Тәуелсіздік таңы арайлап атқаннан бері Қызылжар өңірінің киелі топырағынан түлеп ұшып ел тарихында өшпес із қалдырған ірі тұлғалар туралы жазылған кесек туындылар аз емес. Солардың арасында тарих ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының құрметті академигі Өмірзақ Озғанбайдың жақында ғана оқырманға жол тартқан “Барлыбаевтар ақиқаты” атты еңбегі тақырып ауқымының кеңдігімен, автордың ой-толғамының тереңдігімен ерекшеленеді.
Туындының арқауы Ашамайлы Керейдің Көшебе тармағынан тарайтын Барлыбай әулетінің қилы тағдырына негізделгенмен, қаламгер есімі ел ауызындағы белгілі кәсіпкер Нағашыбай Барлыбаевтың арғы атасы Әлти қажының Кеңес өкіметі орнағаннан кейінгі бастан өткерген тауқыметін ғана емес, сол кезеңдегі Алашорда қайраткерлерінің, қуғын-сүргін жылдарында қудалауға ұшыраған қазақтың бетке ұстар азаматтарының ауыр өмір соқпақтарын да мұрағат деректері негізінде баяндайды. Басқаша айтсақ, Өмірзақ Озғанбай көлемі салыстырмалы түрде шағын еңбегінде тарихымыздың тұтас бір айшықты кезеңін қамтыған.
Қызылжар өңірінде байлығымен ғана емес, ел-жұртқа қамқорлығымен аты шыққан тарихи тұлға Әлти Көкенұлының, оның ізін жалғастырып келе жатқан бүгінгі ұрпағы “Арқалық” шаруа қожалығының басшысы Нағашыбай Барлыбаевтың да өнегелі жолдарын “Асыл мұра” қоғамдық мәдени орталығының зерттеушілері марқұм Қайролла Мұқанов, Социал Жұмабаевтан бастап бүгінге дейінгі тарихшылар мен өлкетанушылар көпшілікке баяндаған. Сондықтан бұрынғы жазылғандарды қайталап, көпке мәлім сүрлеумен жүруді қаламаған Өмірзақ Озғанбай ағамыз кәсіби тарихшыларға тән мұқияттылықпен тарихи құжаттарды екшелей отырып, сол кездегі ұлт зиялыларының қуғынға ұшырауының себеп-салдарына тереңірек үңіледі де Кеңес өкіметі кезінен қалыптасып қалған біржақты көзқарастан қоғамды арылтуға ұмтылады.
Көпшілікке мәлім, жазушы Сәбит Мұқанов өзінің “Өмір мектебі” шығармасында Қызылжар өңіріндегі Алаш қайраткерлерінің іс-әрекеттері, Әлти Көкенұлының өз ауылында алашордашылардың мыңдаған халық қатысқан жиынын өткізуі сол кездегі кеңестік идеология ықпалымен таптық тұрғыдан баяндалады. Мұндай саяси шарасыздық кеңес дәуіріндегі идеологиялық бұғауды үзе алмай, “Ақан Сері-Ақтоқтыда” қазақ халқының рухани жолбасшысы, отаршылдыққа қарсы бас көтерген Науан хазіретті сол кездегі партия сызып берген үлгімен дүмше молда, керітартпа діншіл, Ақан серінің жауы етіп бейнелеуінен де байқаймыз. Кеңес заманында сіңірі шыққан кедейді қанаған бай деп дүние-мүлкі тәркіленіп, парықсыз тобырдың талапайына түскен Әлти қажы – бүгінгі тілмен айтқанда іскерлігімен, ақыл-парасатымен шаруасын дөңгелетіп, жұртына шапағатын тигізген кәсіпкер.
Бірақ ағысқа қарсы жүзгендерді тұңғиығына батырып, дауысын да шығармай, ізін де қалдырмай жұтып жіберетін тоталитарлық жүйе қапасына қамалған зиялылардың озбыр билік нұсқаған жолмен жүруден басқа лажы бар ма еді? Бүгінгі күн тұрғысынан қарасақ мұндай рухани лажсыздықты әр қырынан бағалауға болады. Бірақ тарих бетіндегі ақтаңдақты жойып, өткеннен сабақ алу, бірегей тұлғаларымыздың халық алдындағы қызметін тым әсірелеп асырмай, көлеңкелі тұстарын, әр пендеде кездесе беретін шалыс басқан қадамдарын жасырмай, тарихымызды таза параққа жазу үшін ақиқат айтылуы тиіс. Бұл келер ұрпақты боямасыз, қоспасыз таза бұлақтан сусындату үшін қажет.
Кеңес идеологиясының салқыны әлі де сейілмей тұрған қазіргі заманда ақиқатқа бойлап ой толғауға елге сыйлы, ой-өрісі кең, ғылыми еңбектерімен Америка Құрама Штаттарының зиялы қауымына танымал болып, Техас штатының құрметті азаматы мәртебесіне ие болған республикалық ардагерлер ұйымы Орталық кеңесі төрағасының орынбасары Өмірзақ Озғанбай сынды дарабоздардың ғана батылы жететін болар. Әркім “мен ұлтшылмын” деп кеудесін керетін мына заманда жалған ұран мен шын сөздің ара жігін ажырата білу де халқын сүйетіндердің қолынан келетін іс. “Барлыбаевтар ақиқаты” кітабының алғысөзінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық “Алаш” әдеби сыйлығының иегері, филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негімовтің білікті тарихшы Өмірзақ Озғанбайды “ұлт руханиятының жанашыры”, – деп аз сөзге биіктік пен ірілікті сыйғызып сипаттауы лайықты берілген баға дер едім.
Өмірзақ ағамен ол Қызылжар өңіріне Алаш арыстарына арналған халықаралық деңгейде өткен мерейтойлық жиында, одан соң облыстық ардагерлер кеңесінде кездесудің сәті түскен еді. Аз ғана сұқбаттасқаннан-ақ сыртқы бітім-тұлғасынан мәдениеттіліктің, сезімталдық пен жылылықтың лебі есіп тұратын осы жанның бойында нағыз ғалымға тән қарапайымдылықтың дариядай кең парасаттылықпен ұштасып жатқанын байқап тәнті болып едім.
Айналасына шуақ төгіп тұратын білімділерге ғылым жолындағы адамдар жақын келеді ғой. Өскелең ұрпақтың рухани азығына, білім қайнарына айналар бұл еңбектің жарыққа шығуына Солтүстік Қазақстан облысы мұрағатының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Сәуле Мәлікова зор үлес қосқан екен. Сондай ақ Алаш тарихын көп жылдардан бері зерттеп жүрген Зарқын Тайшыбай, Гүлнар Мұқанова, Аманжол Күзембаев, Сабыр Қасымовтың да еңбегін атап өткен жөн.
Автор осы уақытқа дейін назардан тыс қалып келген Қызылжар өңірінің шынайы тарихын зерттеуде атқарылар істер әлі де көп, бұл ғалымдардың жаңа толқынына ерекше жауапкершілік жүктейді деген ой түйіндейді.
Марат ЕРМҰҚАНОВ,
Қазақстанның құрметті журналисі.