Өз жұмысын бастағалы бері балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық даму орталығына айналған Оқушылар сарайы жаз уақытында да жұмыс қарқынын бәсеңдеткен жоқ. Білім ордасында биыл да дәстүрге сай жазғы академия жұмыс істеп, онда жүздеген ұл-қыз өз қабілеттерін дамытып, дарындарын шыңдады.
Әр бала – жеке тұлға. Сондықтан да біз әр оқушының ой-пікіріне, ұстанымына талдау жасап, оның қабілетін анықтаймыз, бейімі бойынша дамытуға тырысамыз. Бізге келушілердің дені кішкентайлар болғандықтан сабақтарымыздың көбі ойын, квест түрінде өтеді. Осылайша баланың көңілін көтере отырып қызығушылығын өзімізге аударуға тырысамыз. Жастайынан білімге құштар болып, ғылыми жаңалықтарға, өнер құдіретіне қанып өскен оқушылар кейін өздері де осы салада топ жарып шығарына сенеміз.
Оқушылар сарайының қабырғасындағы жазғы академияның төрт маусымы мәресіне жетті. Алдағы уақытта “Дарын Life” академиясына келушілер өздерін түрлі өнер саласында сынап, шығармашылық байқауларда сайысқа түспек. Оларға Оқушылар сарайының білікті мамандары жетекшілік етеді. “Дарын Life” академиясының ашылуына орай көңілді концерт ұйымдастырылды. Келушілер топқа бөлініп, бір-бірімен танысты. Абай күніне орай өткен поэзия кешінде ақынның өлеңдері оқылып, ән айтылып, күй тартылды. Биге бейім жастардың жұлдызын жағу мақсатында “Стар тинейджер” би алаңы да ұйымдастырылды. Сонымен қатар алдағы уақытта “Дарын Life” академиясының аясында музыкалық байқау, квест-ойындар, поэзия сағаттары, театр қойылымдары өтіп, келушілер шығармашылық шеберханада түрлі бұйымдар жасап көрмек. Жазғы академияның бесінші маусымында 105 жеткіншек тәлім алуда.
Оқушылар сарайы – балғындардың жан-жақты дамуына жағдай жасалған бірден-бір орталық. Мұнда оқушылар тек білім мен ғылымға ғана бойлап қоймай, өз өнерлерін де дамытып, көпке таныла алады. Енді ғана жұмысын бастап отырған “Дарын Life” академиясының да мақсаты осы. Аталған академия білім ордасының осы жаздағы қорытынды маусымы болмақ.
Ақжол ТУСУПОВ,
Оқушылар сарайының көркемдік-эстетикалық бағыт бөлімінің меңгерушісі.