«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүруге әуес

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Халқымыздың үштен бірін жастар құрайды екен. Бұл көрсеткіш жылдан жылға артып келеді. Жастарымыздың саны артқан сайын оларға қатысты бірқатар мәселелер де ушыға түсері анық. Бұл проблемаларды екіге бөліп қарастыруға болады. Біріншісі – баспана жетіспеушілігі, жұмыссыздық, кәсіпкерлікті дамыту сияқты әлеуметтік мәселелер болса, екіншісі – жастардың рухани, мәдени дамуына, саламатты өмір салтын ұстануына қатысты құндылықтар. Мұның біріншісін үлкен қаржы бөліп, мемлекет тарапынан қолдау көрсетіп біржақты етуге болар, ал екіншісінің түйінін қалай шешпекпіз? Мені кейінгі буынның тәрбие мәселесі қатты алаңдатады.

Жастық шақ – адамның бойында күші тасып тұратын, жемісті еңбек ете­тін ең белсенді кезеңі. Жыл сайын арман қуған қаншама ұлымыз бен қызымыз ересек өмірдің баспал­дағын аттайды. Осындай кезде жұ­мыста тәжірибесі аз, жиған-тер­ген капиталы жоқ жандарға оңай болмасы анық. Табысты адамдар­дың ешқайсысы бірден биікке көте­ріліп кетпеген. Басымыздағы бақыт баянды болсын десек, ол үшін аян­бай еңбек етіп, маңдай теріміздің жемісін бергенін күте білуіміз керек. Өкінішке қарай, бүгінгі жастардың көбі осыны түсінбейді. Олардың бәрі оқуды аяқтай сала табысты жұмыс­қа тұрып, қымбат көлік мініп, зәулім үйде тұрғылары келеді. Бұл бір жа­ғынан өмір дейтін мектептің есігін аш­қан ұл-қыздардың аңғалдығы бол­са, екінші жағынан еріншектіктің белгісі. Біз қала­ған дүниемізге тек еңбекпен ғана қол жеткізе аламыз. Ал қалғанының бәрі жалған немесе уақытша болып шықпақ. Өмірдің шындығы – осы. Жас­тардың ертегідегідей өмірді арман­дамас бұрын жұмыс істеп, еңбекпен шыңдалғандары жөн.

Жастарымыздың бойындағы бұл аңғалдықты қазіргі алаяқтар да өз пайдасына жаратып жүр. “Салған ақшаны екі есе қайтаратын”, “төмен пайызбен несие беретін” тағы сон­дай неше түрлі тиімді ұсыныстар ай­татын арам пиғылдылар көп адам­ды құрығына түсіруде. Құмар ойын­ға құнығып, бәс тігіп бай боламын деп басына бәле тауып алғандар қаншама. Қаржылық пирамидалардың жалт-жұлт еткен жарнамасына еріп кететіндер де кейінгі буын өкілдері екен. Егер біз оларды еңбекке бау­лып, қандай дүниенің болсын аспан­нан түсе салмайтынын ұғындыра алғанымызда мұндай жағдай орын алмас еді.

Еліне жаны ашитын жас ешқа­шан еңбектен қашып, оңай олжа іздемейді. Керісінше Отанымыздың дамуына үлес қосатын мүмкіндік іздеп, күш-қуаты мен білімін сол жол­ға жұмсайды. Сөйткен адамға тіле­ген нәрсесі өзі-ақ келеді. Сондықтан да бүгінгі буынға шетелдің жұлдыз­дары мен байшыкештері емес, ұзақ жылғы жұмысының жемісін көрген еңбек адамдары үлгі болуы керек. Сонда ғана елдің тұтқасын өскелең ұрпақтың қолына сеніп тапсыра аламыз.

Еңбекке бой үйретудің орнына, жеңіл жолмен ақша табуды көзде­ген­дердің ертеңі де бұлыңғыр. Он­дайлардың арасында алаяқтардың құрбаны болғандардан бөлек, өзде­рі де басқаны алдауды кәсіп еткен­дер көбейіп келеді. Өкінішке қарай, қазір тыйым салынған заттарды сатып, өзгелердің атына несие рәсімдеп, интернет-алаяқтықпен айналысып ұсталғандардың арасында жастар көп. Бұл да балаларымыздың бойын­дағы еріншектікпен қоғам бо­лып күресе алмай отырғанымыздың үлкен зардабы.

Бәріне оңай қол жеткізуге бола­ды деген жалған сенім мен жал­қаулық жастарымыздың жігерін құм етіп, айналадағы құбылыстарға жеңіл қарауға итермелеуде. Ең қиы­ны – оңай жолмен табысты боламын деп, жұмыс істегісі келмейтіндердің көбі осы ісінен сабақ алмайды. Маң­дайы тасқа соғылса да, тәубесіне келіп, екі қолға бір күрек іздеуге асықпайды. Керісінше өмір заңын түсінбей, тағдырынан баз кешіп кетеді. Мұндайлардың өзіне-өзі қол салуы да ғажап емес. Бүгінде жастар арасындағы суицид бойынша өзге елдерден алда тұрғанымыз осының дәлелі. Ұл-қыздарымызды дұ­рыс жолға бағыттап, еңбектің құн­дылығын түсіндіріп, тәрбиеміздегі олқылықтың орнын толтырсақ қана осындай жайттардың алдын ала аламыз.

Бұдан шығатын басты қорытын­ды – жастардың бойындағы басты кесел жалқаулық пен жігерсіздік. Хәкім Абай қарасөзінде әрбір жал­қаудың қайратсыз, қайратсыздың мақтаншақ, мақтаншақтың ақылсыз, надан, ақылсыз, наданның арсыз, арсыздың сұрамсақ, тойымсыз, өнер­сіз келетінін жазған. Осыдан-ақ жалқаулық дейтін кесір әдеттің қаншама мәселенің себебі екенін аңғаруға болады.

Айнал КЕРІМБЕКОВА,

Петропавл қаласының тұрғыны.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp