Емханаға тіркеу ережелері

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

15 қыркүйектен бастап алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін ұйымдарға еркін тіркелу бойынша жыл сайынғы науқан басталады. Биыл еңбек мигранттары – шетелдіктерді емханаға тіркеу ережелері өзгерді. Енді олар емханаға келісімшартпен немесе ерікті медициналық сақтандырумен, сондай-ақ жүктелген медициналық сақтандыру шартымен барулары керек. Жаңа ережелер үстіміздегі жылдың 14 тамызында күшіне енді.

Еңбек заңнамасы және “Халық денсаулығы мен денсаулық сақтау жүйесі туралы” кодекске енгізілген өзгерістерге байланысты емханаларға тіркелу мен иммигранттарға медициналық көмек көрсету ережелері өзгерді. Бұйрықтарға енгізілген өзгерістер тек ЕАЭО-ға мүше елдердің (РФ, Беларусь, Қырғызстан, Армения) бірінің азаматтығы бар, Қазақстанда уақытша тұратын шетелдіктерге – еңбек мигранттарына және олардың отбасы мүшелеріне (балалары мен жұбайларына) қатысты.

Жаңа қағидаларға сәйкес, бұл шетелдіктер емханаға ерікті медициналық шарт (ЕМС) немесе алғашқы медициналық-санитарлық және шұғыл стационарлық көмекке жүктелген медициналық сақтандыру шарты (ЖМС) негізінде тіркеледі. Кейін шарт жасасқан мерзімі өткен жағдайда медициналық ұйымнан автоматты түрде шығарылады.

Емханаға тіркелу үшін оның басшысының атына қазақ немесе орыс тілінде еркін түрде өтініш жазу қажет. Өтінішпен бірге жеке басын куәландыратын құжатты (немесе шетелдік паспортты), ЕМС немесе ЖМС шартын тапсырады. Олардың заңды өкілі өтініш берсе, отбасы мүшелерінің келісімі қоса берілуі керек. Өтініш беруші медициналық ұйымға өзі жүгіне алады немесе оны сақтандыру компаниясы жасайды. Тіркелуге болатын емханалардың тізімі шарттың қосымшасында (ЕМС немесе ЖМС) көрсетілуі тиіс.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен шартқа отырған алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін медициналық ұйымдарға тіркелуге болатынын айта кеткен жөн.

ЕАЭО шартында шетелдіктердің денсаулық сақтау саласындағы құқығы ғана емес, міндеттері де жазылған. Олардың қатарына ауруларды ерте анықтау үшін профилактикалық скринингтерден уақтылы өту, әйелдерді жүктілік бойынша уақтылы есепке қою (12 аптаға дейін), созылмалы және әлеуметтік маңызы бар ауруларды динамикалық байқау және т.б. кіреді. Сондай-ақ Қазақстанда уақытша тұратын шетелдіктер айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулар кезінде көрсетілетін медициналық көмекті қоспағанда, республикада тұрақты тұратындарға ғана көрсетілетін тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) шеңберінде медициналық көмек ала алмайды.

Еліміздің азаматтары, қандастар және Қазақстан аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер үшін емханаға тіркелу тәртібі өзгеріссіз қалады. Қордың “www.fms.kz” сайтындағы “Емхананы таңдау” бөлімінде тіркелуге болатын емханалар тізімімен танысуға болады.

Қарлығаш ІЛИЯСОВА,

“Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры” облыстық филиалының баспасөз хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp