Химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 59 түлегі (барлық оқушылардың 95 пайызы) грант иегері атанды. Олар алдағы уақытта отандық және шетелдік жоғары оқу орындарында білімдерін шыңдамақ. Оның ішінде 12 түлек Жапония, Гонконг, Италия, Малайзия, Венгрия және Чехияның жетекші жоғары оқу орындарынан шақырту алды.
Камила Бекқожина мектеп тарихында алғаш рет Токио халықаралық университетінің (TIU) грантын иеленді. Олжас Құсайын Азиядағы ең үздік жоғары оқу орындарының бірі – Гонконгтағы қалалық университеттің шәкіртақысын жеңіп алды.
“16 түлегіміз Назарбаев университетінің гранттарын еншіледі. 31 оқушымыз (52%) басқа отандық ЖОО-да оқуын жалғастырады. Оның ішінде 30 бала мемлекеттік грант ұтып алды. Сүлейман Демирель атындағы жоғары оқу орны, М.Нәрікбаев атындағы Қазақ мемлекеттік заң, С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина, Астана IT университеттерінде оқиды”, – дейді химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Данияр Уәлиев.
Түлектердің басым бөлігі (37,2%) инженерлік-техникалық, 15 пайызы медицина саласына қызығушылық танытқан.
Гүлмира ШОҚТЫБАЕВА,
Назарбаев зияткерлік мектебінің баспасөз хатшысы.