«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қызметте қырағы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

1992 жылдың 18 тамызында Президент Жарлығымен Қазақстан Республикасының шекара әскері құрылды. Ал шекарашылар күні кәсіби мереке ретінде 2012 жылдан бері аталып келеді. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі – елдің мемлекеттік шекарасын күзетуге арналған арнайы қызмет. Қазақстандық шекарашылар еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігін қалт жібермей қорғауда. Солардың бірі – Арнұр Әмірғалиев.

Кейіпкерімізге Мағжан Жұмабаев ауданындағы Баян Батыр шекара бөлімшесін басқару міндеті өткен жылдың қазан айынан бастап жүктелген. Былтыр Арнұр Нұрмағанбетұлы өңірдегі жиырмадан астам шекара бөлімшесі бастықарының ішінен топ жарып, облыстың үздік шекара бөлімшесінің бастығы атанды. Бұл байқауда бөлімшедегі ішкі тәртіптен бастап, шекара бұзуға әрекет жасап жатқандарды анықтап, ұстауға дейінгі барлық көрсеткіштер ескерілген.

“Мен Алматы облысы Алакөл ауданы Жайпақ ауылында дүниеге келдім. 2014 жылы туған ауылымдағы Мұқан Төлебаев атындағы орта мектепті бітіріп, сол жылы Алматы қаласындағы шекара қызметі академиясына оқуға түстім, осылайша шекарашы мамандығын алып шықтым. Туған жерін сүймейтін адам жоқ, әркім қолынан келгенше Отанына қызмет еткісі келеді. Ал мен болсам байтақ жерімізді, туған елімізді қорғайтын шекарашы болсам дедім. Қазыбек бидің “Жерінің шетін жау баспасын деп найзаға үкі таққан” деген сөзі бар, шекарашы болу үшін ең алдымен патриот болу қажет. Сондай-ақ шыдамдылық, қайсарлық адам бойында болғаны жөн. Ел сенімін, үмітін толық ақтау үшін алдыңғы шепте кең-байтақ еліміздің шекарасын күзетіп жүрміз”, – дейді Арнұр Әмірғалиев.

Баян Батыр шекара бөлімшесінің қызметкерлері биыл мемлекеттік шекараны бұзбақ болған 14 адамды қолға түсірді. Олар көрші мемлекетке заңсыз өтіп, жақсы жұмысқа орналасуды, қаражат табуды көздеген. Енді бірі туыстарына бармақ болған екен.

“Өңірімізде Ресейде бала-шағасы, ағайын-туыстары бар жандар аз емес. Олардың бірқатары заң бойынша тыйым салынуына байланысты негізгі бекеттен өте алмайды. Кейбірінің қарызы бар, енді бірі қылмыстық жауапкершілікке тартылған дегендей. Міне осындайлар заңсыз өтуге әрекет жасайды. Мысалы, биыл қолға түскендердің бесеуі – еліміздің, екеуі – өзбек елінің азаматы болып шықты. Олар Ресейге өтіп, құрылысшы болып жұмыс істемек болған. Оларды ұстап, мемлекеттік шекара режімін бұзғаны үшін “Мемлекеттік шекара” туралы заңның 514 бабына сәйкес айыппұл салдық. Мемлекеттік шекараны бұзушылар өздерімен бірге әкеле жатқан заттарын, темекі қалдықтарын, ішкен сусындарының бос ыдыстарын қалдырып кетеді. Оларды осы заттары арқылы табуға болады. Иісшіл, үйретілген иттеріміз заңды белден басқандарды алысқа ұзатпай тауып алады”, – дейді шекарашы.

Отан тыныштығын күзету жолында еңбек етіп жүрген Арнұр Нұрмағанбетұлы осы уақытқа дейін 30-ға жуық шекара бұзушыны қолға түсірген. Оның айтуынша, шекараны бұзушылар түрлі айла-тәсілдерге барады. Шекара сызығы бойында із бақылау жолағы болады екен. Мамандар оны шекарадан заңсыз өтушінің ізін көру үшін трактормен жыртып қояды. “Сол ізді жою үшін сыпыртқымен сыпыратындар не болмаса жылқының, сиырдың ізін салып кететіндер де аз кездеспейді. Енді бірі ұзын таяқты жерге қадап, одан секіріп өтуге тырысады”, – дейді шекарашы.

Жалпы күш құрылымында жұмыс істейтіндер міндетті түрде спортқа жақын болуы тиіс. Өйткені қылмыскерлермен бетпе-бет келетін кездер жиі орын алып тұрады екен. Сондықтан шекарашыға жақсы физикалық дайындықтың берері көп. “Академияда оқып жүргенде қоян-қолтық ұрыстан чемпион атандым. “Отан үшін отқа түс – күймейсің”, – деген екен қазақтың батыр ұлдарының бірі Бауыржан Момышұлы. Кең-байтақ жерімізді батыр бабаларымыз бізге аманат етті. Менің шекарашы ретіндегі міндетім – ел шекарасын қырағылықпен, абыроймен күзету”, – дейді Арнұр Әмірғалиев.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp