«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЙТА ЖАҢҒЫРҒАН ЖАСТАР КҮНІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі биылдан бастап 12-ші тамызды жастар күні етіп бекітті. Бұл күні елімізден бөлек әлем жұртшылығы халықаралық жастар күнін атап өтеді. Көп жылдан бері атаусыз қалған мереке биыл қайта жанданып, еліміздің әр өңірінде фестивальдер, концерттер, жәрмеңкелер, қайырымдылық шаралары ұйымдастырылды. Осылайша жастар күнін атап өту бір аптаға жалғасты.

Өңір жастары республикалық ап­талыққа қатысып, бірқатар игі істер­ге ұйытқы болды. Жастар апталығы өңірдегі қайырымдылық ұйымдары мен жастар ресурстық орталықтары қатысқан “12 игі іс” атты акциямен басталды. Оның аясында белсен­ділер облыс орталығындағы қарт адамдарға көмек көрсетіп, жануар­ларға арналған орынға жәрдем бер­ді. 300 жануарға шақталған “Белый бим” қабылдау орны бүгінде лық то­лы. Мұндағы қызметкерлер ерік­т­і жастарды қуана қарсы алып, ал­ғыстарын білдірді. Еріктілер иесіз ит пен мысықтарға арнап азық ала келіпті.

Апталық аясында қаланың орта­лық алаңында ақпараттық акция өтіп, жастарды толғандырып жүрген сұрақтарға жауап берілді.

– Ел дамуындағы қозғаушы күш – жастар. 12 тамыздың жастар күні ретінде белгіленуі еліміздің жастар саясатына ерекше мән беріп отыр­ға­нын көрсетеді. Осыған орай біздің өңірде де бірқатар шаралар өтуде. Мысалы, бұл акцияда біз жас тұр­ғындарға мемлекеттік бағдарлама­лар туралы ақпарат беріп, жұмыс табу, кәсіп бастау, баспаналы болу­дың жолдарын көрсеттік, – дейді қо­ғамдық даму орталығының жастар бас­тамалары бөлімінің басшысы Анастасия Волкова.

Әлеуметтік шаралардан бөлек, жастар апталығында мәдени, спорт­тық, интеллектуалдық сайыстар да ұйымдастырылды. Белсенділер Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, ақын өлеңдерін оқыды, хәкімнің атымен аталған көшенің бойында флешмоб өткізді. Ал арт-орталықта білгірлердің басы қосы­лып, интеллектуалдық ойынның көрігі қызды. Спортсүйер жастар үшін фут­болдан турнир өтіп, командалар өза­ра мықтыны анықтады. “Amanat” пар­тиясы “Жастар рухы” жастар қана­тының облыстық филиалында да жас­тар күні аталып өтіп, жастар саясатына өзіндік үлесін қосып жүр­ген белсенділер марапатталды. Жас­тар апталығына орай концерттер мен ірі шаралар өтпесе де, белсенділер мен еріктілер өздері бас қосып, игі істерді жүзеге асыра білді. Жастар ұйымдары мен ре­сурс­тық орталықтар да бірлесіп, ме­рекенің барынша пайдалы әрі қы­зықты өтуіне атсалысты.

– Өңірде екі қолға бір күрек тап­пай, аяққа тұра алмай жүрген өрен­дер қаншама. Біздің жұмысымыз­дың бір бағыты – осындай санаттағы жастарға көмек беру. Ал мерекеге орай жарияланған жастар апталығы осы жұмысымызға қарқын қосты. Біз бір апта бойы қайырымдылық акция­ларын, қызықты сайыстарды, ке­ңес беру шараларын ұйымдастыр­дық. Осы істердің бәріне қолдау біл­діріп, жастар апталығының өз дең­гейінде өтуіне үлес қосқан түрлі ұйым өкілдері мен белсенді қатар­лас­тарыма алғыс айтамын, – дейді қалалық жастар ресурстық орталы­ғы­ның директоры Дамир Абдин.

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp