамидалардың жалт-жұлт еткен жарнамасына еріп кететіндер де кейінгі буын өкілдері екен. Егер біз оларды еңбекке баулып, қандай дүниенің болсын аспаннан түсе салмайтынын ұғындыра алғанымызда мұндай жағдай орын алмас еді.
Еліне жаны ашитын жас ешқашан еңбектен қашып, оңай олжа іздемейді. Керісінше Отанымыздың дамуына үлес қосатын мүмкіндік іздеп, күш-қуаты мен білімін сол жолға жұмсайды. Сөйткен адамға тілеген нәрсесі өзі-ақ келеді. Сондықтан да бүгінгі буынға шетелдің жұлдыздары мен байшыкештері емес, ұзақ жылғы жұмысының жемісін көрген еңбек адамдары үлгі болуы керек. Сонда ғана елдің тұтқасын өскелең ұрпақтың қолына сеніп тапсыра аламыз.
Еңбекке бой үйретудің орнына, жеңіл жолмен ақша табуды көздегендердің ертеңі де бұлыңғыр. Ондайлардың арасында алаяқтардың құрбаны болғандардан бөлек, өздері де басқаны алдауды кәсіп еткендер көбейіп келеді. Өкінішке қарай, қазір тыйым салынған заттарды сатып, өзгелердің атына несие рәсімдеп, интернет-алаяқтықпен айналысып ұсталғандардың арасында жастар көп. Бұл да балаларымыздың бойындағы еріншектікпен қоғам болып күресе алмай отырғанымыздың үлкен зардабы.
Бәріне оңай қол жеткізуге болады деген жалған сенім мен жалқаулық жастарымыздың жігерін құм етіп, айналадағы құбылыстарға жеңіл қарауға итермелеуде. Ең қиыны – оңай жолмен табысты боламын деп, жұмыс істегісі келмейтіндердің көбі осы ісінен сабақ алмайды. Маңдайы тасқа соғылса да, тәубесіне келіп, екі қолға бір күрек іздеуге асықпайды. Керісінше өмір заңын түсінбей, тағдырынан баз кешіп кетеді. Мұндайлардың өзіне-өзі қол салуы да ғажап емес. Бүгінде жастар арасындағы суицид бойынша өзге елдерден алда тұрғанымыз осының дәлелі. Ұл-қыздарымызды дұрыс жолға бағыттап, еңбектің құндылығын түсіндіріп, тәрбиеміздегі олқылықтың орнын толтырсақ қана осындай жайттардың алдын ала аламыз.
Бұдан шығатын басты қорытынды – жастардың бойындағы басты кесел жалқаулық пен жігерсіздік. Хәкім Абай қарасөзінде әрбір жалқаудың қайратсыз, қайратсыздың мақтаншақ, мақтаншақтың ақылсыз, надан, ақылсыз, наданның арсыз, арсыздың сұрамсақ, тойымсыз, өнерсіз келетінін жазған. Осыдан-ақ жалқаулық дейтін кесір әдеттің қаншама мәселенің себебі екенін аңғаруға болады.
Айнал КЕРІМБЕКОВА,
Петропавл қаласының тұрғыны.