«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Озық технологияға — кең өріс

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында,  цифрландыру сәнге айналған үрдіске ілесу емес, ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі құралы екеніне баса назар аударып, цифрлы теңсіздікті жоюдың, барлық азаматты интернетпен және сапалы байланыспен қамтамасыз етудің артықшылықтарын айтқан болатын. Мемлекет басшысы мекемеаралық байланыста да, азаматтармен қарым-қатынас кезінде де қағазбастылықтан барынша бас тартып, ең қажетті анықтамалардың қағаз түрінде талап етілуін тоқтатып, мәліметті цифрлық түрде растау тәсіліне басымдық беруді тапсырды. “Цифрлық Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасының негізгі мазмұны озық технологияларды кеңінен қолдана отырып, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға негізделген. Орталықтандырылған қашықтан басқару, мобильдік байланыстар, онлайн жүйелер, электрондық сервистер, тағы басқалары цифрландырудың озық үлгілері саналады.

Барлық саланы цифрландыру үрдісі дендеп енген бүгінгі қоғамда мемлекеттік қызметтер мынадай негізгі қағидаттар негізінде көрсетіледі: қызмет алушыларға тең жағдай жасау, бюрократия мен әуре-сарсаң көріністеріне жол бермеу, есептілік және ашықтық, сапасы мен қолжетімділігі,  қызмет көрсету процесін үнемі жетілдіру, үнемділік пен тиімділік. 2022 жылы 15 шілдеде азаматтар мен бизнес үшін қолайлы және қауіпсіз цифрлық орта құруға, мемлекеттік қызметтер мен цифрлық сервистердің қолжетімділігін арттыруға, Цифрлық мемлекеттік аппаратты қайта жүктеуге бағытталған “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне инновацияларды ынталандыру, цифрландыру мен ақпараттық қауіпсіздікті дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заңы қабылданып, үш тұжырымдамалық тәсіл енгізілді. Олар – мемлекеттік басқарудың цифрлық трансформациясы, деректерді басқару жүйесін институционализациялау, электрондық құжаттардың баламалылығын қамтамасыз ету және қолдану аясын кеңейту. Бұдан бөлек, электрондық құжаттардың үлесін арттыру, оны қолдануға кедергі келтіретін қайшылықтар мен әртүрлі оқылықтарды жою, цифрлық құжаттар сервисін қолдану аясын кеңейту қарастырылған. Осылайша азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу бойынша куәліктердің (туу, неке қию және бұзу және т.б.) электрондық форматқа ауыстырылуы азаматтар үшін ыңғайлы болмақ. Өйткені мемлекеттік органға жеке келу қажеттілігі алынып тасталады, осыған орай кез келген  уақытта QR-коды бар электрондық нұсқасын басып шығара немесе ұсына алады. Құжат жоғалған жағдайда төлнұсқаны алу үшін өтініш жасау талабы да жойылады. Алайда азаматтың өз қалауы бойынша елден тыс жерге барған жағдайда құжатты қағаз түрінде алу мүмкіндігі сақталады. Халыққа қызмет көрсету орталығынан (ХҚКО) да, азаматтық хал актілерін толтыру (АХАТ) мекемесінен де кез келген дерек іркіліссіз ұсынылады. АХАТ-қа электрондық жүйе шеңберінде “аумақтан тыс қағидаты” енгізілді. Осы заңның негізінде биыл бірінші шілдеден бастап азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу жөніндегі құзырет “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы” КЕАҚ-ға берілді. Әділет органдары азаматтық хал актілерін тіркеуді нормативтік реттеу, әдіснамалық қамтамасыз ету және бақылау өкілеттігімен айналысады. Цифрлық қызметтер тұрғылықты жеріне қарамастан әрбір азамат үшін қолжетімді .

Қазақстан аумағында “Цифрлық ипотека” жұмыс істейді. Оның қызметіне жүгінушілер ішінара блокчейн технологиясын қолдану арқылы құрылыс салушылардың сайтында пәтерлерді таңдап, бірден ипотекалық қарызды рәсімдей алады. Нәтижесінде жылжымайтын мүлікті үш күн ішінде сатып алуға және кепілге қоюға болады. Сондай-ақ, бірыңғай нотариалдық ақпараттық жүйе арқылы жіберілетін жылжымайтын мүлікке қатысты құқықтарды тіркеу мерзімі үш күннен бір күнге дейін, жеделдетілген тіркеу бір күннен 3 сағатқа дейін қысқарды. Мәміле жасалғаннан кейін жылжымайтын мүліктің құқық иесінің жеке кабинетіне меншік құқығын мемлекеттік тіркеу туралы хабарлама түседі. ХҚКО-ға бармай-ақ “Egov” порталы арқылы жылжымайтын мүлікке техникалық паспорт рәсімдеу құқығы да қарастырылған. Мемлекеттік қызметтерді электрондық форматқа көшіру азаматтардың уақыт және қаржылық шығындарын елеулі түрде азайтады.

Портал арқылы бір мезгілде ЖШС үшін мемлекеттік тіркеуге өтінім беруге, банктік шот ашуға болады. Бірақ ЖШС-ны онлайн-тіркеуге құрылтайшыға электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) қажет. Бірнеше құрылтайшы болса, олардың әрқайсысында ЭЦҚ кілті болуы керек. Және де құрылтайшылардың, ЖШС-ның болашақ басшысының және салық қызметінің базасында тіркелген жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) тексеріледі. ЖСН базада болмаса, оны енгізу үшін салық органына жүгінуге тура келеді.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің “Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізілімін бекіту туралы” бұйрығымен заңды тұлғаның, филиалдар мен өкілдіктердің атауын өзгертуге қатысты жаңа мемлекеттік қызмет биылдан бастап қолданысқа енгізілді. Оған электрондық үкімет порталы арқылы өтініш беру қарастырылған, заңды тұлғалар үшін мемлекеттік деректер базасының бизнес процестері ішінара автоматтандырылған. Заңды тұлғаларды онлайн-түзету екі жағдайда жүргізіледі: біріншісі, заңды тұлғаның атауын, екіншісі, заңды тұлғаның заңды мекенжайын түзету.

Азаматтардың мемлекеттік органдарға және жалпы мемлекетке деген сенім деңгейі халыққа қызмет көрсету сапасына тікелей байланысты. Осы саладағы негізгі бағыттардың бірі сыбайлас жемқорлыққа қарсы ымырасыз күресті күшейту болып табылады.

Серік ЕСІЛБАЕВ,

облыстық әділет департаменті коммерциялық емес ұйымдарды тіркеу және тіркеу қызметі саласын бақылау бөлімінің басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp