Өңірімізде биыл қызылшаның зертханалық расталған 12 жағдайы тіркелді.
Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Арман Күшбасовтың айтуынша, Петропавлда – 8, Мағжан Жұмабаев ауданында – 2, Аққайың және Жамбыл аудандарында бір жағдай орын алған.
“Қызылшамен ауырғандардың үшеуі инфекцияны БАӘ, Ресей және Қырғызстан елдерінде демалып, сол мемлекеттерден жұқтырып келген. Сырқаттанғандардың арасында вакцина салдырмаған 14 жасқа дейінгі екі бала бар. Жалпы анықталған жағдайлардың 50 пайызында азаматтар екпе алудан бас тартқан”, – дейді Арман Күшбасов.
Өңірімізде қызылшамен ауырғандардың жетеуі – 14 жасқа дейінгі бала. Екі адам 15-19 және 20-29 жастағы топқа жатса, қалған бір сырқат 40 жастан асқан. “Ауырғандардың тең жартысы қызылшаға қарсы вакцина алмаған. Мамандар қызылшаның өте жұқпалы ауыр вирустық инфекция екенін айтады. Ол ауа арқылы таралады. Бұл дерт көбінесе бес жасқа дейінгі балаларда немесе 30 жастан асқан ересектерде ауыр өтеді. Салдары соқырлық, энцефалит – мидың ісінуі, ауыр диарея және онымен байланысты дегидратация, құлақ ауруы және пневмония сияқты дерттерге соқтыруы мүмкін. Қызылшаны жұқтырған жағдайда бетте бөртпе пайда болып, температура жоғарылайды, көз іріндеп, жөтел, ауызда ақ дақтар пайда болады.
Аманжол ЗАҒЫПАР,
“Soltüstık Qazaqstan”.